Алла Тағаланың бір адамның ризығы мен нығметін өзге кісілерден артық не кем беріп қоюында үлкен хикмет бар. Демек, байдың малында мұқтаждың хақысы бар деген сөз. Дәулетті кісі Алланың берген нығметін Оның разылығы жолында садақа етсе – үлкен сауапқа кенеледі.
Исламда «садақа жария» деген ұғым бар. Қоғамның, халықтың игілігі үшін жасалған сауапты істерді «садақа жария» дейді. Мешіт, медресе, аурухана тұрғызу, көше, көпір салу, ауызсуы жоқ ауылдарға су тартып, құдық қаздыру, міне, бұлар халықтың игілігі үшін жасалған сауапты істер. Тіпті, мұсылманның көңілін көтеріп, үміт сыйлау, түк бере алмасақ та, оған жымиып қараудың өзі – сауап. Сауапты көктен іздеп қажеті жоқ. Ол біздің айналамызда. Қамкөңіл жанға көмек қолын созу – ол да қайырлы іс. Өз отбасымыздан бастап, көрші-қолаң, ағайын-туыстарға, жалпы жұртқа шарапатымызды шашып, қайырымдылығымызды көрсету – мұсылмандық әрі азаматтық борышымыз.
Айтулы азаматтық борыштан танбаған Нұра ауылы мешітінің жамағаты демеушілермен бірлесе отырып 9 сәуірде аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы, асыраушыларынан айырылған, әл-ауқаты төмен 55 отбасына азық-түлік себетін таратты. Қасиетті ораза айының алдында қамкөңіл жандарға демеу болып, көмек қолын созған жомарт жандардың бұл қайырымды істері көпке үлгі болмақ. Алла Тағала «Әли-Ғимран» сүресінде: «Жақсы көрген нәрселеріңді, (мысалы дүние-мүлік, күш-қуат, ақыл, білім, т.б.) Алла жолында жұмсамайынша, шынайы түрде жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар», – деп баяндаған. Олай болса қайырымдылық – сауабы мол амалдың бірі.
Ертеде француз математигі Блез Паскаль: «Кімде кім жақсылықты игі ниетпен жасаса ол кәміл адам, ал кімде кім жақсылықты пайда көруді ниеттеніп жасаса ол жарым адам», — деген. Ендеше ақылымызды тиімді пайдаланып, көптеген игі амалдардың жүзеге асуына ықпал етіп, кәміл адамның қатарында қоғамға пайдасы тиген мұсылмандардан болуға атсалысайық !
Айнаш ӘЛДИБЕК,
«Талғар»