Бақ жұлдызы жанады, туындап жатса жақсы өлең
…Әкімің де емеспін,
Болмадым тағы демеспін.
Сыйласқанмен сыйласып,
Егескенмен егестім.
Төрағаң да болғам жоқ,
Қарын өсіп, толғам жоқ.
Көппен бірге күн кешіп,
Қатардан да қалғам жоқ – деп жырлаған ақын Мұса Жанәділов атамыздың өлеңдеріне қарап мынау дүниеге жалғанның жазулы ғұмырын ғана көріп, пенделікпен өту үшін келмегені анық екендігін байқайсыз. Өзі тұщынған, түйсінген дүниелерді жыр мұрасы ретінде қалдыруды әу бастан айқындап алған екен әз жолына. Шынында да, адам болып өмірге келген соң, Жаратқан ие табиғи талант берген соң ел есінде ескерілердей ісіңнің қалғаны абзал-ау. «Ғалымның хаты қалады, жақсының аты қалады».
Биылғы мамыр айының 25-ші жұлдызында Жетісудың жампоз азаматтарының бірі, ақын, журналист, драматург, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, Талғар, Райымбек аудандарының «Құрметті азаматы», бірнеше дүркін жыр мүшәйраларының жеңімпазы Мұса Жанәділов 80 жасқа толады. 1941 жылы Алматы облысына қарасты Нарынқол ауданында дүниеге келіп, еңбек жолын туған ауылында клуб меңгерушісі болып бастаған Мұса атаның бойына біткен сол бір таланттың ұшқыны сезіміне қуат дарытып, маза бермесе керек-ті. Ол – Мәшһүр Жүсіп «адамға жастайынан жабысатын дертке» балаған өлең еді. Отандық поэзияның ордасына қадам басқан сонау 1962 жылдары алғашқы шумақтарынан-ақ шығармашылық жолда ерекше мақсаты, көзқарасы бар екендігін аңғартыпты. Оған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Дархан өміріміздің даңқын жыр етуге талаптанған бұл жастың өлеңдерінен біртүрлі жылылық сезінеміз. Кәдімгі қаламы төселіп қалған ақындардай-ақ өзінің ұтымды ой, жып-жылы сөздерімен қуантады бізді. «Қаракөл», «Атамекен», «Шатқалда» деген өлеңдерімен Мұса жыл сапарына еркін қадам басқаны абзал-ақ. Мұса жырлағалы отырған тақырыбын өзінің сезінуі арқылы өзінше ып-ықшамды ойлармен, теңеулермен жеткізе білуге ұмтылады. Жас талапкерге сәт сапар тілеймін» (Мұқағали. «Советтік шекара». 1962 жыл) деген оймақтай болса да мәйекті пікірі дәлел. Еліктеу, солықтау кезеңінен әлдеқашан өтіп кеткен, қаламгерлігі қалыптасқан ақын екендігін айтпай түсіндірген ой еді бұл.
«Советтік шекара» демекші, Мұса ата 1965 жылдан басталған журналистік жолында Нарынқол аудандық «Советтік шекара», Кеген аудандық «Қарқара», Талғар аудандық «Талғар» газеттерінде жұмыс істеген. Нағыз шығармашылықтың қазанына топ еткен бозбала көп оқып, көп тоқып, ысылады. Бала кезінен төңірегіне ойлы көзбен қарап, бәрін жүрек сүзгісінен өткізуге дағдылана өскен балаң жігіттің шикілі-пісілі бірдеңелерді жаза салуға дәті бармайды. Қайда барса да алдымен ақпаратын жинап-теріп, артынан екі шоқып, бір қарап, көкірек көзінен өткізіп барып оқырманға жөнелткен. Бұл мінезі поэзия атты киелі әлемнің табалдырығын шынайы, таза туындыларымен енуіне жол ашады. Ақ өлеңнің қасиетіне қара жағуға дәті бармай, әр өлеңіне, әр шумағына, әр жолына, әр теңеуіне ыждаһаттылықпен қарай біледі. Қызмет бабымен ел аралап, билік айналасының келеңсіз тұстарын көре жүре іштей күйзелітіні де сол еңбегіне деген адалдықтан туған арда мінез. Мұндай сәттерде бар сырын өлеңге ақтарады.
Кермек татыр кезі бар,
шекердің де, балдың да.
Қателесер кезі бар,
патшаның да ханның да.
Гүлденетін кезі бар,
теректің де, талдың да.
Сілкінетін кезі бар,
Жер-ананың, таудың да.
Тарынатын кезі бар,еңіреген ердің де.
Жалығатын кезі бар,
мезі болған елдің де.
Сәні кетер кезі бар, алтын,
күміс, жездің де,
Бәрін айт та, бірін айт,
түсіндің бе, сездің бе?!
Бұл жолдар ақынның сұңғыла ойымен, жүрегімен халқын, елін құлай сүйген адам ғана осылай асқақ сөйлей алады деген түйінге жетелейді.
Ақын үшін атамекен біртұтас ұғым. Түтіні де тәтті туған жерін жырлау арқылы даланың бар бояуын көре аласыз.
Табиғаты Кегеннің бөлек екен,
Көк шалғыны өрілген өлең екен.
Ән сап тұр ғой дүние, ән сап тұр ғой,
Естімеген құлақтар керең екен.
…Аспаны ашық Кегеннің түні жарық,
Жұлдыздары жатады тіліп, ағып.
Табиғаттың қойсаңшы сұлулығын,
Адам біткен тамсанып, қызығарлық.
Көк аспаны Кегеннің шатыр екен,
Бақыт, байлық бастау ап
жатыр екен.
Бәрінен де айтсаңшы адамдары,
Тау тұлғалы, тау мінез, батыр екен!
Қараңыз, кәдімгі кемпірқосақтың әсем әріндей әдемі суреттермен көз алдыңа бар дүниені дөңгелентіп әкеле салады. Ұйқастарды ұйыстыра, теңеулерді қиыстыра салмаған, айтарына салмақ қосып, оқырманын шырайлы жырмен табыстыра салған.
Мұса атаның енді бір өлеңдер шоғыры сүйіспеншілікке, іңкәр сезім – махаббатқа арналған. Мұнда да алдыңнан жаздың жанға шуақ самалындай сезімге бөленген алғаусыз сезім шығады, өлең қарсы алады.
Махаббаттар таң
болып таралмаса,
Бақыт, нұрға бөленбес
дала мына.
Махаббаттар паң
болып жаралмаса,
Болмас еді, қадірлі, бағалы да.
Махаббаттар
күн болып ашылмаса,
Сезбес едік жылылық,
ызғарыңды.
Махаббаттар өзен
боп тасынбаса,
Білмес едік сағынып,
қызғануды.
Қарапайым қайырылса да әсері қандай! Албырттық пен жастықты жамылып келіп, қосақтар арасындағы адалдықты, тұрақтылықты үндейді. Бұл бір ғана өлеңінде ғана емес. Ақынның махаббат туралы өлеңдерін оқып отырып, жанының кіршіксіз тазалығы жырына арқау болған-ау, деп томшыладым.
Иә, Өлең атты ұлы таудың бір асқарына қона алған Мұса Жанәділовтің жыр шырағын санама шамам жеткенше сіңіруге тырысып бақтым. Бұл ол кісінің толағай теңіз жырларының ішінен қасықтап алған бір парасы ғана. Атамның аппақ күлшесін қолтығына қыса ара-тұра редакцияға бас сұғып, кем-кетігімізді түзеп кететіні және бар. Есімде, алғаш жұмысқа тұрғанда жас деп қарамай, келіп, танысып, жылы сөздерін арнаған еді. Сол сөзі арқылы маған артылған сенімнің екі есе ұлғайғанын сезініп едім. Сол күннен бастап мен Мұса атаны рухани атам ретінде меншіктеп алдым. Міне, сексеннің сеңгіріне шыққан рухани атамның жүрегі тілеуіне жеткізгей. Торқалы тоқсан, ғасырлық жүз жастарында аман-есен қауышуды жазсын.
Меруерт Мәулет,
«Талғар»
Шығармашылық өмірін ауылдық аудандарда бастап, әлі күнге дейін сол ортада тұрып келе жатқан ақын өлеңдерін де, өзі Алматыда тұрып, Ақжайықты сағынатындармен салыстыруға болмайды. Басты ерекшелік те сонда. Мұса Жанәділов туған жеріне байланысты өлеңдерінде «Мен сені сенде тұрып сағынамын» деген өзіне ғана тән түйсік, сезіммен сағынады, аңсайды. Осы бір басқаларда көп кездеспейтін ақындық позиция оның «Түлеп ұшты жүректен жыр-құстарым» атты жинағының өн бойынан да көтеріңкі пафосымен айқын есіп тұр. Өнердің кереметі де сол ұлттық ерекшелігімен бағамдалмақ. Ең алдымен, Мұса Жанәділовті ұлттық мәтіндегі ақын деп тұжырымдауымыз ләзім.
Өмірзақ Мұқай,
ҚР Мәдениет
қайраткері,
әдебиетші: