Кестеге сай кездесудің кезекті есебі Нұра ауылдық округінің әкімі Сейітқұл Донбаевқа келді. Нұра, Туғанбай, Өстемір, Қаратоған ауылдары кіретін өлке қазақи қаймағы қалқыған құтты мекен. 10 мыңнан астам тұрғын бәсекеге сай берекесін арттырып отырғандықтан да биылғы жылы бюджет 100 пайызға орындалыпты. Осыған қарап-ақ ауданнан шалғай жатса да округтің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші іргелі елді мекендерден кем емесін аңғару қиын емес. Еңбек болған жерде жақсы жаңалықтар мен оңды қадамдардың орындалатыны белгілі. Күн тәртібіне сай баяндамасын жасаған округ басшысының әр саласын жұмырлаған цифрлары жылдан жылға мал басы молайып, өнімдері еселеніп отырғандығын айғақтайды. Шағын және орта бизнесті дамытуда, әлеуметтік, білім салаларында ілгерілеушілік бар. Биылғы жылы да жетістіктерін еселеуді ниет етіп отырған округ басшысы абырой биігіне ауыл тұрғындарымен бірлесе жететіндігін атап өтті.
Кезегі келгенде сөз алған аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Қ.Әлиханұлы ауданның әлеуметтік хал-ахуалын арттыруға бағытталған жұмыстарды жүйелеп, негізгі салалардың өсу қарқынын тізбелеп, жетістіктігін жіліктеп, алға қойған мақсат-міндеттерді айқындап берді. Жыл бойы аудан көлемінде атқарылған шаралардың халық игілігі жолында жүзеге асқандығын баса айтты.
«Тұрғындардың талап-тілектерін ескере отырып қорытынды шығару – басшының басты алғышарты» екендігін білетін Қ.Әбдіханов тікелей эфирге келген ұсыныс-тілектерге құлақ түрді. Басқа округке қарағанда тікелей эфирге кірген нұралықтардың саны 100-ге де жетпегенінен ең басты мәселе интернет желісі екендігін біз де білдік, желі қолданушылары да тынымсыз жазып жатты. Бүгінгі күннің үдесінен шығу үшін қазір «Қазақтелеком» АҚ келіссөздер жүріп жатқанын, бұл олқылықтың орны уақыт өте келе шешілетінін естіген Нұра халқы алғыстарын да аяп қалмады. Интернеттен бөлек тұрғындарды жел соқса электр жарығының өшіп қалуы, №220 автобус Нұра ауылына дейін жүруі, «Дулат» мөлтек ауданында ауыз судың қашан болатыны, халық санының өсуіне байланысты типтік аурухананың қажеттігі, малды ауыл болғандықтан чиптендіру мәселесі алаңдатады екен. Біріне Қ.Әлиханұлы өзі жауап берсе, кейбіреуіне тиісті сала басшыларына тапсырмалар берілді. Есеп берудегі жетістік сол – округ халқы өз басшысы Сейітқұл Сейтенұлының еңбекқорлығын мойындап, өз қызметін ойдағыдай атқаратындығына көздері жетіп, жыл көлеміндегі жұмысына жақсы деп баға берді.
«ZOOM»-нан келген сауалдар:
Ә.Ильясова, Нұра ауылының тұрғыны:
— Нұра ауылындағы Жамбыл көшесі қашан жөнделеді?Қ.Әбдіханов: — Бұл көшеге орташа жөндеу жұмыстарына қаржы бөлініп, ЖСҚ дайындалуда. Биылғы жоспарға енгізілген.
Ж.Сәрсенбаева, Нұра ауылының тұрғыны:
— Мен көпбалалы анамын. Су тапшылығы жанымызға батып жатыр. «Төле би», «Бәйдібек» ықшам аудандарына қашан су құбыры тартылады?Қ.Әбдіханов: — Аталған елді мекен тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін топталған су құбырына арналған жоба бар. Көктемде, жер кепкен соң құрылысы қолға алынады.
А.Алматаев, Өстемір ауылының тұрғыны:
— Нұра ауылдық округі бойынша жолды қардан тазалау мәселесі күрделі болып келеді? Осы жағын ашып айтсаңыз?Қ.Әбдіханов: — Қыстың күнгі жолдарды тазалауға арнайы ақша бөлінген. Сондықтан бөлінген ақшаның тиімді жұмсалуын өзім қадағалаймын.