Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының архитектор мамандығында оқып жүрген Алмас Алматы байланыс колледжінің студенті Таисияны кезіктіргенде оның болашақ жары болатынына еш күмәнданған жоқ. Ұлты орыс болса да тілі, ділі қазаққа бергісіз Таисия қарапайымдылығымен, адалдығымен, шыншылдығымен бозбала жанын баурап алған-ды. Қазақылығы бұзылмаған оңтүстік өңірінің қырағы жігіті Жетісудың топырағынан нәр алып өскен сары қыздың бойынан қазақ қызына тән қасиеттерді байқайды. Әсіресе, қазақтың салт-дәстүрін шемішкедей шақпаса да тұрмысқа қажеттісінен құралақан еместігін көріп қуанып қалады. Осылайша сыйластығы жарасқан екі жас 2012 жылы шаңырақ көтеріп, болашақ өмірге қадамдарын бірге бастайды. Алғашында ата-енемен бірге тұрып, өмірдің үлкен мектебінен өткен соң екі жас жұмыс бабымен Алматыға ауысады. 2019 жылы Нұра ауылдық округіне қарасты Дәулет ықшам ауданынан үй салып, сонда көшіп барып, ауылдың қызу тіршілігіне араласып кете барады.
Еңбекпен мерейі өсіп келе жатқан жас жанұя ауылдықтар үшін де сыйлы. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ауыл намысы қорғалатын сындардан сырт қалған емес. «Еңбек бәрін жеңбек» деген ұранды ұстанатын Асановтар отбасы үшін мамыр мерекесінің де маңызы айрықша. Бірлік пен ынтымақ насихатталатын бұл мереке болашаққа нық қадам басқан жастар үшін тату отбасының жарқын үлгісіндей көрінеді. «Отбасы – шағын мемлекет. Отбасында сыйластық, ауызбіршілік болмаса керегесі сөгіліп, берекесі қашпай ма? Түрлі ұлт өкілдері бас қосқан елімізде де татулық пен бірлік болмаса ырысымыз артып, бейбіт тіршілік кешпес едік» , — дейді Алмас бізбен әңгімесінде.
Өмірдегі игіліктердің бәрі тек қана адал маңдай термен келетінін жас отбасы жақсы түсініп келеді. Отағасы жұмысынан қолы бос кезде келіншегінің бір жағына шығысып, үй іргесіне еккен көкөніс дақылдары мен шағын бау-бақшасының күтімімен айналысады. Бүгінде Арсен, Даниел, Абзал есімді үш ұлдың ата-анасы атанып отырған Алмас пен Таисия көпбалалы болуды да болашақ жоспарларына енгізіп қойған. Бақытты жанұяның жарқын үлгісін көрсетіп келе жатқан жас отбасының жігері мен болашаққа деген нық мақсаттарына қарап Отан іргесінің шайқалмайтынына бек сенімді боласың.
Меруерт Мәулет,
«Талғар»