Қазақ ұрпағымен мақтанады, ұрпағымен мәңгі жасайды. Үлгілі отбасының қашанда тірегі әке, жылу таратар жүрегі ана екені сөзсіз. «Отан – отбасынан басталады» десек, әрбір отбасы өз өнегесімен үлгі болып жатса қоғамның дамуына қосқан үлесі болар еді. Жарасымды жанұя қашанда көпке үлгі. Шаңырақ көтеріп, бала өсіріп, сол балаларының қызығын көруден асқан бақыт болмас. Бақытты өмірдің өзегіне айналып, ұрпақ өсірумен мың жасап отырған мәуелі бәйтеректер ауданымызға қарасты Тұздыбастау ауылының тұрғындары Өмірбай Рысқұлов пен Асылхан Байдайырқызы.
«Көңіл аудар даналардың сөзіне, адал жанды өнеге тұт өзіңе» деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, бүкіл өмірі көпке үлгі болған Өмірбай Рысқұлұлы 1938 жылдың 1 мамырында Алматы облысына қарасты Кеген ауданының Ұзынбұлақ ауылында дүниеге келіпті. Әкесі Рысқұл Алтынбекұлы мен анасы Рәпия Әшімбайқызы алты бала тәрбиелеп өсірген қарапайым шаруа отбасы болған екен. Балалық шағы Ұлы Отан соғысының отты жылдарымен тұспа-тұс келген Өмірбайды өмір әр қырынан сынап, шынықтырып, ширатқан. Әкесі Рысқұл Қарағанды шахтасында ФЗО-да еңбек еткен уақытта ол анасына көмекші, бауырларына қамқоршы болып, белі қайыса еңбекке ерте араласты. Еңбек адамы – қоғамды жаңғыртуға жұмылдырылған бірден-бір негізгі күш. Бүгінгі бейбіт өмірге, жаһанданған заман мен бақытты кезеңге жету жолында Өмірбай атамыз сынды қанша адамдардың еселі еңбегі мен маңдай тері жатыр десеңізші. Өмірбай атамыз 1954 жылы, небәрі 16 жасында «Ұзынбұлақ» асылтұқымды қой совхозында трактор жүргізіп, соғыстан кейінгі ел еңсесін тіктеуге өз үлесін қосып, дала төсінде қызу еңбектің ортасында жүрсе, 1969 жылы Ұзынбұлақ ауылынан жаңа ашылған Ыдырыс Көшкінов атындағы орта мектептің «48-48 АТП» нөмірлі көлігін жүргізіп, білім ошағының қабырғасындағы ауқымды істерді атқаруға барын салды.
Белгілі бір саланы меңгеріп, өз ортасына, еліне, жеріне қандайда бір жақсы істер атқарсам деп тұратын Өмірбай атамыздың өз ісіне деген сүйіспеншілігі, жұмысқа деген жауапкершілігі басшыларды тәнті ететін. Өмірбай ата «Шелек» автопаркінің ауылдағы бөлімшесіне жұмыс ауыстырып, жолаушылар тасымалдайтын автобус жүргізушісі болып еңбек жолын жалғастырды. 1987 жылы 33 жыл бойы ұстаған темір тұлпардың тізгінін шопанның ақ таяғына айырбастап, совхоздың бір отар қойын бағып, зейнет демалысына шыққан.
Үлкен шаңырақтың берекесі мен бірлігіне ұйытқы болып отырған бұл отбасының отанасы Асылхан Байдайырқызы ақтылы қой өргізген шопан Байдайыр Ұзақбайұлының кенжесі еді. Жастайынан еңбекке араласып, ата-анасының үлгі-өнегесін көріп өскен Асылхан әжеміз ибалы келін, адал жар, үлгілі ана бола білді. Атамызбен 1958 жылы отбасын құрған анамыз он бір баланы өмірге әкеліп, күнделікті тәрбиеде Өмірбай атамыз екеуі қазақтың «Атадан – өсиет, анадан – қасиет» деген аталы сөзінен туындайтын салт-дәстүрді шаршамай-шалдықпай бойларына дарыта білді. Үйдің үлкені әке екенін, оның сөзі ғана заң екенін білген балалары әке мен анадан, бірге туған бауырдан артық жанашыр әрі мейірімді ешкім болмайтынын біліп өсті. Мектепте де ұстаз, үйде де ұстаз ата-анадан алған тәрбие балаларының өмірден өз жолдарын адаспай табуларына бағыт-бағдар берді. Отбасының тұңғышы Анархан Алматы қаласындағы №82 орта мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары. «Қазақстан Республикасының Үздік мұғалімі» төсбелгісімен марапатталған, жоғары санатты математика пәнінің мұғалімі. Одан кейінгі ұлы Өмірғали Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің дене шынықтыру және спорт кафедрасының доценті, еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, еркін күрестен ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушысы. Гүлнарасы мен Эльмирасы Талғар ауданының білім саласында еңбек етіп жүрген білікті ұстаздар. Бірі Қазақстан Білім және Ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған №36 орта мектептің жоғарғы санатты орыс тілі пәнінің мұғалімі болса, енді бірі «Ұлағатты ұстаз » төсбелгісін иеленген №42 орта мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары. Ал Жанары Алматы қаласындағы № 162 балабақшаның меңгерушісі болып қызмет етіп жүрген «Білім беру ісінің үздігі». Гүлжазира кондитер-технолог мамандығын игерген ас мәзірінің шебері болса, Назгүл кәсіптік білім беру педагогы, қолөнер шебері. Ұлтай -кәсіпкер, Толқын – заңгер, Жанна әпкелерінің ізін жалғаған ұстаз, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Ата-анасының үміт артқан Мақсаты, отбасының кенжесі бастапқы әскери даярлық пәні мұғалімі. Мерейлі отбасының тұрмыстағы тірлік-тынысы өзгелерге өнеге боларлықтай. Ұл-қыздары сүйікті мамандықтарын игеріп, бір-бір әулеттің ұйытқысына айналған. Өмірбай атамыз бен Асылхан әжеміз ұл-қыздарынан 24 немере өрбітіп, 20 шөбере сүйіп отырған мәуелі бәйтерек.
Өнегелі жанұя 2012 жылы ауданымызға қарасты Тұздыбастау ауылына қоныс аударды. Балалары мен немере-шөберелерінің бақытына кенеліп отырған қариялар шынында да бақытты жандар. Бүгінде сексеннің сеңгіріндегі Өмірбай ақсақал әлі де қатардан қалған жоқ, балалары мен немерелеріне ақыл-кеңесін айтып отырады. Ақ жаулықты әжеміз де отбасын ұйытып, төрдің сәніне айналған. «Адам өмірде үш нәрседен қателеспесе, жолы болғаны: біріншісі – кәсіп таңдауда, екіншісі – жар таңдауда, үшіншісі – ұрпаққа өнегелі тәрбие беруде» деген даналар. Міне, кеудесіне «Тыл ардагері« мен «Халық қалаулысы» төсбелгісін қадаған Өмірбай атамыздың өмірі осылайша көпке үлгі боларлық.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар».