Ұсталық өнер – киелі кәсіп

Ұсталық өнер – киелі кәсіп

Қазақ халқының ғасырдан-ғасыр­ға жалғасып келе жатқан дәстүрлі мұрасы мен ұлттық өнерін ұлықтап, уақыттың көш керуеніне ілестіріп жүрген қолөнер шеберлерін қалай мақтап, қалай дәріптесек те орынды. Бүгінде ата кәсібімізді кәсіпкерлікпен үйлестіре білген ағаш ұстасы Өмірбек Ерасыловтың қолынан шыққан тұрмысқа қажетті түрлі бұйымдарға деген сұраныс күннен-күнге артып келеді. Себебі қазір сыйлы қонақ күткенде ата салтымызға сай ұлттық ою-өрнекпен айшықталған ағаш тостағандармен қымыз-қымыранын құйып, астау-табақпен ет тарту, қадірлі қонағына түрлі кәде-сыйларды ұсыну үрдіске айналуда. Ата кәсібіміздің жаңғырып, ұлттық салт-дәстүріміздің дәріптелуі еліміздің егеменді ел атанып, Тәуел­сіздікке қол жеткізгеніміздің арқасында, әрине.

Өмірбек Қуанышұлы 1964 жылы Жаркент ауданына қарасты Сарытөбе ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Ол 1982 жылы орта мектепті аяқтаған соң арман қуып Талғар механизация техникумына оқуға түседі. Көп ұзамай-ақ жасы 18-ге толған жас жігіт әскер қатарына шақырылып, екі жыл Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін, құжаттарын Алматы халық шаруашылығы институтының дайындық курсына тапсырады. Аталмыш оқу орнын 1990 жылы «есепші-экономист» мамандығы бойынша аяқтап шығады. Айта кету керек, бойына біткен ұсталық өнерінің арқасында жоғары білім ала жүріп жастар жатақханасында ағаш ұстасы болып бос уақытында қосымша жұмыс жасайды. Құлпы салу, есік-терезенің бүлінген жерін жөндеу, еденнің тесігін жамау сынды шаруаның шашауын шығармай, тиянақты атқаратын ісмер жігіттің тірлігіне айналасындағылар тамсана да таңғала қарайтын. Жаз айларында ұйымдастырылатын студенттердің құрылыс отрядында да еңбекқорлығымен көзге түскен ол тас қалап, шатыр жауып, тіпті пеш салудың да қыр-сырын тез меңгеріп алады. Осылайша, білім қуған жас жігіт ата-анасына көп салмақ салмай, қажет-жарағына қажетті нәпақаны адал еңбекпен тауып, ширай түседі. Иә, Өмірбектің бойына ұсталық қабілет бала кезден-ақ қонақтаған екен. Колхозда автокөлік жүргізушісі болып еңбек еткен әкесі ауыл тірлігіне қажетті отын-су, жем-шөпті еш қиындықсыз жеткізіп алатын. Ал көрші үйдің балалары ауыл арасындағы шаруаға есек арбаны пайдаланатыны кішкентай Өмірбекті қатты қызықтыратын еді. Осылайша, титтейінен ағаштан түрлі ойыншықтар жасап ойнауға бейімді бала 12 жас шамасында өз бетінше есек арба құрастырып, көпті таңғалдырғаны әлі есінде.

Жоғары оқу орнын тамамдаған Өмірбек Ерасылов жолдамамен туып-өскен ауылына қайтып оралып, ең алғашқы еңбек жолын «АгроПромэнерго» мекемесінде аға экономист болып бастап, кейіннен бас есепші қызметін де атқарады. 1993-2000 жылдар аралығында екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Николай Головацкий басқарған «Октябрьдің 40 жылдығы» колхозында аға есепші болып еңбек етеді. Еліміздегі қайта құру, оңтайландыру кезеңі ауыл жұртына да қиын тигені рас. Іргелі колхоз-совхоздар мен өндіріс орындары ыдырап, қоғамымызға дендеп ене бастаған нарықтық қатынастардың қатаң заңы әркімге өз күнін өзі көруі керек деген қағиданы алға тартты. Сол бір қиын-қыстау уақытта Өмірбек Қуанышұлы отбасымен Алматы қаласына қоныс аударады. Көп ұзамай сұхбаттасудан сәтті өткен ол Іле ауданындағы «Алматы Филип Моррис темекі компаниясына» жұмысқа орналасып, онда логистика бөлімінде табаны күректей 18 жыл еңбек етеді. Жалақысы жақсы, жұмыскерлерді әлеуметтік жағынан қорғау деңгейі де көңіл көншітетін бұл фирмада жұмыс істеу тиімді еді. Бірақ жандүниесі сүйікті ісі — атакәсіпті аңсаумен болды. Сынаптай сырғыған уақыт алға жылжыған сайын, көкейде жүрген ой-арманының ауылы алыстай беретіні де маза бермеді. Иә, «Өмірін тәуекелге тікпеген адам өміріне иелік ете алмайды» деген екен бір данышпан. Сол айтпақшы, біздің кейіпкеріміз де «нар тәуекелге» бел буып, бір күнде жұмыстан өз еркімен босап, сүйікті ісімен шұғылдануға білек сыбана кіріседі. Осылайша, аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы тарапынан ұйымдастырылған «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін үйрететін бір айлық курсқа қатысып, сертификат алып шығады. Ендігі кезекте алған білімін, өмірлік іс-тәжірибесін кәдеге жарата білу. Данышпан Абай атамыз: «Егерде мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол…» деген сөзінде үлкен даналық жатыр. Сол айт­қандай, жұтамайтын атакәсіпті нәсіп етуге ниеттенген Өмірбектің жолы болып, осы саланың кәсіптік тұрғыдан өркен жаюына түрткі болып жүрген ұлт жанашыры, кәсіпкер Рысбек Тоғайбай деген азаматқа жолығады. Білімді азаматтың берген кеңесіне құлақ түрген ол ұсталық өнердің қыр-сырын үйрену мақсатында Шымкентке жол тартады. Онда кәсіпкердің ағаш өндеу шеберханасында бір айлық тегін тәжірибеден өтеді. Қарапайым ағаштан небір әдемі бұйымдардың жасалу жолын, жай-жапсарын көзбен көріп, көңіліне түйіп, құнды дүниелерді қойын дәптеріне түрте жүріп, шеберлікке шыңдалып қайтады.

Дана халқымыз «талапты ерге нұр жауар» деп тегін айтпаған. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламаның екінші бағыты бойынша ол 2019 жылдың мамыр айында «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ы тарапынан 5 жылға төменгі пайызды 6 миллион теңге несие қаражатына қол жеткізіп, оған фрезер-нақыштау станогын, екі бірдей токарлық және ағаш тілетін циркулярлы станоктар, өндірістік шаңсорғыш сатып алады. Ұстаның шеберханасындағы бұған дейін өз қаражатына алынған ағаш кептіретін арнайы пеш, тағы бір фрезерлі-нақыштау станогы, балта, балға, ара, шот, сүргі, бұрғы, қашау, шап­қы, егеу секілді түрлі құрал-саймандарымен қоса жаңадан сатып алынған станоктардың арқасында еңбек өнімділігі артып, іс қызу қарқынмен алға басуда. Үш адамды жұмыспен қамтып отырғаны да қуантады. Бүгінде оның ағаштан ойып жасаған астау, тостаған сияқты ыдыс-аяқтарына сұраныс көп. Бағасы да қарапайым халықтың қалтасына қарай қолжетімді. Ғаламтор желісі арқылы еліміздің түрлі өңірінен тапсырыс беріп, сатып алып жатқандар да баршылық.

— Жұмысты сапалы жасау үшін ең алдымен қолға алған ісіңе деген сүйіспеншілік, төзім мен табандылық керек. Ыдыс-аяқтар көбінесе сапалы, қатты ағаштан жасалынады. Ол ағаштарды табу да оңайға түспейді. Мен көбінде қарағашты, табылып жатса аққайыңды қолданамын. Оларды іздеп жүріп, тапсырыспен сатып аламын. Жасаған ыдысымыз сапалы болуы үшін бар өнерімізді саламыз. Ағаш ыдыс жарылып немесе ішіне су сіңіп кетпеуі керек. Станоктан шыққан бұйымды тазалап, арнайы пеште бабымен кептіріп алған соң, зімпарамен ысып тегістейміз, сыртқы бетін, жиегін токсинсіз лакпен бояймыз. Бүгінде көлеміне әрі пішініне қарай астаудың 15 түрін шығарамыз. Бағасы да әр түрлі. Ең қымбаты 12 мың теңге тұрады, көлемі 73х33см. Қымызға арналған кеселер 1000 теңгеден. Алдағы уақытта қымыз, сүт құятын шара жасау да жоспарда бар. Табиғи өнімнен жасалған ыдыстар ыстыққа да, суыққа да төзімді келеді әрі тағамның дәмі өз қасиетін сақтайды. Ұлттық нақыштағы әдемі дүниені жасап шыққан сайын рахат күйге бөленемін. Сол кәсіптің қыр-сырына одан әрі қаныға түскім келеді. Ең бастысы қандай шаруаның болсын оңтайлы дамуы жаныңдағы ынталы еңбеккерлерге тікелей байланысты. Осы орайда таңның атысы, кештің батысы қасымнан табылып, жәрдемдесіп жүрген шәкіртім Бейбіт Смайловқа өте ризамын. «Адамның жасағанын адам жасайды» деген рас. Осы киелі өнерді үйренемін деген талапты жастар болса үйретуден қашпаймын. Өзімнен дәріс алған екі шәкіртім ағаш ісімен шұғылдануға ниетті, — дейді он саусағынан өнер тамған аңқылдаған ашық мінезді, ақ көңіл азамат.

«Көп еңбек еткенге бақыт басын иеді» деген ғибратты сөз бар. Таудай талап пен еселі еңбегінің арқасында ұлттық өнерімізді ұлықтап, жеке кәсібін өрге сүйреп келе жатқан ағаш шебері Өмірбек Ерасыловқа сәттілік тілейміз!

Райхан Азимова,
«Талғар»