Тозақ отынан оралған жігіт

Тозақ отынан  оралған жігіт

Осыдан 35 жыл бұрын, яғни 1986 жылы 26 сәуірде Украинаның Чернобыль қаласындағы атом-электр станциясының төртінші блогы жарылды. Сол кезде КСРО Қорғаныс министрі Д.Язов қойған № 045 құпия бұйрықта: «…Залалсыз­дандыру жұмыстарына жасы 30-ға жеткен, әрі үйленген, екі немесе одан да көп баласы бар азаматтар ғана тартылсын. Бұл жұмысқа тартылу мерзімі үш айдан аспасын» деп жазылған еді. 1986 жылы 26 сәуірдегі апатты тек екі күннен кейін ғана «Правда» газеті қатардағы жағдай ретінде көрсетіп, екі-ақ адамның өлгенін жазған-ды. Шын мәнінде алғашқы күні-ақ мыңдаған адамдар қаза тапқан болатын.

1963 жылы 15 ақпанда Арал қаласында дүниеге келген Бексұлтан  Аяпов 1982 жылы әскер қатарына шақырылып,  ол сарбаздық міндетін Украинаның  Сумская облысы, Шостка қаласында  екі жыл  сапёрлер  бөлімінде  өтеп қайтқан  сарбаздың бірі еді. 1986 жылы 26 сәуірде  Чернобыль  апаты болған кезде Бексұлтан әлі үйленбеген 24 жасар жігіт болатын. Ол  Орта Азия  Түркістан әскери  округінің 276 әскери бөлімінің сапында Чернобыльдегі химиялық  қорғау  бөліміне жіберілді. КОКП Орталық  комитетінің  бас хатшысы М.С.Горбачев Орталық  теледидар  арқылы тек 14 тамызда ғана ресми хабар  жариялады.  Апат аймағы  Киевтен 157 шақырым қашықтықта еді. Сол кезде 30 шақырымдық апат аймағында 125 мыңға жуық  адам  болған. Апат кезінде  жарылған 4-блоктан  небәрі 8 минутта  шыққан 140 тонна  радиоактивті  отын ауаға тарады.  Оның зияны  АҚШ-тың Хиросима  мен Нагасаки  қалаларына  тастаған екі атом  бомбасына тең  тұғын.  Улы сәуле  дауылы  Украинаның Киев, Житомир,  Беларуссияның  Гомель,  Могилев,  Ресейдің  Брянск  облыстарына  толығымен тараған  сұрапыл апат еді. 1995 жылы Біріккен Ұлттар  Ұйымының  есебі бойынша, Чернобыль  атом станциясынан  тараған радиоактивті  отынның  тозаңы 160 мың  шақырым аумаққа тарап, одан 17 миллион  адам зардап шеккен.

Міне, сол Чернобыль  апатының  отты қазанында 26 қаңтардан 28 мау­сымға дейін  алты ай бойы  жанын шүберекке  түйіп жүріп,  әскери тапсыр­маларды мүлтіксіз орындаған   қазақ сарбазы Бексұлтан  Аяпов  осы бір «тозақ отынан» Қазақстанға  аман-ес­ен  оралып еді.  Бексұлтан 2015 жылы Чернобыль  апатына қатысқан  бір топ азаматтармен бірге  Талғарлық  «Чернобыль  ардагерлері  Одағы»  бірлестігін құрып,  өзі бір ауыздан  соның  төрағасы болып сайланды.  «Батыр — ол  адамзат  қоғамының  мүддесі үшін  сын  сағатта қолынан келген  барлық  мүмкіндікті  жасай  алатын адам», — деп Б.Момышұлы  айтқандай,  кеудесінде: «Чернобыль апатының  ардагері», «Чернобыль апатының 25,30 жылдығы»  мен Б.Момышұлы  атындағы  «Батыр шапағаты» медальдары жарқыраған  елу сегіз  жасар азамат Бексұлтан  Аяпов  Чернобыль апатынан оралған  соң  бейбіт өмірде талай-талай  жауынгер достарынан айырылғанын бұл күндері тек қамыға отырып  еске алады. Иә, сол  бір қиямет-қайым  орнаған кезді ұмыту мүмкін емес.

Тұрсынбек Жалғасбаев, 

«Талғар»