Мектеп құрылысы тұралап тұр
Апта басын қарқынды бастаған аудандық «Nur Otan» партиясының бақылау комиссиясы қаламызда жаңадан бой көтеріп жатқан 1200 орындық мектептің құрылысын бақылап қайтты. Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Айдар Сарипов бастап барған комиссия мүшелері, депутаттар Бауыржан Аукенов, Шыңғыс Жаманов, партия төрағасының бірінші орынбасары Бақыт Күрішбеков пен қоғам белсендісі Клара Хасановаларды құрылыс басында аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Мади Отарбаев қарсы алып, құрылыс жұмысы барысымен таныстырды.
Өткен жылы бастау алған жаңа мектептің құрылысын «Bi Global» ЖШС-і жүргізіп жатқан еді. Жалпы алаңы 4,7 гектар жерді алатын мектеп салуға бюджет қоржынынан 3 млрд. 150 млн. теңге қаражат бөлінген болатын. Бүгінде осы қаражаттың 1 млрд. 372 млн. теңгесі игерілген екен. Келісімшарт бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары биылғы жылдың желтоқсан айында аяқталады деп жоспарланған. Десе де, құрылыс жұмысының бүгінгі қарқыны дер кезінде аяқталатынға ұқсамайды. Құрылыс жұмыстарын егжей-тегжейлі аралап көрген комиссия мүшелері жұмысның тұралап тұрғанын анықтады. Әлі күнге дейін мектеп ғимараттары толығымен бой көтермеген. Құрылыс басынан жұмыс жасап жүрген бірен-саран ғана құрылысшыны көзіміз шалды. Жұмысты жүргізуге қажетті құрылыс материалдарымен толық қамтылмаған. Мердігер компания «Bi Global» ЖШС-і құрылыс жұмыстарын қосалқы мердігерлер «KazStroiCompani» ЖШС-ге тапсырған екен. Бұл компанияның өкілдері жұмысты жалғастыру үшін мемлекеттен бөлінетін қаражатқа тәуелді болып отырғандықтарын айтты. Құрылыс нысанына қажетті қаражаттың уақытылы аударылмай отырғандығының да өз себебі бар екен. Бүгінгі күнге дейін жаңа мектеп құрылысына тапсырыс беруші аудандық құрылыс бөлімі болса, биылғы жылы тапсырысты облыстық құрылыс басқармасы өз қолына алған-ды. Сол себепті де қаражат мәселесін шешу кейінге шегерілген. Партия белсенділері бұл мәселені өз назарларына алып, құзырлы органдарға хат жолдап, қаржы мәселесін шешуге ықпалдасатындықтарын жеткізді. Комиссия мүшелерін алаңдатқан тағы бір жайт жаңа мектепке су мен кәріз жүйесін жүргізу мәселесі болды. Аталмыш мәселеге орай дайын жобаны көрсете алмаған компания мамандары оның жүргізілу жолдарынан да бейхабар болып шықты. Сондықтан да халық қалаулылары мен қоғам белсенділері бұл мәселеге қатты алаңдаушылық танытып, алдағы күндері кәріз жүйесін жүргізуге жауапты мамандармен бірлесе кездесу өткізіп, бас жоспарды қайта қарау керектігін ұсынды.
Бұл күнгі жұмыс барысында бақылау комиссиясының мүшелері мен қоғам белсенділерінің құрылыс жұмыстарына көңілі толмады. Бұндай қарқынмен жаңа мектебіміз жоспарлы уақытында аяқталмайтын сыңайлы. Балалар жаңа мектеп табалдырығын келесі оқу жылында бірақ аттай ма деген күмән қалды. Құрылыс жұмыстары діттеген уақытында аяқталып, толық тапсырылғанша «Nur Otan» партиясының бақылау комиссиясының басты назарында болмақ.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар»