Өскен ел тарихын тасқа жазады

Өскен ел тарихын тасқа жазады

Қалың бұқараның латын әліпбиіне көшу мәселесін талқылағанына 2-3 жылдың көлемі болды. Сондықтан да болар еліміздің барлық аймақтарында өтіп жатқан онлайн семинарлар латын әліпбиінің кем-кетігін пысықтап, жан-жақты жетілдіруге бағытталуда. Сондай ауқымды басқосудың бірі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту орталығының ұйымдастыруымен ZOOM форматында өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында әрі қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес өткен шараға мектептегі тіл мамандары мен қала, ауылдық округ әкімдігіндегі тілге жауапты мамандар қатысты.

«Латын графикалы қазақ әліпбиі – өркениетке ашылған даңғыл жол» тақырыбында өткен кездесуді бөлім басшысы Фарида Мамырбекқызы ашты. Модератор тіл мәселе­сіне қатысты жайттармен жіті таныс болғандықтан алдымен заманауи ұлттық мәдениет, озық білім, ғылыми зерттеу, археология және басқа да түрлі бағыттарға едәуір серпіліс берген «Рухани жаңғыру» бағдарламасына биыл төрт жыл толатындығын атап, нәтижелі жобаларды жіктей кетті. Соның ішінде латын графикасына көшу бағытындағы бірқатар ауқымды шараларға тоқталды. Семинарға қатысушыларға тіл мәселесіне келгенде неғұрлым дәйектілік қажет екендігін, сондықтан салғырттыққа салынбай байыппен қарау керек екендігін түсіндіре өтті.

Ал өз кезегінде сөз алған Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы Талғар аудандық филиалының оқытушысы Гүлнәр Мамырбаева латын графикасының соңғы нұсқасына тоқталып, әріптерді жазудың әдістемелік сипатын слайдтар арқылы ашып көрсетті. Ғалымдардың көмегімен әліпбидің жаңа графикасы бірыңғайланса, көпке созбай әдістемелік жұмыстарды бастап кету қажеттігін еске салды. Әсіресе ел күткен мақсатқа қол жеткізу үшін, соның жемісін көру үшін білікті тіл мамандары мен оқытушыларға артылар жүктің ауыр екен­дігін де атай кетті. Өз ұсыныс-пікірле­рін айтып, онлайн семинардан серпіліп шық­қан тіл мамандары қалай болғанда да А.Байтұрсынұлы айтқан таңба жүйелі ше­шіл­мейінше, түйткілді мәселелердің шыға беретіндігін түйіп қайтты. Қоғам қайраткері О.Сүлейменов Күлтегін тасындағы жазуды оқып «Менің бабам жазуын тасқа жазғанда, орыс­тың да, қытайдың да жазуы жоқ еді» деген сөзін ұстансақ «Өскен ел тарихын тасқа жаза­ды, өшкен ел тарихын жаспен жазады» деп түйінделік.

Меруерт Мәулет,
«Талғар»