Жаста берген тәрбие, жас шыбықты игендей

Жаста берген тәрбие, жас шыбықты игендей

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні

«Ата-анаға көз қуаныш-
Алдына алған еркесі.
Көкірегіне көп жұбаныш,
Гүлденіп ой өлкесі…
Сүйер ұлың болса, сен сүй,
Сүйінерге жарар ол», — деп данышпан Абай жырлағандай, әрбір ата-ана үшін өмірінің жалғасы, мәні мен сәні болған бауыр еті баласынан артық не бар… Бала — Алла тағаланың ата-анаға нәсіп еткен керемет сыйы, баға жетпес аманаты ғой. «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» демекші, сәбилі отбасы қашанда береке мен қуанышқа толы. Сондықтан да дана халқымыз баланы көңілдің гүліне, көздің нұрына теңеген. Тар құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібітіп жарық дүниеге әкелген сәбиін анасы тербелген тал бесікке салған. «Бесік жырын» айта отырып, ананың баласына берер тілек-батасы, болашағынан күтер үміт-сәулесі көрініс тапқан. Тәй-тәй басып, тілі шығып, сөзді ұғына бастаған кезінде ардақты әженің ертегісін, халық ауыз әдебиетінің інжу-маржанын тыңдатып өсірген.

«Ұрпақ тәрбиесі — ұлт тәрбиесі» екенін бір сәтте естен шығармаған ата-бабаларымыз бала тәрбиесіне жіті мән беріп, бұл тек бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның алдында тұрған зор міндет, жауапты іс деп түсінген. Қазақ халқында сонау ежелгі заманнан бері отбасылық тәрбие үрдісінде ұлттық құндылықтарға негізделген өзіндік тәрбие мектебі, қалыптас­қан дәстүрі болған. «Тәрбие басы — тал бесіктен», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп текке айтылмаған. Отбасы – ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбиенің мөлдір бастауы. «Ұлдың ұяты әкеге, қыздың ұяты шешеге» деп түйген халқымыздың ұл баланы тәрбиелеуді аталар мен әкелер өз қолына алса, ал қыз бала тәрбиесі әжелер мен аналардың ісі болып саналған. Дені сау, сезімі сергек, өнегелі де өнерлі, ақыл-ойы жетілген «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат өсіру ісі халқымыздың ғасырлар бойғы ой-арманы, мұраты болған. Дана халқымыз: «Атадан бала туса игі, ата жолын қуса игі» деп, атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерді келер ұрпақтың бойына жастайынан сіңіріп, адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеуге тырысқан. Қазақ халқында ұл бала – шаңырақтың иесі, ер-азамат, ата-ананың отын тұтатушы болып саналады. «Ер баланы алты жасқа дейін хандай көтер, сыйла. Алты жастан он алты жасқа дейін құлша жұмса. Он алты жасқа толғасын досыңдай сырлас, сыйлас» деген қазақтың ұлттық таным-түсінігі қанша уақыт өтсе де маңызын жоғалтқан емес. Осылайша, жас өскіннің бойына адамгершілік асыл қасиеттердің дәнін еге отырып, ұлттық құндылықтар негізінде тәлім-тәрбие берген. «Әкеге қарап ұл өсер…» демекші, әке — асқар тау, отбасының тұғырлы тұлғасы ретінде ұл бала тәрбиесіндегі рөлі қашан да жоғары болатыны анық. Әкенің қамқорлығына бөленіп өскен бала болашақта нағыз халқына қалаулы, еліне елеулі, бесаспап азамат болып қалыптасатынына сенген. Сондықтан тілі шығып, тәй-тәй басқан сәтінен бастап, ұл баланы ата мен әке өз тәрбиесіне алған. Болашақ шаңырақ иесіне өз ісімен үлгі болып, баласының жан-жақты, ақылды болып ер жетуіне барын салған. Есі кіре бастаған ұл баланың санасына «сен ертеңгі шаңырақ иесісің, болашақ әкесің, арқа сүйер жарсың, отбасының асыраушысысың, сондықтан да жаманнан жирен, жақсыдан үйрен» деген сөздерді сіңіріп отырған. Ұлттық тәрбиеде қыз баланы ар-абыройын таза ұстауға, өнегелі, өнерлі, іскер болуға баулып, «үйдің құты, ауылдың көркі, береке-бірлік пен татулықтың ұйытқысы» деп ерекше құрметтеген, «қыз — қонақ» деп аялап өсірген. Сайып келгенде, «Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбие­лейміз» — деген қанатты сөз бала тәрбиесі – келешек қоғам мұрагерлерін тәрбиелеу ісі болып табылатынын түйіндеп тұр.
Иә, «Жаста берген тәрбие жас шыбықты игендей» деп тегін айтылмаған. Олай болса, ұлт болашағы, еліміздің келешегі, ажары мен базары саналатын бүлдіршіндеріміздің бойына ұлттық құндылықтарды жастайынан сіңіре отырып, туған елімізді, жерімізді, тілімізді, тарихымызды, салт-дәстүрімізді құрметтейтін, қастерлейтін саналы да салихалы ұрпақ етіп тәрбиелеу қоғам алдында тұрған жауапты міндет екенін ұмытпайық.

Райхан Азимова,
«Талғар»