ТАРИХТЫҢ АЩЫ ТАҒЫЛЫМЫН жас ұрпақ зердесіне тоқысын!
Бүгінгі ұрпаққа айта алмаған, жеткізе алмаған, жан дүниеңді дір еткізетін сырға, мұңға толы тарихтың ақтаңдақ парақтары қаншама әлі. Тарихта «қызыл террор дәуірі» деп таңба басылған нәубеттің өзі қазақ халқы үшін де орны толмас зардаптар алып келгені ақиқат.
Жалпы қазақты қынадай қыру 1917 жылдан бастау алғандығы туралы тарихи деректерден білеміз. Демек, астарлы саясат жоспарлы түрде, кезең-кезеңімен жүргендігі анық. Себебі қызыл империя Алаштың көзі ашық, көкірегі ояу алғыр азаматтарынан қаймыққан. Жазылмаған дала заңына бағынып күн кешкен қазақ баласының алғырлығы кремль көшбасшыларын абыройсыз амалдарға апарды. Осылайша, қазақ баласының — азат рухын алқымдау қызыл әскердің күшімен, винтовканың ұшымен жүзеге асты.
Қазақ бодандыққа ләппайқұл болған жоқ. Айтыла бермейтін мына деректерге назар аударыңыз: 1929-31-жылдары қазақ халқы 372 мәрте көтеріліске шыққан. Оның бәрі де қарулы әскердің күшімен аяусыз басып жаншылды.
Шүкір, ел тәуелсіздік алғаннан бері өткенімізді саралап, өшкенімізді қайта жаңалауға, жаңғыртуға мүмкіндік беріліп жатыр. 1993 жылы Елбасы Н.Назарбаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заңға» қол қойды. Нәтижесінде 345 мыңнан астам адам ақталды. Бірақ, әлі де ұрпаққа аманаттайтын тарихи деректер жетіп артылады. Біздің санымыз артқан сайын Алаш ардақтыларының рухы асқақтайтындай әсерге бөленіп жүргеніміз де сондықтан болар…
Атаулы күн қарсаңында 2018 жылы Жаңалық ауылында ашылып, қолданысқа берілген «Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейдің» меңгерушісі
Мейіржан Мұсабаевқа жолығып қайтқан едік.
— Жас ұрпақты Алаш идеясымен кең ауқымда таныстырып, оны отаншылдық рухта тәрбиелеу мақсатында музейдің ашылуы өткен жылдардың сәтті жобаларының бірі болды. Содан бергі музейдің тарихи, мәдени, ағартушылық бағытындағы жұмыстары қалай?
— Иә, біздің «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейі еліміздегі алғаш ірге көтерген Шымкент қаласындағы осы тақілеттес музейден, Нұр-Сұлтан қаласы іргесіндегі «АЛЖИР» музейінен кейінгі тұрған Алаш арыстары мен өзге де репрессия құрбандарын ұлықтау ісін қолға алған бірден-бір мекеме. Балалардың музейге, тарихқа қызығушылығын ояту мақсатында музей жанынан «Тарих, өлкетану және әдебиет» атты үйірме құрылғандығын осыған дейін айтқан едік. Алаш арыстарының шығармаларын жаттап, қасірет жылдарындағы тарихи оқиғаларды зерттеу археологиялық жұмыстардың қыр-сырын үйрету сынды жұмыстар – үйірменің негізгі мақсаты. Қазіргі таңда үйірменің қатысушылары саяси қуғын-сүргін құрбандары тақырыбында Алматы қаласында, Польша мемлекетінің астанасы Варшава қаласында өткен конференция, байқауларға қатысып, дипломдар алуда. Алаш арыстарымыздың мерейтойларына, айтулы күндерге байланысты музейде әр түрлі шаралар өтіп тұрады. Ә. Бөкейхан, М. Дулатұлы, М. Тынышпаев сынды алаш зиялыларының ұрпақтарымен кездесу, сонымен қатар қазақ жеріне мәжбүрлі түрде көшірілген халықтардың өкілдерімен (грек, ингуш, ұйғыр т.б.) кездесу кештері де музейдің күн тәртібінен түскен емес.
— Алаш арыстары мен өзге де репрессия құрбандарын ұлықтау ісі туралы айтып қалдыңыз. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Осы жөнінде музей тарапынан атқарылған жұмыстарды айта отырсаңыз?
— Бұл толайым хабарды естіп біз де қуанып отырмыз. Мемлекеттік комиссия жұмысын бастап, өз міндетіне тікелей кіріссе, кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санатына қатысты тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіруге болады деп ойлаймын. Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толығымен ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысына онлайн қатысып, барлық жайдан хабардар болып отырмыз. Отырыс барысында комиссия жұмысын ұйымдастыру, 2020-2021 жылдарға арналған жұмыс жоспары, сондай-ақ, қуғын-сүргін құрбандарының түрлі топтарын ақтау жөніндегі қызметті әдіснамалық тұрғыда қамтамасыз ету мәселелері бойынша тапсырмалар берілді. Енді біз өз тарапымыздан осы мәселеге жіті қарап, қасірет жылдарының көзі болған жәдігерлермен музей қорын толықтыру мақсатында облысымыздың алыс-жақын жерлеріне экспедициялар ұйымдастыруды жоспарлап жатырмыз. Карантиндік шектеулер алынып, жұмыс бағыты бұрынғы қалпына келе салысымен «Жетісудың шерлі тарихы» деген атпен жобамызды бастамақпыз.
— Қазақстан тарихында жүргізілген жаппай репрессиялау шараларының себеп-салдары іргелі зерттеу тұрғысынан әлі де болса жан-жақты толық ашылмаған күйінде қалып келе жатыр. Себебі неде деп ойлайсыз?
— Бізде саяси қуғын-сүргін құрбандары әлі күнге толық ақталмай отырғандығы ащы да болса шындық. Оған себеп, архивтердегі құнды құжаттардың қолжетімсіздігі. Тарихшыларды әбігерге салған бұл мәселе де биылдан бастап оңды жолға қойылмақ. Олай деуім, жуырда саяси-қуғын сүргінге ұшырағандар туралы құпия архив қорлары кезең-кезеңімен ашылатындығы туралы мемлекеттік комиссияның отырысында айтылды. Ол үшін арнайы кіші комиссия құрылатындығы және қуантты. Яғни бір арнаға бағына отырып істелінетін жұмыстың қашан да қайыры болмақ. Әйтпесе, ХХ ғасырда қазақ халқының жартысына жуығын қырып салған 1917-20-жылдар мен әйгілі 30-шы жылдардағы қолдан ұйымдастырылған алапат ашаршылық пен 37 жылғы қанды қырғын – саяси репрессия бағасы әлі толыққанды берілген жоқ. Украина Жоғарғы Радасы елді қырғынға ұшыратқан ашаршылықты Голодомор деп жариялап, украин халқына жасалған геноцид деп тапты. Украина соты И.Сталиннен бастап, бұрынғы КСРО басшылары мен Украин Кеңестік Социалистік Республикасы жетекшілерін де осы алапат қылмысты жасаған қылмыскерлер деп үкім шығарды. Осындай көзайым жаңалық бізде де жарияланып қалатынына бек сенімдімін. —
Сұхбатыңызға рахмет.
Меруерт Мәулет,
«Талғар»
1930-1933 жылдар аралығындағы ашаршылықта кейбір тарихшыларымыздың есебі бойынша 4 миллионға жуық адам қырылған. 1937-1938 жылдардағы саяси репрессияда 100 мыңнан аса адам жазықсыз халық жауы атанды.
1897 жылы өткен Ресейдегі халық санағының ресми статистикасына қарасақ, өзбек ұлты 1 миллион 690 мың, тәжік ұлты 350 мың адамды құрапты. Сол уақытта қазақтың саны 4 миллион 84 мың адам болған екен. 100 жыл аралығында өзбек ұлты 25 миллионға жетсе, осы күндері Еліміздегі қазақ ұлтының саны 11 миллионға әрең жетті. Міне, ашаршылықтың орны толмас алапат зардабын осыдан-ақ білуге болады.