Атаңнан мал қалғанша тал қалсын
Адам мен табиғат әрқашанда егіз. Табиғат – бүкіл тіршілік атауының алтын бесігі, қайнар көзі. Ата- бабамыз «Жер – қазына, су – алтын, мал – байлық», «Бақ өсіргеннің бағы жанады», «Атаңнан мал қалғанша тал қалсын» деп өсиет айтып кетуі тегін емес. Адам қоршаған ортасына мейірімділікпен, сүйіспеншілікпен, жанашырлықпен қарағанда ғана табиғат үйлесімділігі сақталады.
Президентіміз Қ.К.Тоқаевтың «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат» атты мақаласына орай ұлттық Наурыз мейрамы қарсаңында «Бір жанұядан бір тал» акциясы республика көлемінде бастау алған болатын. Осы тұрғыда ауданымызда көптеген игі бастамалар қолға алынып, ауданымыздың әр өңірінде жалғасын табуда. Атап айтсақ, Панфилов ауылының тұрғындары Сәлімовтер отбасы да атаулы акциядан қалыс қалмады. Ермек Сәлімов жары Меруерт екеуі ұлдарын ортаға алып, көпшілікке үлгі-өнеге көрсету мақсатында өз аулаларына ағаш отырғызды.
— Қазіргі таңда ауасын жұтып, суын ішіп отырған Табиғат-Ананы қорғап, аялау – барша жұрт үшін тіршілік қамы, табиғат қажеттілігі. Мақсатымыз жас ұрпақты өзі мекен еткен табиғи ортаның әсемдігін сезінуге, тазалығын сақтауға, қоршаған ортаға мейірімділікпен, жанашырлықпен қамқор болуға, қоршаған ортаны көгалдандыру арқылы өсімдік әлеміне жауапкершілігін, қызығушылығын арттырып, айналамызды гүлдендіруге, туған елге қызмет етуге, орманды қадірлеуге, оған қамқорлық жасауға тәрбиелеу, — деп акцияға қатысушы Ермек Сәлімов өз ойын білдірді.
Айнаш Әлдибек,
«Талғар»