Ұстаз ұлағаты

Ұстаз ұлағаты

«Мұғалімнің дүние тануы, оның өмірі, оның әрбір құбылысқа қалай қарайтындығы қалайда барлық оқушыға әсер етеді… Сондықтан да мұғалім өзінің мінез-құлқы, әрекеттері дүние жүзіндегі бірде-бір адамдарда болмайтын күшті бақылауда екендігін сезе біліп, өзін-өзі ұстай білуі қажет» (М.И. Калинин-деген сөздің мәні терең.

Мұғалім – өзінің бойындағы барлық қасиеттерін, адами және адамгершілік ізгіліктерін жас ұрпаққа беруге тырысатын мамандық иесі. Сондықтан да қандай қоғамда болмасын бала тәрбиесінде жүрген жандарға деген құрмет жоғары. Талғар қаласындағы №49 мектепті 2008 жылдан бері басқарып келе жатқан ұлағатты ұстаз, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, кеудесінде «Бірінші», «Парасатты педагог» төсбелгісі жарқыраған Алмагүл Асанова да соның бірі. Дөңгелек жүзді, бойынан қазақ әйеліне тән ибалы мінез бен кішіпейілдік қасиеті байқалып тұратын А.Асанова басқаратын мектепте 409 оқушы білім алса, оларға 46 мұғалім сабақ береді. Бұл мектеп 2013 жылдан бері сатылай кешенді оқыту технологиясымен жұмыс істеуге көшкен білім ошағы. Жыл сайынғы республикалық Олимпиадаларда бұл мектеп оқушылары жүлде алып жүрсе, соның бәрі білікті ұйым­дастырушы Алмагүл Асанова бастаған мектеп мұғалімдерінің ауызбіршілікті тірлігінің арқасы. ҚР Білім министрлігі мен Кіші ғылым академиясы және Абай атындағы педагогикалық университеттің «Құрмет грамотасымен» марапатталған Алмагүл басқаратын педагогикалық ұжым биылғы оқу жылын да табысты аяқтауға бар күш-жігерін жұмсауда. «Балапанды күзде санайды» – демекші, биыл осы мектепті бітіретін екі оқушы «Алтын белгі» және екі оқушы «Үздік аттестатқа» бітіруді межелеп отыр.

Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар»