Алматы облысында жыл басынан 3 адам суға кеткен

Алматы облысында жыл басынан 3 адам суға кеткен

Қылышын сүйретіп келген қыспен бірге қауіп-қатердің де артатыны  тағы бар. Әсіресе айнала көк мұзға оранғанда түрлі келеңсіздіктер орын алады. Бұл кезеңде ойын баласы жалтыр мұзда сырғанауды, ересектер балық аулаудың қызығына кіреді. Көңіліңді көтеретін әдеттер әпсәтте қиындыққа душар етпесіне кім кепіл. Сондықтан да, Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қыс мезгіліндегі қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады, деп хабарлайды «JETISÝ MEDIA» ақпараттық алаңы.

Алматы облысында жыл басынан бері 3 балықшы суға кеткен.  Қайғылы жағдай Еңбекшіқазақ, Іле аудандарында орын алған. Ең өкініштісі үлкендердің қарауынсыз қалған 2014 және 2016 жылы дүниеге келген қос бөбек ажал құшқан. Мұның барлығы жеке бастың қауіпсіздігіне салғырт қараудың салдары.
«Ата-аналар балаларды үлкендердің қарауынсыз қалдырмаса екен. Бүгінгі күні облыс аумағындағы мұздың қалыңдығы адам салмағы үшін жеткілікті берік емес, осыған байланысты азаматтардан қатпаған мұзға шықпауды сұраймыз»,-дейді Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары подполковник Игорь Жуков.
Негізінде Алматы облысының аумағында 600-ден астам ашық су қоймалары бар. Жауаптылар маусым басталғалы жоспарлы түрде 47 рет  түсіндіру және тексеру шараларын өткізген. Жұмыс барысында 2 мыңға жуық балықшылардың балық аулау кезінде қарапайым мұз үстіндегі қағидаларды елемегендігі анықталған.
Алматы облысының ТЖД мұздағы сақтық шаралары туралы төмендегі ережені сақтауға кеңес береді:
  1. Жіңішке және қатпаған мұзға шығуға болмайды.
2.Мұздың беріктігін аяғымен тексеруге болмайды.
  1. Мұзға тәуліктің қараңғы уақытында, нашар көрінгенде (тұман, қар жауған, жаңбыр) және мас күйінде шығуға болмайды.
  2. Өзеннен өту кезінде жабдықталған мұз өткелдерін пайдалану қажет.
  3. Су қоймасында топпен бірге уақыт өткізгенде адамдар арасындағы қашықтық 5-6 етерден кем болмауы тиіс.
Қаперіңізде болсын мұздың беріктігін көзбен шолып анықтауға болады. Ол үшін ескеретін басты белгілер біріншіден, мұз көк түсті болса ол берік деген сөз. Егер су айдынның беті ақ түсті болса онда ол жерге бару өте қауіпті. Үшінші есте сақтайтын нәрсе, сұр және күңгірт ақ немесе сарғыш түсті мұз адам салмағын көтере алмайды.  Дәл осындай ерекшеліктері арқылы мұздың жай-жапсарын ажыратуға болады.

 

Талғар-ақпарат