2022 жылы 60 Блокты-модульді қазандық салынады
Алматы облысындағы экологиялық мәселелерді кешенді шешудің жол картасы бекітілген. Құжат 5 бағыттан 8 тармақтан тұрады. Өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев және Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен мүдделі мемлекеттік мекемелер аталған картаны бекіткен еді.
Ел ішінде күрмеуі шешілмеген шаруалардың бірі жылу қазандықтары. Шындыққа тура қарасақ, әлі күнге, шалғай аудандарда көп қабатты үйлерде қатты отынмен күнелтіп отырғандар бар. Бұл бүгінгі таңдағы басты мәселе болып отыр.
2020 жылы 1,88 млрд.теңгеге облыс орталығындағы қос қазандық табиғи газға ауыстырылды. Ал, ағымдағы жылы тағы да екі қазандықты жаңартпақ. Мамандардың айтуынша, жобаларды іске асыру халықтың өмір сүру сапасын және елді мекендердің экологиялық жағдайын едәуір жақсартады екен.
Бекітілген құжат аясында, Алматы қаласына жақын орналасқан аудандардағы тұрғын үй алаптарын, әлеуметтік, өндірістік және өзге де нысандарды табиғи газға кезең-кезеңімен көшіру жұмыстары жолға қойылған. Қазіргі таңда 129 көппәтерлі тұрғын үйге арналған 21 Блокты-модульді қазандық (БМК) пайдалануға берілген. Нәтижесінде, 3857 абонент орталық жылуға қосылған. Ағымдағы жылы тағы 14 БМК құрылысы аяқталуға таяған. Сәйкесінше, 23 көппәтерлі тұрғын үй орталық жылуға қосылып, 1041 абонент қызығын көрмек.
«2021 жылы 100 көп пәтерлі тұрғын үйлерге 31 Блокты — модульді қазандық салу жоспарлануда. Аталмыш қазандықтар, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Панфилов аудандарында салынады деп күтілуде. 2022 жылдың соңына дейін өңірде 691 көпқабатты тұрғын үй үшін 60 БМК орнатылады деп көзделген»,- дейді Алматы облысы Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының «тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің» бас маманы Данияр Меделбекұлы.
Ресми деректерге сүйенсек, орталық қазандықтарды қатты отыннан табиғи газға ауыстыру нәтижесінде қоршаған ортаға зиянды заттардың шығарылуы 2557 тоннаға төмендеген. Мазутқа қажеттілік 19,2 мың тоннаға, қатты отынға қажеттілік 40,4 мың тоннаға азайған.
Айта кетейік, экологиялық проблемаларды кешенді шешу жөніндегі Жол картасындағы тармаққа жылу электор орталығын жаңғырту. Атмосфералық ауаның жай-күйі туралы ақпаратқа халықтың онлайн – қолжетімділігі үшін Талдықорған қаласының LED-экрандарында «AirKZ» мобильді қосымшасынан деректерді ретрансляциялау. Жылына 50000 бірліктен кем емес жасыл желектерді отырғызу. Ескелді ауданының және Қапшағай қаласының кәріз жүйелерін, кәріз желілері мен тазарту құрылыстарын қайта жаңарту және салу. Облыстың су объектілерінде су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу сынды бірқатар мәселелер кіріктірілген.