Жетісу жерінде 1200 ҮЕҰ табысты еңбек етеді

Жетісу жерінде 1200 ҮЕҰ табысты еңбек етеді

Алматы облыстық Азаматтық Альянсы үкіметтік емес ұйымдарға бағыт-бағдар берумен айналысқаны баршаға мәлім. Аталған жұмыс «бір терезе қағидаты» бойынша іске асқан болатын. Көпке шарапаты тиген бұл жобаның іске қосылғанына екі жыл толды, деп хабарлайды  «Jetisy media» ақпараттық алаңы.

Алматы облысындағы әлеуметтік маңызды бастамалар мен бағдарламалар және жобалардың негізгі көздері үкіметтік емес ұйымдар болып табылады.
ҮЕҰ мемлекет, түрлі әлеуметтік топтар мен жеке тұлғалар арасында олардың құқықтары мен мүдделерін қорғайтын делдал ретінде әрекет етеді.
 Аталмыш ұйымның жекедара жетілуі үшін өңірдегі Азаматтық Альянс өз кезегінде 2 жыл көлемінде қол ұшын созып келеді. Олардың тарапынан сапалы адвокаттық қызмет, ҮЕҰ қызметкерлерін оқытудың үздіксіз процесі, сонымен қатар уақтылы кеңестер мен әдістемелік көмек көрсетіледі.
Бүгінгі күні Жетісу жерінде 1200 ҮЕҰ табысты еңбек етіп келеді. Олардың 600-і ағымдағы жылы Азаматтық Альянс көрсетіп отырған қызметке жүгінген. Мамандардың ақпараттық тұрғыдан беретін қолдауына жүгінушілердің саны төтенше жағдай салдарынан кеміген екен. Ал, 2019 жылы бұл көрсеткіш 900-і көрсеткен.
Негізінде жоба шеңберінде мамандардың қызметіне жүгінуші ҮЕҰ саны 105 болса, карантин жағдайына байланысты 60-қа төмендеген.
Аталмыш жобаның арқасында бірқатар ҮЕҰ мелекеттік гранттарға ие болған. Атап айтсақ, «Азат», «Жігер», «Мүшелтой», «Қапшағай-самға» қоғамдық бірлестіктері айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп, өз істерін жолға қойған.
Солардың ішінде «Жігер» және «Кәусәр» қоғамдық бірлестіктерінің атқарған жұмысы көптің көңілінен шығып отырған жайы бар. Олар медициналық бетперде мен арнайы «эко сөмке» тігіп таратқан.  Бұл бірлестіктердің істеген ісін көрсету үшін  облыстық Азаматтық Альянстың PR-менеджерлері  арнайы видеороликтер түсіріп, ақпараттық-насихаттау жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде соңғы 6 айда 20 ға жуық бейне материал жарық көрген.
«Егер ҮЕҰ бұл мәселелердің барлығын өз бетінше шеше алмаса, жағдайдан шығу жолы — кәсіби кеңесшілерге жүгіну. Бұл өз қызметтерін жан-жақты және жүйелі түрде ұсынады. ҮЕҰ проблемалар туындаған кезде ғана емес, сонымен бірге басқа донорлардың жобаларын жүзеге асыру қажет болған кезде азаматтық орталықтардың кеңесшілерінің қызметіне жүгіне алады», -дейді «Алматы облысының Азаматтық Альянсы» президенті Жанар Болатқызы.
Талғар-ақпарат