Ділі мықты отбасы

Ділі мықты отбасы

Отан десек отбасы, отбасы десек Отан сөзі ойға орала кетеді. Сондықтан да халқымыз Отанның бастауын – отбасында деп нақты атап кеткен. Отбасы Отанның тірегі болуы үшін, қазақи қалыпты сақтаған, тегі мен тілін былғамаған, діні мен ділі мықты отбасы болуы керек.

Осындай тәрбиелі, үлгілі, мерейлі отбасылардан Талғар өңірі кенде емес. Солардың қатарына аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның «Құрметті азаматы» Бекбосынов Матан Рахымбергенұлының отбасын мақтанышпен жатқыза аламыз. Талғарда дүниеге келіп, орта мектепті тамамдаған соң Омбыға оқуға кеткен Матан аға еңбек жолын туған жерінен бастайды. «Иә, кімнің де болсын тәу етер темірқазығы, жүз бұратын құбыласы туған жері ғой. Туған жер азаматтың болмысына да, тағдырына да шынында қатты әсер етеді»,- деп сұхбат барысында туған жеріне деген махаббатының шексіз екендігін білдірген Матан аға бүгінгі күнге дейін тек Талғар жерінде қызмет атқарған. Алматы облыстық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде тренерліктен басталған еңбек жолы сатылап өсіп, әр жылдары аудандық спорт комитетінің төрағасы, пионер лагерінің, аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің, №16 орта мектептің директоры, аудандық сайлау комиссиясының төрағасы қызметтерін абыроймен атқарған. 2019 жылдан бастап аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Матан ағамыздың табиғи таланты оның тегінен тамыр тартып тұрса, екінші оның жан-тәнімен беріле кететін еңбекқорлығы, қарапайымдылығы тура жолдан адастырмай келеді. Жар таңдауға келгенде де осы қасиеттерді басшылыққа алып, жаңылысқан жоқ. Жары Шәйімхан тәтемізбен бір сыныпта оқып, балалық шағы бірге өтсе де, бойжеткен бойындағы қазақ қызына тән ибалық, инабаттылық Матан ағаның жүрегін баурап алады. Дәм-тұздары жарасып екі жас 1973 жылы 1 қыркүйекте отау тігеді. Міне, содан бері жарты ғасырға жуықтаса да, қазақылығы қалтқысыз шаңырақтың түтіні түзу шығып келеді.

– Қазақ отбасын «Әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деп әдемі сипаттаған. Қазақи отбасында әкенің орны асқар тау сияқты қашанда жоғарғы орында. Бұл ата-бабамыз­дың терең дүниетанымынан туған бұзылмайтын қағидасы еді. Әйелдің ерін құрмет тұтып, дәрежесін көтеруі – оның парасаттылығынан болса керек. Сол үшін жақсы отбасының негізі жақсы жар таңдаудан басталады деп ойлаймын, — дейді Матан аға бізбен әңгімесінде. Әрине, бұл кейіпкеріміздің ұзақ жылғы жарының ақылына, сабырына, парасаттылығына қарап түйген ойы екендігі даусыз. Екеуінің қызметтері әр түрлі болғанымен отбасына қатысты мақсаттары бірдей. Шә­йімхан тәтеміз №9, №7 мектептерде жұмыс істеп, құрметті еңбек демалысына шыққан. Матан аға бүгінде зейнеткер. Екеуі бес қыз, бір ұлдан өрбіген немере, шөберенің қызығын қызықтап келеді. Балаларының бәрін де қазақ мектептеріне беріп, алдымен ұлттық тәрбиенің бесігінде тербеткен. Енді немере-шөберелерінің де сол сүрлеуден жаңылмауын қадағалап жүр. Қанша дегенмен болашақ елдің иесі – солар. Ұлы Сағындық пен келіні Анар да үлкеннен көрген тәлім-тәрбиені бойларына сіңіріп, замандастарына үлгі болатындай жастар.

– Бақытты әркім әртүрлі түсінеді. Бірақ, менің ойымша, бақытты отбасы деген – отбасында татулықтың, ауызбіршіліктің болуы. Үлкенді кіші, кішіні үлкен сыйлау керек. Осындай қарым-қатынас сақталған отбасында адамдар бір-біріне емес, сол шаңырақтың шаттығын ойлайды, — дейді Матан Рахымбергенұлы әңгімесін аяқтай келе. Жақында ғана «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ творчестволық бірлестігі берген «Алтын қыран» медалінен өзге ағамыз алған марапат, құрмет бір төбе. Бірақ қарапайымдылығы өмірінің кредосына айналған жан бұл жөнінде айтуды жанына жат санайды. Сол қарапайымдылық аңқыған отбасында тәрбиеленген ұрпақ, әрине тектілікті бойына сіңірмегенде, қайтсін!

Меруерт Мәулет,
«Талғар».