Нәтижеге жетелейтін «мобильді ауыл»

Нәтижеге жетелейтін «мобильді ауыл»

Адалдық. Жылдамдылық. Үнемділік. Бұл – «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі аясында жүзеге асқан «Мобильді ауыл» жобасының негізгі ұстанған бағыты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын» іске асыру бағытында қолға алынған жаңа жүйе алдымен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оны болдырмау жолын ұстанады.

Бұдан бөлек интернет желісін пайдалана отырып заманауи технологияларды қолдану есебінен елдің әрбір азаматының тұрмыс деңгейін арттыруды көздейтін «Цифрлық Қазақстан» деп аталатын кешенді бағдарламаның да бағыттары осы жоба ішіне кірген. Осы тектес маңызды құжаттардың төңірегінде қолданысқа енген «Мобильді ауыл» жобасы жергілікті елді мекендерде нәтижелі жұмысын бастап кетті. Алматы облысының ауылдарында іске қосылған жобада «WhatsApp», «Telegram» мессенджерлері бойынша халық пен билік арасында байланыс орнатылмақ. Яғни тұрғындар білім, денсаулық, мәдениет, құқық қорғау, тазалық, басқа да әлеуметтік салалар мен мекеме басшыларының жауапкершілігі сынды өздерін толғандырып жүрген сауалдар бойынша өтінішін жолдай алады. Тіпті дәлелді фото, видео жіберуіне де болады. Яғни әкімнен бастап қарапайым күзетшіге дейін отыратын «жұмыс чатына» хабарлама жаза отырып, уәкілетті органдарға өз өңірінде қандай да бір шешілмеген мәселелердің бар екендігі туралы өтінішін жеткізе алады.

Айтулы жоба іске қосылғалы Нұра ауылдық округінің тұрғыны Жарқын Сәрсенбаева әлеуметтік желіні үнемі қадағалап отыратын болды. Өйткені «WhatsAppтағы» «Мобильді ауыл» чаты арқылы ауылдағы соны жаңалықтардан тысқары қалғысы келмейді. Жарқынның ойынша бұл қарапайым тұрғын үшін өте қолайлы жоба болып отыр.

— Ескертпелер мен хабарландыруды жедел түрде біліп отыратын болдық. Соған қарай үйден шықпай-ақ бар ақпаратты алып отырмыз. Алыстағы аудандық әкімдік тұрмақ ауылдық әкімдікке қарасты жұмыстарды да осы алақандағы телефонға қарап тындырып жатырмыз. Кезінде жұрт таңның атысынан әкімшілік алдына келіп, басшылардың қабылдауына алдын ала жазылып, сарғайып кезек күтіп тұратын еді. Қазір әкім де осы чатта халықпен бірге. Ауырып қалсақ та жедел жәрдемді осы чат арқылы шақырып алуға болады. Уақытты үнемдеу тұрғысынан ұнап жатыр. Сауаттанып алдық, — дейді Жарқын Талыбекқызы.

Айта кетелік, аталмыш жоба ауданымызға қарасты Алатау, Белбұлақ, Бесағаш, Бесқайнар, Қайнар, Кеңдала, Тұздыбастау, Панфилов, Нұра, Гүлдала ауылдық округтерінде іске қосылып, жұмысын бастап кетті.

Меруерт Мәулет,
«Талғар»