Күллі адамзатқа қауіп төндірген қатерлі дертті ауыздықтау қиынға соғып тұр. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, емі табылмай жатқан COVID-19 дертіне қарсы тұрудың бірден-бір жолы «вакцина егу». Екпе салғызу арқылы адам өз денсаулығы мен айналасын қорғай алады деген сенім бар. Індет қайта өршіп, күшейіп кету қауіпінің алдын алу үшін бүгінгі таңда әлем бойынша түрлі вакцина әзірленіп, қолданысқа ене бастады. Соның бірі Ресей мемлекетінде шығарылған «Спутник V» вакцинасының алғашқы легі Қазақстанға да келіп жетті. 1 ақпаннан бастап еліміздің барлық аймақтарында халықты коронавирус инфекциясына қарсы кезең-кезеңімен ерікті вакцинациялау басталғаны белгілі. Бірінші кезекте екпе қауіпті дертпен күрестің алдыңғы шебінде жүрген медицина мамандарына салынуда. Атап айтар болсақ, инфекциялық аурулар ауруханаларының, жансақтау, жедел медициналық көмек, МСАК, қабылдау бөлімінің медицина қызметкерлері мен санитарлық- эпидемиологиялық сала мамандары қамтылған. 1 наурыздан басталатын екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептердің, жоғары оқу орындарының ұстаздары, бірінші кезеңге кірмеген медицина қызметкерлері енген. Үшінші кезең бойынша 1 ақпаннан бастап мектеп-интернаттардың, мектепке дейінгі мекемелердің педагогтары, студенттер мен созылмалы аурулары бар адамдарға салынады.
Талғар ауданы бойынша 47 062 дозалық «Спутник V» екпесін 15511 адамға егу жоспарланған. Бүгінде вакцина салынған құтыларды тасымалдайтын, сақтайтын термоконтейнерлер сатылып алынған. Екпе жұмысын жүзеге асыруға ауданымыздағы емдеу-сауықтыру мекемелеріндегі екпе пунктерінің дайындығы сақадай сай. Екпе салмас бұрын адамдардың денсаулығы толық тексеруден өткізіледі. Екпе адамның иығына екі кезеңмен егіледі. Басында 0,5 миллилитрлік дозамен бірінші компонентті салады. Одан кейін 21 күн өткен соң, екіншісін егеді. Оның көлемі де 0,5 миллилитр құрайды. Егер бірінші компонентінен кейін адамның жағдайы нашарласа, екіншісі салынбайды. Екпе салынған азаматтардың барлығы 30 минут бойы медициналық мекемеде дәрігердің бақылауында болады. Одан кейін үш күн бойы тұрғылықты мекенжайы бойынша учаскелік дәрігер бақылайды. Сонымен қатар әрбір екпе алған адамның қолына екпенің кері әсері мен шұғыл жағдайда байланысуға болатын емханалардың контактілері жазылған жадынама берілуі тиіс.
Адам соңғы алты айдың ішінде коронавируспен ауырған болса, екпе салдырудың қажеті жоқ. Яғни, сауыққаннан кейін 6 айдан соң екпе алуына болады. Бұдан бөлек жүкті әйелдерге, ауыр аллергиясы мен вакцинаның құрамындағы заттарға жоғары сезімталдылығы бар адамдарға, 18 жасқа толмағандарға және 65 жастан асқандарға салынбайды. Егер дене қызуы 37 градустан жоғары болса, вакцинация кейінге шегеріледі.
Вакцинациялау алдында КВИ-ге қарсы антиденелердің болуына тестілеу (скрининг) жасалмайды.
Айта кету керек, вакцина салынбай тұрып, әрбір адам вакцина құрамы туралы ақпарат беретін нұсқаулықпен танысуға құқылы.
Талғар-ақпарат