ДАРХАН ДАЛАНЫҢ ДАНАСЫ – ЖАМБЫЛ

ДАРХАН ДАЛАНЫҢ ДАНАСЫ – ЖАМБЫЛ
Ұлы қазақ даласын теңдессіз жырларымен сусындатқан Жамбыл Жабаев өзінің жүз жылдық ғұмырында тау мен даланы жырлады. Бозбала шағынан-ақ көрші елдерге аты тарап, даңқы жайылған. Сол кезден бастап ақын өзінің суырып салма өнері арқылы қазақ қоғамының өзекті мәселелерін қозғады, халықтың мұң-мұқтажын сөз етті, бостандық үшін күресуге шақырды.
Жамбыл екі заман тұсында өмір сүрді. Екі дәуірдің куәсі болған ақын өз көзімен көрген өмірдің бар шындығын жырлады.Поэзия әлеміндегі халқының мақтанышы, заманына XX ғасыр Гомері, айбынды да айдынды жыр асылына айналды. Айтыскер ақынның терең тарихқа, ақыл-ойға, парасатқа, мөлдір сыр­ға, нәзік сезімге толы поэзиясы өлеңге құштар, өнерсүйер әрбір жанды сүйсінтті. Жамбыл есімі жаңашылдықтың үрдісінде көш бастайтын, шығармашылығы әлі де зерттеуді қажет ететін бірден-бір тұлға.
Қалың жұртшылықтың махаббатына бөленген ақиық ақын бүгінде 175 жасқа толып отыр. Осыған орай жетекшілеріміз Е.Аққазин мен Л.Құрбанованың ұйымдас­тыруымен ZOOM платформасында «Жыр алыбы – Жамбыл» тақырыбында тәрбиелік іс-шара өткізілді.
Іс-шараның жоғары деңгейде ұйым­дастырылып, өткізілуіне өзінің педагогикалық шеберлігімен басшылық жасаған «Педагогика және білім беру менеджмент» кафедрасының доценті,педагогика ғылымының кандидаты Роза Садыққызы Қасымова ұстазымызды айтуға болады.
Тәрбиелік іс-шараның мақсаты: студенттерді ұлы ақынның өмірлік және шығармашылық жолымен, соғыс жылдарындағы өлеңдердің тақырыбы мен идеялық мазмұнымен таныстыру. Жамбыл Жабаевтың өмірі мен қызметі мысалында студенттерді патриоттық, ар-намыс, адамгершілік сезімдерін, белсенді өмірлік ұстанымда тәрбиелеу болатын. Сонымен қатар студенттердің шығармашылық қиялын дамытуға, ұлттық көркемдік дәстүрге қатысуға деген ұмтылысын арттыруға ықпал ете отырып, еліміздің тарихи және мәдени мұрасы туралы білімдерін байыту.
Жамбылдың ақындығына қазақ даласының небір ірі тұлғалары әділ баға беріп, шын тәнті болған. Жазушы Мұхтар Әуезов Жамбылды: «Ақыл-ойдың алғыры, өзгеге ұқсамайтын дара» десе, Ілияс Жансүгіров: «Жамбыл жырлары Бұғымүйіз, Бесмойнақ жайлауларының гүліндей алуан түрлі болып келеді. Хош иісі күншілік жерден аңқып тұрады. Ақын жырын тыңдаған сайын, көк жайлауда жүргендей әсер аласың» деп жазған болатын. Бұл сөздер – ақынның өмірі мен шығармашылығына, оның ғасыр жасаған, ерлікке толы поэзиясына берілген әділ баға, өскелең ұрпақтар үшін мән-мағынасын ешқашан жоймайтын құнды деректер.
Жамбыл Жабаевтың шығармасындағы ауызша поэзиясының қазіргі заманғы сөз өнерімен үндесуі, оның шығармаларының мазмұны мен мәні бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған.
Меруерт Дарубай,
әл-Фaрaби aтындaғы ҚaзҰУ-дің
Тұрaқты дaму бойыншa және
ЮНЕСКО кaфедрaсының
1 курс мaгистрaнты