«Көктемнің бір күні – жылға азық» деген диқандар күн көзі жылып, жер сызы кетісімен дала төсінде егіс жұмыстарына дайындықты бастайды. Қазір егістік жерді тазалау, жер жырту, тұқым себу жұмыстары қызу қолға алынған.
Биылғы жылы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жоспарына сәйкес 32566 гектар жерге ауылшаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған болатын. Оның ішінде 13585 гектарға дәнді дақылдар, 4550 гектарға майлы дақылдар, 3056 гектарға картоп, 2721 гектарға көкөніс, 220 гектарға бақша өнімдерін, 2200 гектарға сүрлемдік жүгері, 50 гектарға бір жылдық шөп және 6184 гектарға жоңышқа егілмекші.
Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу жоспарына сәйкес бүгінгі күні 22028 гектар ылғалды жабу жұмыстары жүргізіліп, 10538 гектар жер жыртылған. 23038 гектар жер егіс алдындағы өңдеуден өткен. Бүгінгі таңда «Байсерке-Агро» ЖШС, «La Fattoria» ЖШС-і, «Айршир» ЖШС-і, «Еңбек» ШҚ және басқа да шаруа қожалықтары 2440 гектар жерге жаздық дақылдарын егіп қойды.
Көктемгі егіс жұмыстарына арзандатылған бағамен, яғни 165,5 теңге көлемімен 500 тонна дизель отыны бөлінген. Бүгінгі таңда 226 тонна сұйық отынға «Еңбек» ШҚ, «La Fattoria» ЖШС-і, «Айршир» ЖШС-і, «Будан» ЖШС-нен 4 өтініш қабылданып, 116,5 тонна дизель бөлініп, игерілді.
Көктемгі дала жұмыстары мен егін егу жұмыстарына ауданымызда 928 трактор, 227 соқа, 152 культиватор, 540 тырма, 213 тұқым сепкіш, 25 тұқым дәрілегіш, 552 жүк автокөліктері жұмылдырылуда. Көктемгі науқанға техникалардың дайындығы ойдағыдай.
Тағы бір айта кететін жайт, ауданымызда жалпы ауданы 7,3 гектар 9 меншік иеліктегі 18 жылыжай жұмыс істеп тұр. Олардың 3-і өнеркәсіптік, 6-ы фермерлік жылыжайлар. Бүгінгі күні жылыжайларда күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде.
«Көктемгі егіс – күзгі ырыс» демекші, көктемгі егісті бастаған талғарлық шаруалардың ертеңгі күні ел несібесін молайтатынына сенім зор.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар»