«Отанның намысы үшін оттан қашпа, Шын сүйсең мақсатыңнан қия баспа, Тайсалма, бар, Отанның құрбаны бол, Өлімің орынсыз боп кетпес босқа» — деп орыс ақыны Н.А.Некрасов жыр арнағандай,1924 жылы 24 маусымда Нарынқол ауданы, Ф.Энгельс атындағы колхозда дүниеге келген Қанатай Қамырұлы Ұлы Отан соғысы басталып, Германия мен Кеңестер Одағы арасында өлім мен өмір арпалысқан алапат соғыс тұтанған кезде 19 жасар жігіт болатын.
Әкесі Абиров Қамыр ағаштан түйін түйетін шебер ұста еді. Ол кісіні 1942 жылы Батыстағы қан майдан соғысқа алып кетті де, 1943 жылы «хабарсыз кетті» деген суық хабар жетті. Қанатай ол кезде мұғалімдер дайындайтын 2 айлық курсты бітіріп келіп, Сүмбе ауылындағы жеті жылдық мектепте физика-математикадан сабақ беріп жүрген оқытушы болатын. Ақыры 1943 жылы оған да соғысқа шақырған қағаз келді. Соғысқа барысымен ол Бірінші Беларусь майданында атақты қолбасшы Жуков басқаратын артериялық полктың зенит қаруының көздеушісі болып соғысқа араласады. Математикаға жүйрік, ара қашықтықты тез әрі жылдам өлшей білетін алғыр жауынгердің атқан оқтары неміс бекіністеріне көбіне көп, дәл тиіп ойран-ботқасын шығаратын. № 1168 атқыштар полкінде полк командирінің көмекшісі болған Қанатай Қамыров орталық радиодан берілетін жаңалықтарды окоп ішіндегі түрлі ұлт өкілдерінен құралған жауынгерлерге хабарлап отыратын саяси жетекші міндетін де қоса атқаратын. «Отаның үшін отқа түс! Ажалың жетпей өлмейсің» деген халық даналығында сөз бар емес пе? Күні-түні ажал оғы себелеген ұрыс даласында жүрген қазақ солдаты сол бетімен Балтық жағалауы елдерін жаудан тазартып, неміс әскерлерін Польша мемлекеті үстімен Германия жеріне қайта апарып тықсырған 1945 жылы: «Жеңіс! Жау тізе бүкті» деген хабарды Грабов қаласында тұрған кезде естиді. Кеудесіне: «Ұлы Отан соғысы», « Жауынгерлік ерлігі үшін!»,«Жеңіс», «Германияны жеңгені үшін» атты орден, медальдары жарқыраған Қанатай Қамырұлы Ресей қалаларындағы қираған дүниені қалпына келтіру жұмысына қатысып, елге 1946 жылы ғана оралады. 1947 жылы Күшманова Нұрипа деген қызбен отау құрады.
«Он екі мүшең сау болса, Қара басың — ханмен тең!» — деп халық айтпақшы, соғыстан аман-есен оралған қазақ азаматы елге оралысымен Нарынқол өңіріндегі Қызыл шекара, Киров, Сарыжаз, Карл Маркс ауылдарындағы мектептерде физика-математикадан 1954 жылға дейін сабақ береді. Сол жылы КСРО Үкіметінің ауылшаруашылығы саласын өркендету туралы қаулысына байланысты Қанатай Қамырұлы Энгельс, Киров колхоздарына зоотехник болып барып , мал шаруашылығына бел шеше араласады. 1958-1961 жылдары Шымкент қаласындағы партия мектебінде оқып, шыңдалған жас коммунист Қарасаз, Энгельс колхозында партия ұйымының хатшысы, сосын колхоз бастығының орынбасары қызметін атқарады. Мінезі байсалды, саяси сауаты өте жоғары ол 1963-1966 жылдары Калинин колхозына ұжымшар бастығының орынбасары қызметіне жіберілсе, 1966-1984 жылдары «Коммунизм», «С.М.Киров» атындағы колхозды басқарады. «Қатты жерге қақ тұрар, Қайратты ерге бақ қонар» — демекші, қай жерге жіберілсе де халықпен түсінісе білетін Қанатай жұмысты ұтымды жүргізуге күш салатын. Ол Киров колхозында басшы болып тұрған кезде малды қыстауға апаратын. «Талас жолын» салып, ел жүрегінде қалса, Қақпақ ауылындағы «Сулы сай» шатқалында салынған он жеті шақырым жолды бұл күндері Нарынқол халқы «Қанатай ата» шатқалы деп мақтанышпен айтады. Еңбек жолында екі рет КСРО Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Құрмет белгісі» орденін кеудесіне таққан Қанатай Қамырұлы 1984 жылы зейнет демалысына шықты. Құдай қосқан жұбайы Нұрипа Күшманова екеуі 11 бала тәрбиелеп, бәрін де ұядан ұшырды. Бір өкініштісі, жұбайы Нұрипа Күшманова 2014 жылы дүниеден озды. Биыл 97 жасқа келіп, жарық дүниедегі қызығын ұл-қыздары мен немере-шөберелерімен қызықтап отырған Ұлы Отан соғысының ардагері Қанатай Қамырұлы енді соғыс деген зұлматтың болмауын тілейді.
Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар»