Онлайн есеп оң бағасын алды

Онлайн есеп оң бағасын алды
«Халықтың хақы әкімде» деп ұлы ойшыл Ж.Баласағұн айтып кеткендей, Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен 2005 жылдан бері барлық деңгейдегі әкімдердің ел алдындағы есебі биыл да өз жалғасын тапты. Елімізде орын алған пандемия салдарынан карантин шаралары әлі де жалғасып жатқандықтан биылғы есеп беру жиыны мүлде ерекше форматта, яғни онлайн өтті. Жиынның бұлай ұйымдастырылуы ең алдымен қарапайым халықтың саулығын сақтап, әлі де өршіп тұрған тәж тажалынан арашалау. Сондықтан да әкімшілік аудан тұрғындарын онлайн есеп беруге түсіністікпен қарап, алдын ала ақпарат құралдары арқылы онлайн әлеуметтік желідегі парақшаларын жариялаған болатын.
Әр деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдында есеп беру кездесуі жылдағы дәстүрге сай бастама алды. Талғарлықтар алдымен ауылдық округтер әкімдері, содан кейін аудан әкімінің есебін тыңдады. Өткенді екшелеп, алдағы уақытта атқарылатын қыруар шаруаны бағамдау үшін аса қажетті мұндай басқосулар мен ашық әңгіме атқарушы билік өкілдері мен қарапайым халық арасын етене жақындастырып, түйіні түйдектелген келелі мәселелерді бірлесе шешуге жол ашатыны анық. Сондықтан да әкімдердің есепті баяндамаларының толық мәтіні газетіміздің алдыңғы сандарында жарияланып, тұрғындардың толық танысуына мүмкіндік берілді.
Аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Қайдар Әбдіхановтың есепті кездесуі Бесқайнар ауылдық округінен бастау алды. Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында арнайы әлеуметтік желі арқылы бірінші Бесқайнар ауылының әкімі Мейіржан Әділбеков есебін берді. Көпшілікке ауылдың тыныс-тіршілігі туралы баяндаған ауыл әкімі өткен жылда еңсерілген істерін тізбектей келе алдағы күндері атқарылатын шаруалары туралы айтты. Содан соң, аудан басшысының уақытша міндетін атқарушы Қайдар Әлиханұлы байланысқа шығып, бесқайнарлықтар алдында қорытынды есебін баяндады. Барлық салаға жеке-жеке тоқталып, ауданның экономикалық жағдайы мен халықты әлеуметтік қорғау бағытында жүзеге асып жатқан оң істерді тілге тиек етті. Білім саласынан бастап, денсаулық сақтау, ауылшаруашылығы, инфрақұрылымды дамыту, шағын және орта кәсіпкерлік, салық жинау көрсеткіштері, бюджет қоржынына түскен қаражаттардың мақсатты жұмсалуын тізбектей жеткізді. Болашақтың еншісіне қойылған мәселелер тұрғысында да сөз қозғады. Әкімдер есебін инстаграм желісінен бақылап отырған аудан тұрғындары өздерін толғандырған сұрақтарын қойып отырды. @Baisovanurgul есімді әлеуметтік желі қолданушысы елдімекендерге газ құбырын жүргізудің өте қымбат екендігіне наразылығын білдірсе, @myratkyzy.m90 аккаунтының иесі Бесқайнар ауылының барлық көшелері жарықтандырылса деген тілегін білдірді. @Iarkova4558 аккаунтының қолданушысы Бесқайнар ауылындағы қыстың күнгі көше тазалығын сынға алса, @e_matiashova тұрғын үй алу үшін кезекке тұру мәселесін көтерді. Әкімдердің есебіне оң бағаларын беріп, қолдау көрсетіп отырған азаматтардың да қатары көп болды.
Онлайн есеп беруден кейін аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Қайдар Әлиханұлы бесқайнарлық тұрғындарға онлайн қабылдау жасады. Жеке сұрақтарын қойғысы келген азаматтарға арнайы уақыт бөлді. Десе де, аудан басшысы мен ауыл әкімінің баяндамаларынан көптеген өздерін толғандырған мәселелерге қатысты мағлұматтар алған бесқайнарлықтар жеке қабылдауға жазылмады. Тек ауылдық Аналар кеңесінің төрайымы Нина Баталыгина жолаушылар тасымалдайтын көлік мәселесін шешуді, мектеп жанындағы шағын орталықты жауып, жекеменшік балабақша ашуға күш салуды, ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункттің тар әрі ескіргенін алға тартты. Қайдар Әлиханұлы барлық мәселелерді назарға алып, шешу жолын болашақ еншісіне қойды.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар»