Қатерлі дерттің өршу фактілері бойынша Алматы облысы «қызыл аймаққа» еніп, санитарлық сақтану талаптары күшейтілді. 27 шілде күнгі Талғар ауданындағы бойынша эпиджағдайға қатысты деректерге көз жүгіртер болсақ, бір тәулікте 67 адам індеттің ілмегіне іліккен. Олардың барлығында дерлік ауру белгілері байқалған. Қатерлі дертті жұқтырғандар амбулаториялық ем қабылдап жатыр. Айта кету керек, КВИ анықталған науқастардың 31-і сауда және ойын-сауық орталықтарында, базарлар мен дүкендерде жұқтырған сыңайлы, 9-ы түрлі басқосулар мен той-томалақта, 8 адам науқас жандармен қарым-қатынаста болған.
Аудан аумағында эпидемиологиялық бақылауды күшейту негізінде 2020 жылдан бастап 72289 адамнан ПТР сынамалары алынып, нәтижесінде 3901 адамнан ковид анықталған. Оның ішінде 2884 науқаста ауру белгілері бар болған, ал 1027-і симптомсыз сырқаттар. Бүгінгі таңда Талғар аудандық провизорлық стационарларында барлығы 295 науқас пневмония және тұмау (ОРВИ) диагнозымен ем қабылдауда, оның ішінде аудандық орталық ауруханада 191 науқас, Панфилов ауылындағы ауылдық ауруханада 104 адам емделуде.
Соңғы деректер бойынша, коронавирус инфекциясын жұқтырған 245 науқас амбулаториялық ем қабылдауда, 740 адам үй карантинінде.
Ауданда 17 мобильді топ жұмыс істейді. Ауруханаларда 150 оттегі баллоны, 70 оттегі концентраторлары, 123 оттегі көздері, 31 өкпені жасанды желдетін (ИВЛ) аппараты, сонымен қатар екі айлық мерзімге жететін дәрі-дәрмек қоры қамтылған. Аудандық ауруханада 27 автотоңазытқыштар (белсенді термоконтейнерлер), вакциналарды сақтайтын арнайы 4 дана мұздатқыш құрал-жабдық жұмыс жасап тұр.
«Сақтықтансаң-сақтайды» деп тегін айтылмаған. Ең алдымен әрбір адам санитарлық сақтық шараларын қатаң ұстануы керек. Ең бастысы, вирустан қорғану үшін вакцинациялау арқылы ұжымдық имунитет қалыптастырудың маңызы зор. Бүгінгі таңда аудан бойынша 23 егу пункті жұмыс жасауда. 28 шілде күнгі деректер бойынша барлығы 39715 вакцина жеткізілді. Оның 37710-ы егілді. Тарқатып айтар болсақ, «Спутник V» вакцинасының 34815 бірінші компоненті жеткізіліп, бүгінгі таңда 32812 адам екпе алып үлгерді. Одан кейінгі келіп түскен 32300 дана екінші компонентін 18616 адам қабылдады. «Hayat-Vax»вакцинасының 2200 бірінші компоненті толықтай егілді, екінші компонентінің 2111 данасы қолданылды. «Короновак» вакцинасының 2400 бірінші компоненті жеткізіліп, онымен 2398 адамға екпе жүргізілсе, кейіннен келіп түскен 2400 дана екінші компонентін 2021 адам алды. «QazVac» вакцинасының 300 дана бірінші компоненті толықтай қолданылса, екінші компонентінің 164 данасы егілді. Ковидке қарсы вакцина тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде жүзеге асырылуда.
Райхан Азимова,
«Талғар»