Көшпелі өмір салтын ұстанған ата-бабаларымыздың болмысы мен өмір-тірлігі табиғатпен етене байланысты болғандықтан, табиғат сырын терең ұғынған. Ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан қарапайым да қайталанбас қол-
өнердің бір түрі – қиюластырып құрақ құрау. Көздің жауын алатын айшықты оюлармен өрнектелген құрақ көрпе, жастық, көпшік сынды бұйымдар қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде кеңінен қолданыс тауып келеді. Матаның табиғи қасиеттеріне қарай қиындыларын қиюластырып, түстерін үйлестіре отырып «шиқұрақ», «ай», «шаршы», «тұмарша», «ботакөз», «сегіз жапырақ», «тырна» деп аталатын құрақ түрлерін тігудің өзі үлкен өнер. Әрбір құрақтың өзіндік мән-мағынасы бар. Қонағын төріне шығарып, ең әдемі төр көрпелерін төсеп құрмет көрсетудің өзі халқымыздың қонақжайлылығын, кеңпейілділігін көрсетсе керек. Ақ жаулықты аналарымыз ұзатылып бара жатқан қыз баланың жасауына арнап ең алдымен құрақ көрпелер тігетін болған. Оның астарында перзенттерімнің басы құралсын, өсіп-өнсін, барған жерінде бақытты болсын деген ізгі ниет жатыр.
Осы бір қасиетті өнерді кәсіпке айналдырып, қидаланған матаны бір-біріне жалықпай қиыстырып, құрақ құрайтын еңбексүйгіш жандардың қатарында Талғар қаласының тұрғыны Райгүл Тұрсынбаева да бар. Он саусағынан өнер тамған ісмер келіншектің тігін өнеріне деген ынта-ықыласы бала кезден-ақ байқалыпты. Кейіннен есейе келе қолы қалт етсе болды үй ішіндегі жыртықты жамау, перде тігу, шалбардың балағын қысқарту, ысырма салу, киім-кешектерді өңдеу сияқты тігін жұмыстарын қиындықсыз орындай беретін болған. Райгүл Тұрсынбаеваның негізгі мамандығы есепші. Ол ұзақ жылдар Ұйғыр ауданы Шарын ауылындағы Еңбек Қызыл Ту орденді «Свердлов» атындағы колхозда есепші болып жұмыс жасаған. Жарық дүниеге бес қыз баланы әкелген алтын құрсақты ана зейнетке 53 жасында шыққан. «Ана көрген тон пішер…» дегендей, ұлағатты ұяда тәлімді тәрбие алған қыздары өз отын жағып, бүгінде аяулы ана атанып отыр. Бұған дейін де негізгі жұмысын атқара жүріп, ұлттық нақыштағы құрақ көрпе, жамылғы көрпе, жастықшалар тігуді қолға алған Райгүл Нұргелдіқызы бос уақытын жанына жақын тігіншілік өнерге бағыштап, Талғар қаласындағы «Дархан» сауда орталығының ішінен өзінің шағын тігін цехын ашқан болатын. Әсіресе, қыз жасауына қажетті көрпе-жастықтарды ерінбей-жалықпай түрлі -түсті мата қиындыларын үйлестіре тігіп, тапсырыс берушінің көңілінен шығуда. Қазақи ою-өрнекпен көмкеріліп, сәнді моншақтармен әшекейленген қоржын, құдағи сөмке, орындық қаптамасы сынды бұйымдары да сұранысқа ие. «Шебердің инесі де алтын, соққан күймесі де алтын» дегендей, өнерлі жан өз жұмыстарын инстаграм әлеуметтік желісіндегі @hasan.inabat жеке парақшасында жариялап отырады. Желі пайдаланушылардың ұлттық нақыштағы бұйымдарға деген қызығушылықтары жоғары болғандықтан, тапсырыс беретіндер аз емес. Бүгінде алпысты алқымдаған ана білген өнерін қыздарына, немерелеріне үйретуден бір жалықпайды.
– Құрақ құрай білу үлкен өнер. Табандылықты талап ететін құрақ құрау өнері жобалауды, матаның сәйкестігін, түстердің жарасымдылығын анықтай білуге бейімдейді. Сан алуан сәнді түстердің бір-бірімен жарасым табуы, тіккен бұйымыңның әрін ажарландыра түседі. Шыдамдылық пен шеберлікті, талғампаздықты талап ететін тігін өнері жаныма жақын болғандықтан, еш шаршамаймын, керісінше жұмысымның нәтижесін көргенде көңілім көтеріліп, ерекше бір күйге енемін, – дейді ол кәсібінің қыр-сырымен бөлісіп. Бүгінде ісмер келіншек дәстүрлі ұлттық құрақ үлгісінен бөлек, отызға жуық құрақ түрін құрауға машықтанған. Оның ішінде «жапырақ гүл», «раушан гүл», «алма», құлпынай», «араның ұясы», «күнбағыс», «ұлпа қар», «қос жүрек», «жауқазын», «аққу» бейнесін айшықтайтын құрақ түрлері бар.
Өткен жылы Райгүл Нұргелдіқызы Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының ІІ бағыты бойынша «Бастау Бизнес» жобасы арқылы 1 айлық курсқа қатысып, кәсіпкерлік негіздерін оқып үйренді. Сонымен қатар өзінің бизнес жобасын дайындап, комиссия алдында сәтті қорғап шықты. Нәтижесінде 530 200 теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, тігін шеберханасына қажетті екі тігін машинасын, электрлі қайшы, түрлі жіптер мен маталар сатып алды.
Осылайша, ұлттық қолөнерді кәсіп етіп отырған тігінші Райгүл Тұрсынбаеваның қолға алған ісі өркен жайып, тапсырыстары арта түсіп отырған жайы бар.
Райхан Азимова,
«Талғар».