Кәсібі – киелі домбыра

Кәсібі – киелі домбыра
Екі ішектің бірін қатты,
бірін сәл-сәл кем бұра,
Қазақ – нағыз қазақ емес,
Нағыз қазақ – домбыра! –
деп, сөздің сәйгүлігі атанған ақын ағамыз Қадыр Мырза-Әлі жырға қосқандай, домбыра – қазақ халқының ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан мәдени мұрасы. Тамырын тереңнен тартқан төл тарихымызды қос ішегіне сыйдырған осынау музыкалық аспапты әрбір қазақ қастерлеп, үкілеп, төріне ілген. Мұның өзі ұлтымызды ұлықтайтын киелі аспапқа деген зор құрмет пен сүйіспеншіліктің белгісі. Қазақ музыкасының білгірі, сазгер А.Жұбанов домбыра туралы былай деген: «Кең даланы мекен еткен қазақ жұртының ең аяулы қасиетті аспабы – домбыра. Оның сымдай тартылған қос ішегінде сан ғасырлардың ақыл-ойы, көңіл-күйі жатыр. Домбыра – елдің көнекөз шежіресі». Сол айтпақшы, қазақ халқының жан дүниесі, қуанышы мен қайғысы, сағынышы мен өкініші, биік рухы мен асқақ арманы бір арнаға тоғысып, киелі домбыраның қос ішегінен күй болып төгіліп, біздің заманымызға тарих болып жеткенін көреміз.
Ал, осынау ұлттық аспапты жасауды кәсібіне айналдырып, атакәсібімізді жаңғыртып, өнерімізді насихаттап жүрген жас шеберлер некен саяқ. Солардың бірі талғарлық жас қолөнер шебері – Ізтелеу Ермек. Жуырда біз он саусағынан өнер тамған ісмер жігіттің шеберханасында болып, домбыра аспабын жасаудың қыр-сырына сусындап қайтқан едік.

Қолөнер атадан балаға мирас болған киелі дүние. Ол қанмен берілетін ерекше қасиет болса керек. Бүгінде әңгімемізге арқау болып отырған Ізтелеу Ерболатұлының ұсталық өнерге деген икемі түп наға­шыларынан дарыпты. Нағашы атасы Бижұма ертоқым шауып, темірден түйін түйген хас шебер болған дейді.
Ермек кіп-кішкентай кезінде-ақ қолына түрлі-түсті қарындаш, бояу алып өзінше шимайлап сурет салуды ұнататын болған. Баласының бойынан сурет өнеріне деген қабілетті байқаған ата-анасы 5-6 жасында оны арнайы үйірмелерге қатыстырып, қабілетін ұштауға жағдай жасайды. Бастауыш сыныпта оқып жүрген кезінен бастап түрлі көркемсурет байқауларына қатысып, жүлделі орындарды иеленгені де есінде. Осылайша сурет өнеріне бейім болған ол 2004 жылы Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің «ағашты көркемдеп, өңдеу» факультетіне түсіп, оны 2008 жылы бітіріп шығады. Ең алғаш еңбек жолын «Ғұн Стройсервис» жиһаз жасау цехында шебер болып бастайды. Білімін әрі қарай жетілдіруді көздеген ол 2011 жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің «Бейнелеу және сызу» факультетіне түсіп, оны 2014 жылы тәмәмдап шығады. Уақыт өте ағашпен жұмыс жасауға, оның ішінде ұлттық аспаптар жасауды үйренуге ерекше ықыласы ауып Тұздыбастау ауылындағы ұлттық саз аспаптарын жасайтын белгілі ағаш шебері, суретші әрі зергер Алмас Мұстафаевтың «Дала сазы» шеберханасында 2015-2018 жылдары еңбек етіп, ағаш өнерінің қыр-сырына бойлап, тәжірибе жинақтайды. «Ұстазы жақсының — ұстамы жақсы» демекші, бүгінде Ермек өзінің шағын шеберханасын ашып, қазақтың киелі музыкалық аспабы – домбыра жасаумен шұғылдануда.
Әр шебер домбыра жасағанда өзіндік үлгіні ұстанып, оның үнін жетілдіруге, әдемі етіп әшекейлеуге, өз қолтаңбасын танытуға тырысатыны белгілі. Осы орайда халқымыздың ұлттық аспабы – домбыра қалай жасалатыны, оның сапалы болып шығуы үшін нені ескеру керектігі жайында шебер пікіріне құлақ түрейік.
– Домбыра жасау тиянақтылық пен табандылықты талап ететін машақатты іс. Ол үшін ең алдымен керекті пішіндерді әзірлеп аламын. Домбыраның шанағын Ресей жерінде өсетін қайың ағашынан жасаймын, әрқайсысын арнайы ыстық пешке салып иемін. Шанақ толықтай құралған соң, мойын ағашы дайындалады. Айта кетейін, осы мойын ағашының ортасындағы өзегін аса тығыз, өте мықты кавказ бугынан саламын. Желімделген бөлшектер толықтай қатқанша домбыра басы, оған тағылатын құлақтары, тиегі дайындалады. Шанаққа бетқақпақ тек шырша ағашынан жасалады. Оның сыры — дыбыстың ашық, таза шығуына әсер етуінде. Тұғырына қарағай ағашы пайдаланылады. Осылайша домбыра пішіні дайын болып, оны оюлармен көркемдеу, бетқақпағын тесу, бояу жұмыстары жалғасады. Үш-төрт күн аралығында аспап толықтай кепкен соң, пернесі тағылып, ішек тартылып, домбыра толықтай дайын болады, – дейді Ермек. Әсілі, төзім мен шыдамдылықтың, өз ісіне деген сүйіспеншіліктің арқасында қарапайым ағашты музыкалық көне аспапқа айналдыру нағыз шебердің ғана қолынан келетін өнер екенін түсінесің.

Біз барған күні шағын шеберханада отызға жуық домбыра құралып, сатуға әзірленіп жатқан еді. Олардың әрқайсысы өнер сүйер жанның ажырамас рухани серігіне айналатыны анық.
Көп жағдайда қаржы тапшылығы ойлаған ісіңді жүзеге асыруға қолбайлау болатыны да жасырын емес. Бұл ретте, Ермектің қолға алған ісінің алға басуына мемлекет тарапынан берілген қайтарымсыз гранттың көп көмегі болғаны рас. 2020 жылдың күзінде бір айлық «Бастау Бизнес» курсын тәмәмдаған ол, бизнес жоспарын ойдағыдай қорғап шыққан. Нәтижесінде 583400 теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, сол қаражатқа ағашты кесіп, сүргілейтін станок, электр қайрақ, ағашты тесетін арнайы құрылғы сатып алған. Он саусағынан өнер тамған шебер жігіт алдағы уақытта ұлттық аспаппен қатар тұрмысқа қажетті ұлттық үрдістегі астау, табақ, қымыз ішетін кесе жасауды да қолға алмақ.
Бүгінде ұлттық құндылығымызды жаңғыртып, атадан балаға мирас болған ата кәсіпті нәсібіне айналдырып жүрген Ермек Ізтелеу сынды жас шеберге кәсібіңнің қанаты кеңейе берсін, деп тілейміз!
Райхан Азимова,
«Талғар»