Спортпен үндескен ұлттық рух

Спортпен үндескен ұлттық рух
Талғар қаласында 2011 жылы ашылған 480 орындық аудандық №1 жеке лицей-интернатының ірге көтергеніне биыл 10 жыл. 300 адамдық жатын орны бар білім ошағында бүгінгі таңда 366 бала дәріс алуда. Пандемияға байланысты оның 81-і қашықтан білім алса, қалған 281 бала лицей қабырғасында. Білім сапасының көрсеткішімен ғана емес тәлім-тәрбие жағынан да көш бастап жүрген лицейде жуырда және бір мәні, мағынасы зор танымдық іс-шараның куәсі болдық.
Джиу-джитсудан Қазақстан чем­пионы,ережесіз жекпе-жектен әлемнің екі дүркін чемпионы және әлем кубо­гы­ның иегері, Еуразияның екі мәрте чемпионы Ардақ Назаров лицейге келіп, оқушылармен кездесті. Басқосуды ашқан лицей директоры Дилдар Бадалова лицей балаларының кеш қонағынан алар тәлімі мен өмір жолынан үйренер өнегесі көп екенін ескере отырып карантинге қарамай осы кездесуді ұйымдастырғандарын алға тартты. Лицей балаларының тәртібі мен білімі басқаларынан көш ілгері болса да үйретуден жалықпайтындарын жеткізді.
Өз кезегінде сөз алған Ардақ Құт­ты­қожа­ұлы жас буынға тәрбиелік мәні зор, бүгінгі күнде өзекті саналып жүрген тың тақырыптарды қозғады. Білім мен спорттан көзі ашық жанның бала тәрбиесіндегі ата-ананың, туған жердің рөлі туралы сөзі тебірентпей қоймады. «Қазағыңмен бірге болып, отымен кіріп, күлімен шығып, қайда тұрсаң да өз еліңде, өз жеріңде, ата-анаңның қасында болғанға не жетсін – одан асқан арман бар ма!? Құрсақтағы сәбиін 9 ай 9 күн кө­теріп, өлім мен өмір ортасында жатып дүниеге әкелген анаға деген махаббат, әкеге деген сүйіспеншілік жүректен ешқашан өшпеу керек. Кей жеткіншектер бар, қызымның қызығын көрем, ұлымды ұяға, қызымды қияға қондырам, құда болам, төрде отырам, ертең немере сүйем деп армандаған ата-ананың арманының күлін көкке ұшырып жатады. Үміт күткен баласы не жаман жолға түседі, не қарамай кетеді. Сонда сенің намысың қайда, ата-анаңды сыйламасаң сен қалай айналаңа сыйлы боласың, осы жөнінде ойланып, қорытынды шығарып жүріңдер»- деген тәлімдік сөздері тыңдармандарын әсерсіз қалдырмады. «Алла Тағала беріп те сынайды, алып та сынайды. Адамзатты сұлулықпен, мансаппен, дүниемен өлшеуге болмайды. Адамзаттың өлшемі оның руханиятында, тектілігінде, мәрт­тігінде, адами құндылығында. Сон­дықтан білім алудан қашпаңдар. Оқыңдар, үйреніңдер. Кешке дейін телефонға телміргеннен ұтпайсыңдар, керісінше ұтыласыңдар. Керек кезінде ғана қарап, қалған бос уақыттарыңды өздеріңді дамытуға жұмсаңдар. Кітаппен дос болыңдар. Менің жеткен жетістіктерімнің 99 пайызы еңбекпен, ізденіспен келді. Сендер де ерінбей, жалықпай ізденіңдер. Сол адам – нағыз адам! – деп жастардың азаматтық-патриоттық сезімдерін қамшылай түсетін бабаларымыздың батырлығы туралы тарихи деректерді баяндап өтті. Кеш соңына қарай сұрақтарын қойған балалар батыр ағаларының спорттағы қадамын қалай бастағанын, шет елде жүргендегі сезімдерін, алдағы жоспарларын сұрады.
Кешті қорытындылаған білім ордасының директоры Дилдар Нидайқы­зы алтын уақытын бөліп келген спорт­шыға алғысын жаудырып, сый-сияпатын көрсетті. Естелік суретке түсіп тарқасқан оқушылардың ұлттық санасының құнары артып, құндылығы бір сатыға болса да кемелдене түсті деуге болады.
Меруерт Мәулет,
«Талғар»