ЖАҚСЫ ЖАСТАН ШЫҒАДЫ
Өткен жылдың басынан бері республикалық деңгейде өткен «Біз біргеміз» атты қайырымдылық акциялардың карантиндегі халықтың жыртығына жамау болғанын көз көрді. Өздеріне артылған жауапкершілікті сезінген әр өңірдің атқа мінер азаматтарының демеушілігімен көптеген игі істер жасалды. Замира Нұрланқызы жетекшілік ететін ауданымыздағы жастар ресурстық орталығы індет күшейіп қызыл деңгейді көрсеткен бүгінгідей уақытта да жұмыс қарқынын бәсеңдетпеуге тырысып-ақ келеді.
Өздеріңізге белгілі Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, еліміздің бірқатар өңірлерінде «Мейірімді жүрек» акциясы бастау алған болатын. Өз кезегінде Талғар жастары бұл бастаманың аудан ішінде көрініс табуына күш салуда. Сондай игі істің біріне Талғар ауданының жастар ресурстық орталығы мұрындық болып қасиетті айдың басын қайырымды іспен бастауды жөн көрді. Алатау ауылдық округіне қарасты Қызыл-Қайрат ауылындағы аз қамтылған және көпбалалы санатына жататын бірқатар отбасыларға «Талғар медициналық колледжі» мекемесінің құрылтайшысы Досбаев Жеңіс Әшірұлының демеушілік көрсетуімен азықтүлік себеті ұсынылды. Қолында барын қауыммен бөлісуді қалаған іскер азамат осылайша үзеңгілестеріне үлгі боларлық іс жасап бастамаға қолдау көрсетті.
Сонымен қатар орталық мамандарының ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік мәңгілік елдің тұғыры» атты аудан жастарымен онлайн кездесуі болып өтті. Онлайн форматта өткен кездесудің қонағы ақын, журналист, М. Жұмабаев атындағы Халықаралық Жастар әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан авторлар қоғамының мүшесі, Дүние Таланттары Одағының мүшесі, «Жібек сезім» жинағының авторы Баршын Ізбасар болды. Жастардың бойындағы отансүйгіштік, адалдық, мейірімділікті оятуға бағытталған шараға аудандық кітапхана қызметкерлері, ауылдық округтердегі жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушылар, NEET санатындағы жастар қатысты. Еркін форматта өткен жиында ақынның өлеңдері оқылып, шығармашыл жастардың қойған сауалдарына жауап беріліп сұхбатқа ұласқан. Міне, жігерлі жастардың көзіндегі оты, білегіндегі күші сан саланы кез-келген кедергісін бұзып ойындағысын орындауға мүмкіндік беретінін жасап жатқан жұмыстары байқатады.
Дархан МАҚСАТҰЛЫ,
«Талғар»