«ДАМУ» БАҒДАРЛАМАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Бүгінгі таңда мемлекетте шағын және орта бизнесті дамытуға және қолдауға бағытталған бірқатар бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Осындай тиімді бағдарламалардың бірі «Бизнестің жол картасы — 2025» болып табылады. Егер кәсіпкердің бизнесі Бағдарламаға қатысушыларға арналған экономиканың басымды салаларының тізіміне енсе, екінші деңгейлі банктерде несие рәсімдеу кезінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, несиеге кепіл беру сияқты мемлекеттік қолдау шарасын пайдалана алатын болса, сыртқы желілерге (кәріз, сумен жабдықтау және т.б.) мемлекеттік сараптама болған жағдайда, нысанға жетіспей тұрған инфрақұрылымды тарту бойынша мемлекеттік қолдау ала алады.
Егер инновациялық жоба ұсынатын болса мемлекеттік гранттар бөлу жобасына қатысуға болады. Сонымен қатар «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, «Даму-көмек» бағдарламалары да жүзеге асырылуда.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 24 желтоқсандағы № 968 қаулысымен «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. 2020-2024 жылдар аралығында іске асырылатын бағдарлама тұрақты және теңгерімді қамтамасыз етеді. Бағдарламаның мақсаты — экономиканың шикізаттық емес секторларындағы өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету, сонымен қатар бар жұмыс орындарын сақтау және тұрақты жұмыс істейтін жаңа жұмыс орындарын құру болып табылады.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ «Бизнестің жол картасы — 2025» мемлекеттік бағдарламасының қаржылық операторы болып табылады және ШОБ субъектілеріне несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және екінші деңгейлі банктердің кредиттеріне кепілдік беру жолымен үш бағытта қолдау көрсетеді:
1. Моноқалалар, шағын қалалар мен ауылдық елді мекендер кәсіпкерлерінің қаржыландыруға қолжетімділігін арттыру, оның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту;
2. Өңдеу өнеркәсібі өндірген өнімінің көлемін ұлғайту;
3. Кәсіпкерлікті қолдау үшін қаржылық емес шараларды ұсыну.
Апта соңында Талғар аудандық кәсіпкерлік бөлімі мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының бірлестігі аудан кәсіпкерлеріне өз қызметтері мен бағдарламаларын таныстырып өтті. Жиынды аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкер Ержан Игибаев жүргізіп, шақырылған қонақтармен таныстырып, атаулы қордың өкілдеріне сөз кезегін берді. Алматы облысы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры басшысының орынбасары Сұлтан Абдуллаев қордың маңыздылығы мен мақсаттарын атап айтып, міндеттерін айшықтап берді. Сонымен қатар екінші деңгейдегі банк өкілдері де «Даму» қорының мақсатты бағыттарын алға тарта отырып өздерінің тиімді ұсыныстарын жеткізді. Атап айтар болсақ, «Қазақстан Халық Банк» АҚ-ның шағын бизнесті дамыту бойынша бас менеджері Әсел Арғынбаева атаулы банктің талаптары мен артықшылықтарына тоқталып, бизнесті дамытуға арналған бағдарламаларымен таныстырып өтті. Өз кезегінде сөз алған «Банк Центр Кредит» АҚ-ның Талғар аудандық филиалының директоры Әсел Қуанышбаева атаулы бағдарлама аясында кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсету мақсатында оңтайлы жоба жүйесі арқылы қаржыландыру жұмыстарына тоқталды.
Бұл жиынды ауданымыздың ауылдық округтеріндегі кәсіпкерлер де ZOOM байланыс қосымшасы арқылы бақылап отырды. Жиын барысында кәсіпкерлердің сұрақтарына банк өкілдері мен қор менеджерлері жауап беріп, жиын соңында арнайы кеңес берді.
Айнаш Әлдибек,
«Талғар»