Ұлттың рухы-ұлттық өнерде

Ұлттық рух болмаған жерде ұлт болып қалу мүмкін емес. Ұлттың ұлы анасы тілі екенін, тілден ажыраған шақта ұлттың да жойылатындығын тарихтан жақсы білеміз. Халқымыздың даналығы, рухани қазынасы, этикалық қағидалары, тәлім-тәрбиесі –бәрі де тілі арқылы сақталып, тілі арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады. Рухани құндылықтың өзі ана сүтімен бойымызға сіңген ана тілімізден бастау алып, ұлттық мәдениет, ұлттық өнер, ата – салт, асыл дәстүріміз, тағлымды тарихымыз, қасиетті дінімізбен біте қайнасып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, ғасырдан-ғасырға жалғасып келеді. Осынау ұлттық құндылықтармызды көзіміздің қарашығындай сақтай білсек болашағымыз бекем, келешегіміз кемелді болмақ. Рухы биік халықты ешбір дау да, жау да алмасы анық!
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарлы мақаласында ұлттық сананы жаңаша қалыптастыру, басқа елдердің озық тəжірибесін, жетістіктерін пайдамызға асыра отырып, ең бастысы ұлттық рухани негізімізден қол үзбей, жаңғырту мəселесін жан-жақты қамтып, биік мақсаттар мен келелі міндеттерді айқындап берді. «Ұлттық код, ұлттық мəдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» деп қадап айтты өз сөзінде Мемлекет басшысы. Бұл дегеніміз – қазақи рухымызды, ата салтымыз бен игі дəстүрімізді, мемлекеттік тіліміз бен əдебиетімізді, мəдениетіміз бен өнерімізді жаңғырту болып табылады. Осы аптада, ең үздік білім ордасы деп танылған қаламыздағы №7 мектеп-лицейінің кең акті залында Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында: «Ұлттың рухы-ұлттық өнерде» атты лекция — концерт болып өтті. Мəні кең тəрбиелік бағыттағы іс-шара аудандық мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімінің бастауымен, аудан əкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Əрі аталмыш жоба бойынша лекция-концерттер жыл бойы, барлық білім шаңырақтарында өткізілетін болады. Мəдениет саласында еңбек етіп жүрген аудан өнерпаздары ұлттық өнеріміздің асыл мұрасы мен тəлімді тарихынан сыр шерте отырып, оқушы жастарды саф алтындай өнер туындыларынан сусындату арқылы туған елін, жерін жан-тəнімен сүйе білуге, атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық өнерімізді қастерлей білуге баулиды. Бұл жобада тарихымыз да, руханиятымыз да қамтылған. Іргелі шараға ауданымыздың барлық мектеп директорларының тəрбие ісі-жөніндегі орынбасарлары мен музыка пəні мұғалімдері, осы білім шаңырағының жоғары сынып оқушылары қатысты. Іс-шараны аудандық мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Фарида Бегембаева кіріспе сөзбен ашып, өткізіліп отырған лекция-концерттің маңыздылығы мен мақсатын айтып өтті. Ол өз сөзінде: «Небір замандарда «тар жол тайғақ кешуді» бастан кешіріп «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы қашан да тəуелсіздік үшін күресе білген, туған елін, кеңбайтақ жерін қызғыштай қорғап, аттың жалында, түйенің қомында жүріп жауға қарсы қасық қаны қалғанша шайқасқан. Ғасырлар бойы басқыншылық-шапқыншылық соғыстарға, отарлау езгiсiне, əдейi қолдан ұйымдастырылған ашаршылық пен босқыншылықтарға, саяси қуғынсүргiндерге, небір озбырлықтарға ұшыраса да осы күнге дейiн қазақ халқы рухани бастауынан ажырамай, ұлттық дiлiн, негізін сақтап келді. Мына заманда аранын жайындай ашқан жаһандану процессінде ұрпағымызды ұлттық рухта тəрбиеленудің маңызы ерекше зор. Ұлтты ұйыстыратын да, ұлт болып қалуына кепіл болатын да – бұл рухани өзегімізді, тереңге тартқан рухани тамырымызды, Елбасымыз айтқандай ұлттық кодымызды сақтай білуде. Бұл дегеніміз анамыздың ақ сүтімен бойымызға сіңген ана тіліміз, сан ғасырлық тарихи тамырымыз, мирас болып келе жатқан мəдениетіміз бен атамұра өнеріміз, өзге елден ерекшелеп тұратын дəстүр-салтымыз, əдет-ғұрпымыз, діни ұстанымымыз. Ал, сол мəдениетіміздің ажырамас бөлігі, мəйегі ол – ұлттық өнер. «Жаста берген тəрбие-жас шыбықты игендей» деп тегін айтылмаған, кішкентай кезінен ұлт аспаптарының үнін,
халқымыздың саздарын тыңдап өскен бала өзінің ұлтынан, оның рухани бастауынан, мəдениетінен, тілінен ажырауы, жеруі тіпті де мүмкін емес» — дей келе, алғаш өткізіліп отырған лекция-концертке жиналған ұстаздар қауымын аталмыш жоба аясында атқарылатын іс-шараларға өзіндік үн қосып, шығармашылық танытуға шақырды. Осыдан соң негізгі бөліміне кезек беріліп, лекция-концерт күй атасы Құрманғазының «Балбырауын» күйінен бастау алды. Руханият көкжиегін кеңейтуге бағытталған іс-шараның тізгінін ұстаған Қызыл Қайрат ауылының Мəдениет үйі директоры, əнші Кеңес Баймұханов қазақ халқының музыкалық ұлттық аспаптары жайында, халқымыздың өнер саласындағы жарық жұлдыздары мен қайталанбас дарынды тұлғалары туралы өрелі ойын ортаға салды. Домбыра мұнша шешен болдың неге? Күй толған көкірегің шежіре ме? Сыр қозғап ғасырлардан жөнелесің, Саусағым тиіп кетсе ішегіңе, — деп Қасым Аманжолов жырлағандай, қазақ халқының қаймағы бұзылмай жеткен ұлттық өнерінің бір шыңы- домбырадан төгілетін күйлер. Бірінші кезекті «Нағыз қазақ домбыра» деген бөлім бойынша сөз алған домбырашы Айдос Балғабек ғасырлар бойы ұрпақтанұрпаққа мирас болып келе жатқан қазақ халқының киелі аспабы-домбыраның шығу тарихына тоқтала келіп, белгілі сазгер, академик Ахмет Жұбановтың домбыра аспабын 19 пернеге тұрақтастырғанын айтты. Халқымыз домбырамен асқақтата əн салып, күмбірлетіп күй шерткен. Қазақтың күй мұрасы : «төкпе күйлер», «шертпе күйлер» болып екіге бөлінетінін, бұл орайда төкпе күйлер дəстүрінде қарқынды, жігерлі, дауылды сарындар басым болса, ал шертпе күйлер лирикалы толғау үлгісінде орындалатынын жеткізді. Əрі орындалу техникасы да бір-біріне ұқсамайтынын түсіндірді. Күй жанрында халықтың өткен өмірі, тұрмыс тіршілігі, жан тебіренісі, арман-мұраты, туған жерге деген махаббаты көрініс табатынын əңгімелей келе, «Қоңыр тау» деп аталатын шертпе күйді тыңдарман назарына ұсынды. Келесі болып халқымыздың көне музыкалық аспабы — қылқобыз бен прима қобыз жайында маңызды мəліметтерді жеткізген өнер иелері Гүлзира Шаяхметова мен Жадыра Нұрманбетовалар ысқыш таяқшамен ойнайтын қос ішекті қылқобыздың пайда болуы сегізінші ғасырда өмір сүрген күй атасы Қорқыттың есімімен тығыз байланысты екенін əңгімелеп берді. Қобыз үш, төрт ішекті де болып келеді, жалпы оның бүгінгі таңда алты түрі бар екен. Прима қобызда ойнайтын Жадыра Нұрманбетова қобыздың бұл түрін белгілі
композитор Ахмет Жұбанов оркестрге арнап шығарғанын айтты. Осыдан соң қос қобызшы А.Жұбановтың «Жез киік» күйін орындады. «Жыраулық өнер-бабалар мұрасы» тақырыбы да жиналғандардың зор қызығушылығын тудырды. Жыршыжыраулардың күрделі де нəзік иірімдерге толы, шабыттана шалқитын жүрек елжіретерлік əуезді мақамдары мен жандүниеңді ерекше тебіреніске толтыратын мұңды əуендері ұланғайыр даламызды басып өткен жиҺанкез саяхатшылар мен ғұлама ғалымдарды еріксіз тамсандырғаны тарихтан белгілі. Ұлтымыздың жыршылық өнерін дəріптеп, жастарға үйретіп əрі насихаттап жүрген жезтаңдай жыршы, ҚР Мəдениет ісіне еңбегі сіңген өнер қайраткері, Сыр өңірі-жыр өңірінің тумасы Набат Ойнарова Нұртуған дəстүрлі жыршылық, ақындық өнер мектебінен сусындап, қанат қаққанын алға тартып, өзі де осы мақымды ұстанатынын айтты. Сыр шайыры Нұртуған өз тұсында дүйім жұртқа дүр ақындығымен танылып қана қоймай, сонымен бірге жыраулық мектеп ашқан ұстаз, өлеңі өсиет болған дала ойшылы ретінде тарихта қалған дара тұлға. Осыдан соң жыршы Набат Ойнарова үкілі домбырасын қолына алып, сөз маржанын тізбектей саз мақамына сала жырлай жөнелді. Қазақтың ұлттық өнерін дəріптеп қана қоймай, осынау баға жетпес рухани құндылығымызды жас ұрпақтың санасына сіңіріп, елін, жерін сүюдің жарқын үлгісін насихаттап жүрген өнер адамдарының еңбегіне тəнті болған көпшілік маңызды шарадан мол мағлұмат алып, рухани азыққа қанығып тың серпінмен тарқасты.
Түйін. Елбасымыз өзінің бір сөзінде: «Мəдениеті жоғары, тарихи танымы орнықты, ойы сергек елдің рухы да биік. Рухы биік халықтың іргесі де берік, əлеуеті де қуатты, ынтымағы да жарасты болмақ деп есептеймін» деп қоғам дамуының қайнар бастауы -рухани байлықта екенін дөп басып айтқан еді. Халқымыз рухани тəрбие мен рухани құндылықтарға шөліркеп отырған осынау тұста өмірге келген «Рухани жаңғыру» ұлттың кемелденуіне жол ашатын құнды дүние болды. Өйткені, ұлттық мəдениет қай заманда да рухани жаңғырудың бастауы болған. Ұлттық мəдениет, ұлттық өнер, ұлттық санамыз қандай деңгейде болса, қоғамның рухани кемелденуі де сондай дəрежеде болмақ. Ұлттық кодымызды сақтаудың маңызы мен мəні осында! «Аты – Алаш, сүйегі – ағаш, шаңырағы биік киіз – туырлықты» халқымыздың өшпес рухани мұраларын ұрпақтанұрпаққа ұлықтап жеткізуде өмірлік ғибрат, өлмес өнеге жатыр.
Қазыбек ӘБІЛҚАЙЫР