Әр халықтың ұлттық түптамырын, тыныс-тіршілігі мен мінез-құлқын, нанымсенімін айқындап, өзіне ғана тән ұлттық ерекшелігін білдіретін әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі бар. Ата– бабаларымыздың ғасырлар бойы қалыптастырып кеткен теңдесі жоқ рухани құндылығымыздың қаймағын бұзбай, уақыт ағымына сай жарасымды етіп қолданып жүрген халықтың бірі – қазақ халқы. Халқымыз дәстүрге өте бай. Бұл жайында Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарлы мақаласында: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты-сол ұлттық кодыңды сақтай білу. …Жаңғыру атаулы бұрыңғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауы тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғыртудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі плюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. …Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салтдәстүрін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын»,-деп жазған еді. Олай болса, атадан-балаға мирас болып келе жатқан рухани, мәдени құндылығымыздың асыл арқауы – салт- дәстүріміздің озық үлгілерін ұрпаққа үлгі етіп, дәріптеудің, бойларына сіңірудің маңызы зор. «Тәрбие тал бесіктен басталады» дегендей,тал бесіктен бастау алған тәрбие ғана жемісті болмақ.
Өткен аптада Қызыл-Қайрат ауылының Мəдениет үйінде рухани жаңғыру аясында Талғар аудандық мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімі мен аудандық аналар кеңесі бірлесе «Əже, келін, немере» отбасы байқауын өткізді. Айта кету керек, байқау ережесі Талғар қаласы мен ауылдық округ əкімдіктеріне алдын-ала таратылып берілген еді. Десек те, бұл күнгі халқымыздың салт-дəстүрі мен отбасы құндылығын дəріптеуге бағытталған мəдени шараға алты отбасы қатысқаны, ойланарлық жəйт. Сайыскерлер Талғар қаласынан, Кеңдала, Белбұлақ, Тұздыбастау жəне Нұра ауылдық округтерінен келгенді. Сахна төрінде əрбір отбасы ұлттық үрдісте жабдықталып, безендірілген орындарына жайғасқан соң, күмбірлей төгілген күйдің əуенімен іс-шараның ашылу салтанаты жарияланды. Сахнаға көтерілген аудандық аналар кеңесінің төрайымы М.Сихимбаева сайысқа қатысушыларға сəттілік тілей отырып, өткізіліп отырған мəдени шараның мəні мен маңыздылығына тоқталды. Осыдан соң сайыс талапкерлерінің дайындық деңгейі мен өнерін бағалайтын əділқазылар алқасы таныстырылып, алғашқы кезек Кеңдала ауылдық округінің Ақтас ауылынан келген Темірбековтер отбасына берілді. Сайыстың талабы бойынша алдымен топ мүшелері өзінөзі таныстыруы керек. Мұнда үлкен тəрбиелік мəн жатыр. Қазақ халқының ерекше дəстүрінің бірі –жеті атасын білуі. Шыққан тегін тарата білу арқылы басқа румен байланысын білген. Қан тазалығын сақтаған. Тектілік деген ұғым осыдан бастау алатынын естен шығармаған. Темірбековтер отбасынан немересі алға шығып шыққан тегін, жеті атасын өлеңжырмен мəнерлей жеткізсе, келіні өз жұртына деген сағынышын əнмен əрледі. Келесі кезекте ортаға шыққан Бірлік ауылының тұрғындары Жүнісбековтер отбасының келіні үкілі домбырасын қолына алып туған жерін,келін боп түскен елін дəріптеп, өсіп-өнген отбасы жайын əуелете əнмен жеткізді. Нұра ауылынан келген Оразовтар, Тұздыбастаулық Аманқұловтар отбасы да əн-жырдан шашу шашып, ата-тегін, өнегелі отбасы туралы мағлұматты қазақи үрдіске сай паш етті. Талғар қаласынан қатысқан Мəліковтер мен Қалимолдаевтар отбасы да алғашқы сыннан сүрінбей өтті. Байқаудың келесі тапсырмасы бойынша əрбір отбасы ұлттық салт-дəстүрден көрініс көрсетуі керек. Бұл ретте Темірбековтер халқымыздың ұмытыла бастаған «қамшы қайтару» дəстүрінің мəн-мағынасын сахналық көрініс арқылы жеткізуге тырысты. Бұл дəстүрдің мəні мынада: жігіт əкесі өзінің беделді адамдарын ертіп қыз əкесінің үйіне барып түседі. Қонақасын ішіп аттанған жігіт əкесі өз қамшысын кереге басына іліп кетеді. Мұны көрген қыздың əкесі келген
кісілердің аты-жөнін, ата-тегін білгеннен кейін, оларға тиісті жауабын беруі керек. Егер қыздың басы бос болмаса (яғни, біреуге айттырылып қойылса) немесе қызын бергісі келмесе қамшы иесіне қайтарылады. Мұны «қамшы қайтару» дейді. Бұған жігіт əкесі ренжімейді. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып бізге жеткен дəстүрдің бірі – сəбиді қырқынан шығарудың мəн-мағынасын аша білген Жүнісбековтар отбасының алтын
қазық-əжесі атқарылатын рəсімдер мен жөн-жоралғыларды ауылдың өсіп-өнген отанасы, бір жағы құдағиы екеуі жан-жақты сахналық көрініс арқылы жеткізе білді. Нұра ауылынан келген Оразовтар отбасының «шашбау байлау» дəстүрі тіпті тартымды шықты. Халқымыздың ұлттық дəстүрінің бірі бойжеткен қыздарына шашбау байлау. Қазақ халқы қыздың шашын қырқып кеспеген, керісінше, оны бойжеткеннің тобығына дейін жеткізе өсіруге айрықша мəн берген. «Қыздың сəні-шашбау» деп тегін айтылмаған, шашбау-шаштың əр-ажарын аша түсетін зергерлік өнер туындысы болып табылады. Сұлулар мен бойжеткендерге арналған халық өлеңдерінде «Сылдырап шашбауың мен алтын сырғаң», «Көрінер қыздар сұлу шашбауымен, бұрымын кейін сілкіп тастауменен» дегені осыдан туындаса керек. Сахналық қойылымда анасы бойжеткен қызының шашына шашбау таға отырып, бұл дəстүрдің тəрбиелік, эстетикалық мəн-мағынасын əңгімелей жеткізуі, тіпті əлі тұлымшағы желбіреп, ойын баласы болып жүрген кішкентай қызына да ұлттық құндылықтарымызды түсіндіруі, əжесінің ақ батасы бəрі де əсерлі көрініс тапты. Ата-бабамыздан аманат болып бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келе жатқан «келін түсіру» рəсімін жан-жақты көрсете білген Тұздыбастау ауылының Аманқұловтар отбасының сахналық қойылымы думанды сəн-салтанатымен ерекше көңілкүй сыйлады. Жасаулы көштің алдынан шығып, ауылдың ақ жаулықты аналары шашу шашып, əн-жырға бөледі. «Жаржар» жыры айтылды,өмірлері берекелі, жолдары ақ болсын деп жас жұбайларға əжесі ақтан дəм татырды, бата-тілек кемерінен асып жатты. Талғар қаласынан сайысқа түскен Мəліковтер отбасы
кішкентай немересінің тұсауын ырымдап ауданымыздың жезтаңдай əншісі, өнер қайраткері Мырзабек Пармановқа қидырды, ал Қалимолдаевтар отбасы сəбиге «азан шақырып ат қою» рəсімінің мəн-мағынасын, тəрбиелік тағлымын айта келе, бірқатар жөн-жоралғыларды сахналық көрініс арқылы жеткізуге тырысты. Келесі кезеңде келіндердің қазақ халқының салт-дəстүріне,тұрмыстіршілігіне, ел тарихына қатысты танымдық деңгейлері сұрақ-жауап арқылы сыналды. Бұл бөлімде Кеңдала, Нұра, Тұздыбастау ауылының келіндері оқ бойы оза шауып, таңдаған билеттегі сауалдарға толық əрі дұрыс жауап берді. Ал, немерелер сайысында мақалмəтелдерді жалғастыра айтудан бəрі де тамаша өнер көрсетті. Сайыстың соңғы бөлімінде өзіндік қолтаңбасы бар ұлттық тағамның жасалу түрі қорғалды. Бұл жолы да барлық сайыскерлер намысты қолдан бермеуге тырысты. Қазақ халқы үшін дастарханнан, дəмнен үлкен нəрсе жоқ. Мал шаруашылығы негізгі тіршілік көзі болған көшпелі қазақтың негізгі асы -сүт пен ет. Алдын ала əзірлеп əкелген ас мəзірін əділқазылар төрелігіне ұсына отырып, оның дайындалу əдіс-тəсілін, ерекшелігін баяндап берді. Мəселен, Жүнісбековтар отбасы бүрмелі қарын, əсіп дайындап əкелсе, Оразовтар отанасының
дəстүрлі ұлтабардан əзірлеп əкелген «жаубүйрек» тағамы, Тұздыбастау ауылынан келген Аманқұловтар отбасының «жұмбақ қарын», қазақща ет, əсіп, асқабақтың ішіне күріш пен жүгері салып бүтіндей бұқтырған тағам түрі, Темірбековтер мен Мəліковтер отбасының ұлттық бесбармағы мен үлпілдеген бауырсақ, сықпа құрт тағамдары асқан ыждаһаттылықпен əзірлегендіктерін көрсетті. Сайыскерлер тағамдарды əзірлеу тəсілінің ерекшелігімен қатар, ұсына білудегі эстетикалық талғамға, ыдыстардың ұлттық нақышқа сай болуына да жіті мəн берген. Əр отбасының берекесі мен шырайын кіргізіп отырған əжелер мен келіндер өздерінің бармағынан бал тамған аспазшылық қасиетімен қатар халқымызға тəн қонақжайлылықты, сыпайылықты паш етті. Əрине, сайыс болған жерде жеңімпаздың анықталуы да заңдылық. Мұнда əділқазылардың берген бағасымен қатар сахна мəдениеті,ұлттық киім үлгісі, тапсырмаға сай белгіленген уақытты ұтымды пайдалана білуі де назарға алынды. Осылайша,бірнеше сағатқа созылған сайыс қорытындысы шығарылып, бас бəйгені Нұра ауылынан келген Оразовтар отбасы жеңіп алды. Жүлделі бірінші орынды Тұздыбастау ауылының Аманқұловтар отбасы иеленді, екінші орынға Темірбековтер отбасы көтерілсе, үшінші орын Жүнісбековтер мен Мəліковтер отбасына бұйырды. Ынталандыру марапатына Қалимолдаевтар отбасы ие болды. Жеңімпаздарды қазылар алқасының төрайымы, аудандық мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фарида Бегембаева құттықтап, Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтарын табыс етті
Қазыбек ӘБІЛҚАЙЫР