Ұлттық спорттың төресі – қазақ күресі

Қазақ елінің ұлттық спорт түрлері тек біздің халқымыздың ғана емес, адамзат мәдениетінің қазынасы болып саналады. Ұлттық спорт түрлері жастарды күшті де қарулы, шымыр, дене қуаты сымбатты, әрі, рухани жағынан да мығым болып қалыптасуына әсер етеді. Спортты серік еткен жандардан Қазақ елінің даңқын әлемдік бәсекелерде, Олимпиада ойындарда танытатын жандар өсіп шығады. Ал, спорт өнерінің төресі – қазақ күресі ежелден қазақ балаларын жас кезінен күшті әрі әбжіл, елін, жерін қорғай алатын мың айлалы балуан етіп тәрбиелеуде маңызы зор болған.
Қазақтың тойы ежелден салтдəстүрлерге бай екені белгілі. Салтдəстүрлердің ішінде тек күрес қана емес, ат үстіндегі ойындар жастарды батылдыққа, жігерлікке, күштілікке, ерлікке баулитын ғажайып түрлері жетерлік. Мысалға, көкпар нағыз жігіттердің додасы. Кім күшті, кім айлакер, кім əдісқой, сол жеңімпаз атанады. Ат үстінде шауып бара жатып ауыр серкені іліп алудын өзі неге тұрады? Ат үстінен теңге алу, арқан тарту, қол күрестіру, жұдырықтасу тағы басқа да ойындардың бəрі балуандардың бойынан табылуы тиіс өнер екені даусыз. Күрес тек қана қос балуанның арасындағы жекпе-жекті айқындамайды, ол жігітті нағыз сайыпқыран, нағыз жан-жақты жігіт сұлтанына айналдырады. Қалай болғанда да ата-бабаларымыз жан-жағын жау қоршаған қиын-қыстау заманда елін, жерін, халқын қорғай алатын болу үшін балаларын жас кезінен батыл да батыр, күні-түні жортатын арлан бөрідей көкжал етіп тəрбиелеуге күш салған. Қазақтың кең байтақ жерін сақтап қалу үшін батыр бабаларымыз жанын да, қанын да аяған жоқ. Қазақ күресі – тік тұрып күресетін спорт түрі. Қарсыласыңды белден екі қолмен ұстауға, бір қолмен де денені қапсыра құшақтауға, белден жоғары киімнен де ұстауға болады. Сонымен бірге аяқпен шалуға, өкшемен қағу, орақ шалыс əдісімен аударып тастау, іштен ілу, жамбасқа алу, арқадан асыра лақтыру сынды əдістерді қолдануға болады.
Қазақ күресі өнеріне келген əрбір қазақ баласы, жасыратыны жоқ, күш атасы – Қажымұқан бабасына қарыздар екені сөзсіз. Кезінде əлемді аузына қаратқан, кейін аты аңызға айналған қазақтың батыр ұлы Қажымұқанның өзі де жас кезінен халқының төл күресіне сусындап өскені анық. Тəй-тəй басқаннан төл өнеріміздің əдіс айлаларын бес саусағындай біліп өскен бала есейе келе басқа да күрес түрлерін жатсынбайтыны айқын. Қазақ күресінің арнайы бекітілген күрес кілемі бар. Қазақ күресінің ережелері өте қарапайым, əрбір қолданылған əдіс бір ұпай. Егер жауырыны жерге тисе немесе басымен көпірге тұрып қалса, онда жеңіс қарсыласына беріледі. Бұл – таза жеңіс болып саналады. Қазақ күресі ежелден тек ерлер арасында ғана емес, əйелдер арасында да үлкен мейрамдарда, тойларда өткізілген. Күресте алдымен балалар жекпе-жекке шығады. Жеңіске жеткен балаларды, аталары, ағалары басынан сипап: «Айналайын, сен атақты батыр, балуан боласың!» — дейтін. Балалар үшін ең үлкен марапат осы болатын. Үлкендер күресінде əрбір белдесу, жекпе-жек айқай-сүреңмен, күш, рух беретін сөздермен өтетін. Сан ғасырдан бері беделі аспаса, тұғырдан түспеген, қазақ күресі Қазақстан тəуелсіздік алғалы биік деңгейге көтерілді. Жыл сайын өтетін «Қазақстан барысы», «Əлем барысы» сияқты аламан күрес додасы төрткүл дүниенің көз тігер спорт мерекесіне айналды. Өткенге көз салсақ, сан ғасырлар бойы жылқы мінезді қазақ халқының
ат жарыстырып, балуан күрестіріп, қыз қуып, бүркіт салып, тазы жүгіртіп, тоғызқұмалақ ойнап, басқа да көптеген ұлт ойындарын қызықтағынына көз жеткіземіз. Ұлттық ойындардың ішінде халықтың делебесін қоздырып, ішкен асын жерге қойғызатын екі ұлттық ойын түрі бар, олар – қазақ күресі мен ат бəйгесі. Бар ғұмыры жаугершілік заманда атыс-шабыспен өткен халық үшін жылқының айрықша қымбат, бағалы түлік саналатыны өз-өзінен түсінікті. Ал, ел тəуелсіздігін қорғау жолында жүргізген күресте жүрегі жаудан таймас жалынды, сарбаздарды дайындауда қазақ күресінің шеберлік шыңдау мектебі болғаны анық. Кенес одағының боданында болған 74 жыл қазақтың ұлттық ойындарының дамып, нығаюына айтарлықтай зиянын тигізді, бұл – шындық. Десе де, осы бодандық кезеңінің өзінде де қазақ халқы өзі сүйетін ұлттық күресінен көз жазып қалған жоқ. Тарихи деректерге көз жүгіртсек, қазақ күресінен алғашқы жарыс 1938 жылы өткен. Сол жылы Алматы қаласында колхозшы спортшылар арасында тұңғыш рет Ауыл спартакиадасы өтіпті. Бұдан кейін 1939 жылы Семейде қазақ күресінен алғаш рет Қазақстан чемпионаты өтсе, бұл дəстүр 1940 жылы да жалғасқан. Ұлы Отан соғысы жылдарында тоқырап, қолға алынбаған қазақ күресіне 1952 жылдан кейін қан жүре бастайды. Бойында ұлттық қаны бар азаматтардың арқасында қазақ күресі дами бастады. Қазақ күресі бүгіндері Олимпиадалық ойындар бағдарламасына кірген еркін жəне грек-рим күрестерінен
бірде-бір кем емес. Осы екі күрес түрінің екеуінде де қазақ күресінің кейбір əдістəсілдері қолданылады. Қазақ халқының атын шартарапқа паш еткен Əбілсейіт Айханов, Кабден Байдосов, Аманжол Бұғыбаев, Жақсылық Үшкемпіров, Дəулет Тұрлыхановтар күрес əліппесін ең алғаш рет осы қазақ күресінен ашқаны анық. Қазақтың қырқа шалу əдісін боз кілемде талай рет көрсетіп, əлем балуандарын таң-тамаша қалдырған Қанат Байшолақовтың «əлем чемпионы» болғаны белгілі. Егемендік алғаннан бері төрт құбыласын түгендеп жатқан тəуелсіз Қазақстан үшін ұлттық төл спорт түрі – қазақ күресі қазақ жұртын күллі əлемге танытар бренд болуы тиіс. Атабабамыздан мұра болып қалған рухани құндылықтардың ішінде спорттық ойындардың орны ерекше. Халқымыздың салт-сана, əдет-ғұрпындағы үлгі – өнегені дене шынықтыру жаттығуы барысында бойға сіңіріп, ойға дарыту жастардың денсаулығын нығайтумен қатар еліне, атабаба рухына деген құрметін арттырып, отаншылдық, елжандылық сезімін тəрбиелеуде үлкен рөл атқарады. Елбасы Н.Назарбаев та таяуда ғана халыққа ұсынған: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында əлемдегі 30-дамыған өркениетті елдердің қатарына қосылу үшін Қазақстанның əрбір азаматы тамыры тереңнен бастау алатын ұлттық əдет-ғұрып пен салт-дəстүрлерінен ұлттық кодын тауып, болашаққа берік қадам басу керек екенін айтқан болатын. Қазақтың ұлттық ойындары, оның ішінде қазақ күресі де қазақ халқымен бірге ғасырдан-ғасырға мəңгі жасай бермек!
Қазыбек ӘБІЛҚАЙЫР