Міне, күллі мұсылман қауымы үшін теңдесі жоқ аса қасиетті Рамазан айы да басталды. Былтыр да, биыл да ораза уақыты коронавирус індетіне байланысты пандемиямен қатар келіп отыр. Осы ретте көпшіліктің көкейінде жүрген бірқатар сауалдарға қатысты аз-кем ақпарат бере кеткенді жөн көрдік. Әсіресе, денсаулыққа, оразаны бұзатын амалдарға қатысты мазалайтын сауалдар көп-ақ. «Коронавирус жұқтырған адам ораза ұстай ма?», «Вакцина салдыруға бола ма», «Оразаның мәкруһтері қандай?» осы және өзге де сауалдарға жауап іздеп аудандық мешіттің бас имамы Елжан Қажымұқан Қамбарұлына жолыққан едік.
— Қажымұқан Қамбарұлы, мұсылмандар үшін ораза тұту парыз екені белгілі. Десек те, науқас жандарға жеңілдік бар ма, қандай ауру түрлері ораза ұстамауға негіз бола алады?
— Рамазан айы – Алла Тағаланың ерекше ықыласы түскен, шарапаты мол ізгі ниетті істер үшін сауабы көп, жыл он екі айдың ең қадірлісі. Мұсылмандар қадір тұтатын қасиетті Құранның алғашқы аяттары да Алла Тағала тарапынан рамазан айында түсіріле бастаған. Сондықтан рамазан айы – Құранның, құлшылық пен тәубе, кешірімнің айы. Ораза нәпсіні тізгіндеп, жүректі тазартады.
Алла Тағала құлына тек күші жететін нәрсесін ғана міндеттейді. Өйткені Ұлы Жаратушы иеміз бізге ауырлық емес, жеңілдік қалайды. Бұл жайында қасиетті Құранда: «Парыз ораза санаулы әрі белгілі күндерде ғана өтеледі. Араларыңнан әлдекім ауырып қалып немесе сапарда жүріп ораза ұстамаса, (қаза болған күндерін) басқа уақытта ұстасын. Ораза ұстауға шамасы әзер жететіндер, яғни, қарттар және созылмалы дертке шалдыққан науқастар қаза болған әр күнге фидия ретінде бір жарлының (бір күндік екі мезгіл) тамағын немесе соның құнын ақшалай беруі керек», – делінген («Бақара» сүресі, 184-аят). Тағы бір аятта: «Өз-өздеріңді қауіп-қатерге итермелемеңдер», — дейді.
Ал туберкулез, қатерлі ісік, қант диабеті, асқазан жарасы, тыныс және жүрек демікпесі (астма) секілді ауыр дертке шалдыққан науқас жандар және жасы үлкен егде адамдар ауыз бекітуге шамасы келмесе, ораза ұстамайды. Мұндай адамдар Рамазан айында ұстамаған оразасы үшін підия (төлемақы) береді. Жағдайы жетпейтін кісілер фидия беруге міндеттелмейді.
Фидия – ол орта есеппен бір адамның күнделікті екі мезгіл (таңғы және кешкі) ішетін асы. Оның мөлшері биыл 2500 теңге деп белгіленді. Фидия беруге жағдайы болмаса, төлемнен азат етіледі. Ол адам Алла Тағаладан кешірім тілейді. Алдағы уақытта науқас ауруынан айығып кетсе, дәрменсіз адам күш алса, үзірі кеткен боп саналады да, берген фидиясы жойылады («Әл-фәтауа әл-һиндия», 1/227). Яғни бұрынғы оразалардың қазасын өтейді.
Рамазан айының қазасын өтей алмаған адам ажалы таяп, өлер шағында артындағыларға қалған малынан фидия беруді өсиет етеді. Бұл өсиет марқұмның мал-мүлкінің үштен бірінен жұмсалады («Әл-муфассал фи әл-фиқһ әл-ханафи», 286). Фидия кедейлерге, тұрмыстық жағдайы төмен адамдарға, хәлі нашар жандарға үлестіріледі.
-Коронавирус жұқтырғандар ауыз бекіте ме?
-Егерде ораза ұстаған адамның сырқаты әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, тынысының тарылуы сынды т.б. қиындықтар тудырып, халі уақытша нашарлайтын болса, онда ауырған күндері ораза тұтпайды. Бұл коронавирус дертіне де қатысты жағдай. Бірақ науқасынан айығып, ауыз бекітуге шамасы келген кезде тұтпаған күндерін Рамазан айынан кейін толықтырып өтеуі керек. Қаза оразаны үздіксіз тұту шарт емес. Қаласа бөліп, қаласа үздіксіз тұтады. Қазасын келесі оразаға шейін ұстап үлгермесе, онда ол оразаны Рамазан айынан кейін де өтесе болады. Бұларға фидия өтемі рұқсат емес.
— Вакцина, екпе ( укол) салдырса ораза бұзыла ма? ПТР-тест тапсыруға бола ма?
Негізінде шариғат бойынша адам ағзасына ауыз, мұрын, ішек сияқты табиғи жолмен түскен нәрсе оразаны бұзады. Ал екпе бұлшықетке салынады. Сондықтан коронавирусқа қарсы вакцина оразаны бұзбайды. Қазір ислам ғалымдарының көбі екпе арқылы денеге салынатын дәрі-дәрмекке ем және адам ағзасына қажетті энергия ретінде қарайды екен. Ал көктамырға салынатын екпеге қатысты ортақ бір шешім жоқ. Егер екпе терінің астына бұлшықетке салынса, ораза бұзылмайды. Жалпы, пенициллин, инсулин, вакцина, ауырсыну мен қызуды басатын дәрілер сияқты ауруды емдеуге және алдын алуға арналған препараттар мен дәрумендер қолданылған жағдайда ораза бұзылмайды.
Сол сияқты ПТР-тест оразаны бұзбайды. Өйткені тест құрғақ күйінде тамақтан және мұрын қуысынан алынады. Ішке қарай ешқандай дәрі немесе сұйықтық өтпейді.
-Көзге, құлақ пен мұрынға дәрі тамызу оразаны бұза ма?
-Көзге дәрі тамызу оразаны бұзбайды. Себебі көз бен ішкі қуыстың (тамақ) арасында байланыс жоқ. Құлақ пен мұрынға дәрі тамызуда абай болған дұрыс. Өйткені екеуінің ішкі қуыспен (тамақпен) байланысы бар. Егер көп мөлшерде дәрі сұйықтығы құлақ пен мұрын арқылы ішке, асқазанға өтіп кететін болса ораза бұзылады. Ал аз мөлшерде ұқыпты пайдаланып, ішке енуіне жол берілмесе онда оразаны бұзбайды.
-Рамазанда қан алдыру оразаны бұза ма?
-Ораза ұстаған адамнан қан алдыру оразаны бұзбайды. Өйткені ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.у) аузы берік бола тұра қан алдыртатын болған. Сахих Бухариде риуаят етілген хадисте сахаба Абдулла ибн Аббас (р.а.) былай дейді:«Алланың Елшісі (с.ғ.с.) аузы берік бола тұра хиджама жасататын». Әйтсе де, аузы берік адам қан алдыртқанда әлсіреп, ораза тұтуы қиындап кететініне көзі жететін болса, оған қан алдыру мәкрүһ болып саналады. Бұл жайында сахаба Әнәс ибн Мәликтен (р.а.) бір кісі: «Сендер аузы берік кісіге қан алдыруды (хиджама) құптамаушы ма едіңіздер?», – деп сұрағанда, сахаба: «Егер әлсіздік тудырған болса, біз оны құптамайтынбыз» -деген екен.
— Антисептик қолдануға бола ма?
— Антисептиктің құрамында спирт болса да, төтенше жағдай кезінде пайдалануға рұқсат етіледі. Ондай шаралар адамның денсаулығын қорғауға арналған. Сол себепті оразаны бұзбайды.
— Тіс жұлдырса, ораза бұзыла ма?
— Тіс жұлдырған кезде тамаққа ештеңе өтпесе, ораза бұзылмайды. Бұған ханафи мәзһабына қатысты «Раддул мұхтар» атты кітабындағы мына сөз дәлел: «Тістерінің арасынан қан шығып, тамағына барса, яғни ішке өтпесе, аузы ашылмайды. Бірақ, тамақтан ішке өтсе де, қан түкіріктен басым не бірдей болса, немесе қанның дәмін сезсе, ораза бұзылады.
— Ауыз берік кезде моншаға түсуге бола ма?
-Монша буға шабыну арқылы жуынып-шайынатын жер болғандықтан, моншаға түсуді ауыз ашар уақытына қалдырған дұрыс. Одан да душқа шомылуға немесе ванна қабылдауға болады. Тек, ауыздан не мұрыннан ішке су кетіп қалмау жағын ескеру керек.
-Шаш кесу, тырнақ алу, бояу оразаға кедергі ме?
-Шаш бояу, шаш қысқарту, тырнақ бояу оразаны бұзатын жағдайларға жатпайды. Алайда, намаз оқитын кісінің тырнаққа жағылған бояуы дәретіне және ғұсылына кедергі екенін ұмытпаған жөн.
— Құсса ораза бұзыла ма?
— Ораза кезінде аузы берік кісі «еріксіз» құсса ораза бұзылмайды. Ал ауызды толтыра әдейі құсу оразаны бұзады. Ондай жағдайда Рамазан айынан кейін сол күнді қайта тұту керек. Кәфарат қазасы керек емес. Ауыз толы болмаса бұзылмайды.
Бұл жайында имам Тирмизиден жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Еріксіз құсық келген кісі (оразасын) қазасын өтемейді. Ал әдейі құсқан болса (сол күнгі оразаның) қазасын өтесін», — дейді.
— Қажымұқан Қамбарұлы, оразаның мәкруһтері қандай?
— Оразада сүйісу, тағамның дәмін татып көру, сағыз шайнау, мисуактан басқа щетка сияқты нәрселермен тісті тазалау мәкруһ істерге жатады. Щеткамен тіс тазалау рұқсат амалдардан, бірақ ішке кетіп қалмауын қадағалау қажет.
Рамазан – мұсылмандар үшін қасиетті және берекелі ай. Мың айдан да қадірлі болып есептелетін Қадір түні де осы айдың ішінде. Ішкі дүниемізді жаман ойлардан және сыртқы дүниемізді жаман әрекеттерден тазартатын оразаның қадір-қасиетін жан-тәнімізбен түсінейік. Ұлылығы шексіз Алла Тағала: «Адам баласының ұстаған оразасынан басқа барлық амалдары өзіне. Ал оразаның жөні бөлек. Өйткені, ораза Менің разылығым үшін ұсталады. Сондықтан да оның сауабын Өзім беремін» — деген. Қасиетті Рамазан айында ұстаған орзаларыңызды, құлшылық – ғибадаттарыңызды Алла Тағала қабыл етіп, мол сауаптан жазсын!
-Тұщымды сұхбатыңызға көп рахмет!
Райхан Азимова,
«Талғар»