Елбасы Н.Назарбаев: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасындағы «ХХІ – ғасырдағы ұлттық сана туралы» тармағында: «Ұлттық жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды» — деп өте әдемі айтқан еді. Демек, рухани жаңғыру – ұлттық сананын түрлі тармақтарын қиыннан-қиыстырып, бір арнаға тоғыстыру деген сөз. Қазақ халқы ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі етіп алуы тиіс. Елбасы айтқандай, халқымыздың тарихимәдени мұраларының түрлері сан алуан. Соның бірі – ұлт ойындары.
Бүгінде ұлттық ойындарды халық педагогикасының құрамдас бір бөлігі ретінде қарастырады. Адам баласы жасаған жеті кереметінің қатарына сегізінші етіп осы ойын түрлерінің аталуы сондықтан. Ойынға зер салып, ой жүгіртіп қарар болсақ, содан үлкен де мəнді-мағыналы істер туындап өрбитінін байқаймыз. Ұлт ойындары – бар өнердің басы, олардың нəр алатын бастауы болғаны анық. Қарап отырсақ, көне мəдениет пен əдеби туындылар, ең алдымен, сол халық жиналған думанды-сауықта, ойын-той үстінде дүниеге келіп, көптің игілігіне айналатынын байқаймыз. Демек, бүгінгі жəне болашақ ұрпақ үшін ұлт ойындарының өзі – адам еңбегінің жемісі, халықтың фантастикалық ой құбылысының көрінісі. Дүниені танып, білуге талпынысының нышаны. Қазақ халқының тарихи көне жырларының, эпостары мен лиро-эпостық жырларының қай-қайсысын алып қарасаң да, олардың өн бойынан халықтың ұлттық ойындарының, əдет-ғұрып салттарының алуан түрлерін кездестіруге болады. Халық жырларының негізгі кейіпкерлері – болашақ ел қорғаушы батыр, жауынгер, халық сүйенетін ел оғландары сол ойын үстінде көрінеді. Олар ойын арқылы шынығып, өзінің бойындағы табиғи дарынын шыңдай түседі. Халық ойынға ерекше мəн берген. Оны тек ойын-сауық, көңіл көтеретін нəрсе деп қарамаған. Ең бастысы – ел қорғауға қабілетті күшті де қайратты жігіттер өздерін осындай шаршы топтың алдында дəлелдеуге тиісті болған. Ұлттық ойындар жас адамның дене қуатын молайтып, оны шапшаңдыққа, жылдамдыққа, дəлдікке тəрбиелеген. Қазақтың ұлттық ойындары: көкпар, сайыс, күрес, теңге алу, қыз қуу, алтын қабақ ату,жамбы ату сияқты сан түрлі спорттық сипатпен бірге үлкен тəрбиелік маңызға ие болды. Қазақ халқының ұлттық ойындары елдің тұрмыстық өмірімен тығыз байланысты, оның шаруашылық, экономикалық, əлеуметтік тұрмысынан туған. Сондықтан оның тəрбиелік маңызы аса жоғары, əрі құнды. Жазушы Сəбит Мұқанов өзінің «Халық мұрасы» атты этнографиялық кітабында: «Жүн сабайтындар, көбінесе жастар болады.
Олар жүн сабайтын үйге жиналады да, сабалатын жүнді киіз үйдің ортасына төсеген тулақтың (кепкен тері) үйеді де, айнала отыра қалып, екі қолына алған сабаумен ұра бастайды. Əдетте, жастар бұған ойын-сауық үшін де жиналған. Себебі, жүн сабау үстінде жастар жарыса қимылдап, оны ойын-күлкіге, əзіл-оспаққа айналдырып əкеткен. Сабауды ұстай, ұра білмегендер – көршілеріне күлкі болады, əрі алақандарын ойып алады. Қазақ халқының өмірінде ойын араласпаған бір де бір тұрмыс, шаруашылық салалары жоқ десе де болады. «Бұл елдің ескі салты
бойынша, көші-қон кезінде жастар əуелі үлкендердің үйін тігісіп береді. Одан соң жетім қалған үйлерді де тігіседі. Ең соңында отау үйлерді қалдырып, аяғын ойын-сауыққа айналдырып əкетеді», — деп жазды Ғабит Мүсірепов «Ұлпан» повесінде. Қазақтың ескі көз, көне құлақ қарттарының айтуынша «Ақсүйек», «Орда» ойындарындағы ерекшелік, олардың түнде ғана ойналатындығында емес, бұл ойында болашақ жауынгерлерге қажетті қасиеттер:
қырағылық, байқағыштық, бағытты бағдарлай білу, тапқырлық, сергектік, жүйріктік, алғырлық, батырлық, өжеттік, тағы басқа да қасиеттерге тəрбиелеуінде. Бұл ойындардың түнде ойналатын тағы бір сыры – алдымен жау шебіне барлау жасау үшін түнде жерді айыра білуге, бағытты дəл табуға жаттығуда. Əсіресе, ерте замандарда жау жасырынып келіп түнде шабатын болған, сондықтан ауыл жастары түнде ауыл маңын торитын жаудан сақтық күзетінде тұрып, бұл ойынды бір жағынан ермек ретінде де, жаттығу үшін де пайдаланған.
Қазақтың ұлттық ойындары: ойынсауық, тұрмыс салт ойындары, дене шынықтыру, спорт ойындары жəне оймен келетін ойындар болып бөлінеді. Шындап келгенде, ұлт ойындары – ауыз əдебиетінің бір саласы. Олар ұлан-байтақ қазақ даласына ауызекі тарай келіп, түрленіп, өзгеріп отырған. Қазақ халқы: «Бала ойынмен өседі» деген өмірлік қорытынды жасап, осы тəжірибелік қорытындыны өздерінің бала тəрбиесі туралы көзқарастарының
негізгі арқауы етті. Бала ойынды тоқтатса, одан қол үзіп үйде көбірек бола берсе, ол баланың денсаулығы ата-аналарын мазасыздандыратын болады. Ересек адамдардың еңбек етуі қандай қажет болса, баланың ойыны да сондай қажет нəрсе ретінде қабылданған. Медицина ғылымы тарамаған, дəрігерлік мекемелері жоқ елде баланың денсаулығын бақылайтын, анықтайтын, қарапайым құралдардың бірі ойын болғанын айта кеткен жөн. Ойын бала денсаулығын байқайтын дəрігерлік диагностика ретінде қолданылған. Кеңес педагогикасының үлкен өкілдерінің бірі Н.К.Крупская кезіңде өзінің «Ұлт оқулығы» деген еңбегінде: «Əрбір ұлттың аса қызық тұрмыс ойындары бар. Дəл көздей білу, атқа шаба білу, нысанаға тигізе білу – осындай ойындарға жатады. Балалар дəл көздей білуді жоғары бағалайды, бала енді бұл жағынан артта қалып қойғанын көреді, ал өзі өте артта қалған ұлт деп санап жүрген ұлттан үйренуі керек екенін біледі. Бірақ, осы ойында тек осы ұлттың балаларына ғана емес, сонымен қатар басқа ұлттардың балаларына да жақын өте көп нəрселер бар» — деп жазған. Ұлт ойындары – ата-бабамыздан бізге жеткен, өткен мен бүгінгіні байланыстыратын баға жетпес байлығымыз, асыл қазынамыз. Сондықтан оны үйренудің, күнделікті тұрмысқа пайдаланудың заманымызға сай ұрпақ тəрбиелеуге пайдасы зор. Ойын дегеніміз — тынысы кең, алысқа меңзейтін, ойданойға жетелейтін, адамның қиялына қанат бітіретін ғажайып нəрсе. Ол – ақыл-ой жетекшісі, денсаулық кепілі, өмір тынысы. Ойын дегеніміз – білуге құмарлық пен еліктеудің маздап жанған оты. Елбасы Н.Назарбаев: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегінің қорытынды бөлігінде: «Мемлекет пен ұлт – құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес. Үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуға керек. Менің рухани жаңғыру жөніндегі айтқандарымды жас ұрпақ терең түсінеді ғой деп ойлаймын» — деген сөзі үлкенді де, кішіні де ойландыруы тиіс. Демек, Елбасы тұжырымдамасы ел бүгіні мен ертеңінің болашағын айқындайтын ұлт жадының тұжырымдамасы болмақ.
Қазыбек ӘБІЛҚАЙЫР