Ортақ іске оң баға берілді

Ортақ іске оң баға берілді
Атқарылған жұмыстарды талдап-сараптау, халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған міндеттерді баяндау, барлық салалар бойынша игі істер мен игерілген қаржы жайлы бағамдауға бағытталған әкімдердің ел алдында есеп беруі дәстүрге айналды. Жылда бірінші басшылар ауыл ауылды аралап, елдің арыз-мұңы мен өтініш-тілегін көзбе-көз тыңдап, билік пен халықтың арасында алтын көпір орнатылушы еді. Биылғы әлемдік пандемия сол тамаша үрдіске салқынын тигізді. Онсыз да бір жылдан аса халықты дүрліктірген зауал тағы дендемеуі үшін сақтық шараларын сақтау аса қажет болды. Сол себептен ел алдындағы есеп биыл Instagram әлеуметтік желісінде тікелей эфирде онлайн форматта өтті.
Есеп беру жиынына барлық сани­тарлық нормаларды сақтаған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері және тұрғындардың сауал­да­рына жауап беретін аудандық әкім­дікке қарасты жауапты сала бас­шылары ғана қатысты. Алдын ала белгіленген кестеге сай кезек Қайнар ауылдық округінің әкімі Нұрболат Манапбаевқа келді. Ау­дан әкімінің міндетін атқарушы Қ.Абдыхановтың @zamakimatalgar_abdyk­hanov инстаграм парақшасында өткен тікелей эфирде баяндамасын жасаған округ басшысы өткен жылы атқарылған жұмыстарды тізбектеп, осы жылға жоспарланған басты бағыттарды айқындап берді. Бүгінде 19 мыңға жуық халқы бар округте тұрғындар саны өсіп, соған орай өтініш-тілектер де жыл өткен сайын жиналып жатқандығы өтірік емес. Дегенмен «бірлік бар жерде тірлік бар» екендігін ескерсек, кей өткір мәселелердің оң шешімін тауып жатқандығын да айта кетелік.
Ал аудан әкімінің міндетін атқарушы Қайдар Әлиханұлының сөзінен қатаң карантинге қарамастан ауданда өсу мен өрлеу бар екендігін аңғардық. Десек те соңғы уақыттағы аудан басшыларының ауыс-түйісінен болар деп топшылайық, қордаланған мәселелер де жеткілікті екендігін тікелей эфирге кірген тұрғындардың сауалдарынан-ақ байқадық. Қай­нар­лықтардың тарапынан көтеріл­ген мәселелер өз алдына. @yakhiya, @e.m.a.kz, @alma_kairanbay, @kelgenbainurbolat аккаунт иелері ауыз су мен көшелерді жарықтандыру, интернет желісінің нашарлығы, жолдың сын көтермейтіні, қаптап кеткен қаңғыбас иттердің көзін жою, балалар амандығы үшін бағдаршам орнатылуы, «Айғаным» ауылындағы мектептің тезірек аяқ­талуы сынды күн тәртібінен түс­пейтін сауалдарды жолдады. Со­ның ішінде интернет желісінің баяулығына бірнеше аккаунт иесінен наразылық келді. Заман ағымы соны талап етіп отырғандықтан бұл мәселе баяндамашыны да бей-жай қалдырмады. Барлық өтініш­тер рет-ретімен шешілетінін жет­кізді. Әлеуметтік желіге кел­ген сұрақтар қағазға түсіріліп, бақы­лау­ға алынып, кері байланыс заң аясында және уақытылы орындалуы қадағаланатынын айтты. Онлайн есеп­тен соң Қ.Әлиханұлы «ZOOM» палтформасы арқылы қайнарлықтарды қабылдады.
«ZOOM»-нан келген сауалдар:
С.Айнақұлов, Көктал ауылының тұрғыны:
— Көкталдың өзінде 1500-ден астам халық бар. Көпшілігі Алматы қаласына қатынап жұмыс істейді. Солар үшін арнайы қоғамдық көлік жүргізілсе деген өтінішім бар?
Қ.Әбдіханов: — Қоғамдық көлік мәселесінің көтеріліп жүргенінен хабарым бар. Мұны Алматы қаласының Мобилділік басқармасымен бірлесе шешуіміз керек. Алдағы уақытта тиісті басқарма басшыларына ұсыныс хатпен кіруді жоспарлап қойдым.
Е.Додабаев, Дәулет ауылының тұрғыны:
— Дәулет ауылындағы орталық көшені жарықтандыру қашан аяқталады?
Қ.Әбдіханов: — Шәкәрім көшесін жарықтандыру биылғы жылдың жоспарына енген. «Энергосервис» ЖШС Панфилов пен Нұра округіндегі жұмыстарды аяқтаған соң сол көшеге кіріседі.
А.Байжұманов, Тереңқара ауылының тұрғыны:
— Газ құбырын жүргізу биылғы жылдың жоспарына енді ме?
Қ.Әбдіханов: — Газ мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Өткен жылы дұрыс жұмыс істемеген мердігер компаниямен келісім-шарт бұзылды. Қазір мемлекеттік сатып алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Меруерт Мәулет,
«Талғар»