ЖАС КЕЛСЕ — ІСКЕ

ЖАС КЕЛСЕ — ІСКЕ

Елімізде мемлекеттік органдардың заң жобалау жұмыстары саласындағы қызметін үйлестіру, халыққа мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, жұртты білікті заң көмегімен қамтамасыз ету, халықты жұмыспен қамту ісіне ерекше назар аудару – халқымыз үшін аса маңызды іс болып табылады. Осы аталған міндеттерді жүзеге асыратын бірден-бір мекеме – жұмыспен қамту орталықтары. Онда қызмет атқаратын мамандардың барлығы дерлік мемлекеттік заңнамаларды жетік меңгерген, білікті мамандар.

Халыққа қызмет ету – бұл тек абырой емес, ол зор жауапкершілік. Қай саланы бол­ма­сын білікті маман басқармаса өрге емес, кері кетері сөзсіз. Себебі, біз алға қарай қарыштап дамып келе жатқан мемлекетте өмір сүріп келеміз. Мемлекетіміздің тетігі болып қаланып жүрген білімді кадрларды мақтан тұтпасқа болмас.
Осындай жауапкершілік жүгін арқалаған жандардың бірі – аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Бекжан Тұрсын. Басшы болып тағайындалғанына аз уақыт қана болған білікті маман туралы әңгіме қозғауымызға Кеңдала аулының бір топ көпбалалы аналары түрткі болды. Ауыл тұрғындарының бірі Салтанат Көшімбаева:
– Мен көпбалалы анамын. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде аудандық жұмыспен қамту орталығына жиі барып жүрдік. Онда бізге Бекжан есімді жас маман қызмет көрсетті. Өзі қарапайым халықпен емен-жарқын араласып, заң аясында кеңесін беріп, құжаттарымызды рәсімдеуге көп көмектесті. Өз ісінің нағыз маманы екеніне көзіміз жетті. Жалғыз мен ғана емес, барлық көпбалалы аналардың риза болып жатқанын байқаған едім. Жуырда Бекжан інімнің аталмыш орталыққа басшы болып тағайындалғанын естіп қуанып қалдым. Жас та болса бас болып, өз міндетін абыроймен атқаратынына сенемін, – деген еді. «Білікті маман лайықты орнын тапты, тағайындаған басшыларға ризашылығымыз шексіз» деген аналардың тілегін орындап, жас маман туралы әңгіме өрбітуді жөн көрдік біз де.
«Мамандық таңдау – өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалау. Ең қиын мамандық – адам болып қалу» – деген екен Хосе Хулиан Марти атты бір ойшыл. Ия, «мамандық таңдау – болашақты таңдау» деп бекерге айтылмаса керек. Өзінің табиғатына тән мамандықты жаңылмай таңдаған Бекжан Тұрсын 2015 жылы аудандық жұмыспен қамту орталығына жас маман болып жұмысқа қабылданған болатын. Киелі Райымбек ауданының Сарыжаз ауылында 1993 жылдың 9 желтоқсанында дүниеге келген Бекжан ауданымызға қарасты Кеңдала аулындағы №38 орта мектепті тәмамдаған. Одан кейін қаламыздағы іргелі оқу орындарының бірі – Талғар агробизнес және менеджмент колледжінде «Жерге орналастырушы техник» мамандығын игеріп, кейін білімін Тараз мемлекеттік университетінде дәл осы мамандық бойынша жалғастырған. Білім қуған жас осы оқу орнының «Заңгер» мамандығы бойынша да магистранты атанған. Білімді де білікті маман – қоғамның дамуына үлес қосатын қозғаушы күш. Әр мамандықтың заман сұранысына сай өзіндік орны болады емес пе?! Бекжан да өз орнын осы жұмыспен қамту орталығынан тапқан тәрізді. Жұмысқа бірден араласып, бұл саланың қыр-сырына әбден қанықты. Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын арттыруға бағыттаған түрлі бағдарламалары, күнделікті өзргерістермен қабылданып жатқан заңдардың жілігін шағып, барынша ауқымды жүзеге асуына атсалысып жүрді. Жұмыспен қамту орталығының қызметіне жүгіне келген азаматтарға, әсіресе жұмыссыздарға қолынан келген көмегін аямай, кеңесін беріп, адал қызмет ете білді. Сондықтан болар өткен жылы елімізде көпбалалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек беріле бастағанда жұмыспен қамту орталығының басшылығы Бекжанды атаулы әлеуметтік көмек бойынша жұмысқа жауапты етіп тағайындаған болатын. Ауданымыздың әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етудегі басым бағыттың бірі саналатын маңызды іске Бекжан барын салып кірісті. Атаулы әлеуметтік көмекке үміткер азаматтар арасында түсіндіру жұмыстарын қарқынды жүргізіп, аталмыш азаматтардың құжаттарын қабылдап, оларға кеңес беріп, ауданымыздың барлық елді мекендерін аралап шықты десек болады. Уақытпен де санаспай жұмыс жасады. Ел арасында туындаған түрлі сұрақ-сауалдарға тиянақты әрі нақты жауап беріп, көп балалы аналардың құжаттарын рәсімдеулеріне септігін тигізген еді. Өткен жылы ауданымызда 6090 отбасына 3345,3 млн. теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған екен. Ал биылғы жаңа тағайындалған атаулы әлеуметтік көмекті жыл басынан бері 1782 отбасы алып, 4 отбасына өз ісін ашуына 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз грант беріліпті. Бір отбасына шағын несие беріліп, 47 азамат қысқа мерзімді курсқа жолданып, 382 жұмысқа қабілетті адам жұмыспен қамтылған. Осындай мамандығына деген адалдығы, ісіндегі ширақтығының арқасында Бекжан Тұрсын аталмыш орталыққа басшы болып тағайындалған еді.
– Мемлекетіміздің бас­ты байлығы – адамдар екенін ескерсек, оларға қажетті жағдай жасау, жұмыспен қамту басты назарда. Президентіміз Қ.Тоқаев осы мәселені назарынан тыс қалдырған емес. Әсіресе көп балалы аналардың жағдайын жақсартып, тұрғын үймен қамтамасыз етіп, жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөліп, осы бағытта кешенді іс-шараларды жүзеге асыруда. Аудандық жұмыспен қамту орталығы жылдың басынан бері ауқымды істерді жүзеге асыруда. «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын негізге ала отырып, біршама жұмысты жүзеге асырды, – деген орталық басшысы Бекжан Тұрсын жыл басынан бері атқарылған істер жайын тілге тиек етті. Оның айтуынша, биылғы жылы ауданымызда 3002 жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланып, жыл басынан 2983 жұмыс орыны құрылған. Мемлекеттік интернет-ресурстары ар­қылы жыл басынан 2055 адам жұмысқа орналастырылып, оның ішінен 1140 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Қалғандары «Өзентас» ЖШС-ге, «Ақтас» ЖШС-ге, аудандық ауруханаға, басқа да мекемелерге тұрақты жұмысқа жолданған. 200 азаматты оқыту жоспарланса, 214 адам оқуға жолданып, 46,4 млн. теңге игерілген. 113 адам оқуын бітіріп, 45 адам жұмысқа орналасып, 68 түлекті аудандағы мекемелерге жұмысқа орналастыру жоспарда. Ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап 90 адам тегін кәсіптік және техникалық білім беру арқылы акушер, мейірбике, кондитер, аспаз, электрик мамандықтарын игеруге Талғар медициналық колледжі мен Талғар политехникалық колледжіне оқуға жіберілген екен. Аталмыш бағдарламаның жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған екінші бағыты бойынша жыл басынан 75 адамға несие беру жоспарланса, жалпы 110 адамға жолдама беріліп, олардың арасынан 31 азаматқа 153,1 млн. теңге шағын несие беріліп, 6 адамның өтініші мақұлданған. «Реинвест» арқылы 10 адамға 49,3 млн. теңге несие беріліп, 11 адамның өтініші қарастырылу үстінде. Аудан бойынша жеке ісін ашуға 200 АЕК мөлшерінде мемлекеттік грант 65 адамға беру жоспарланған болса, 53 адамға жалпы сомасы 81,5 млн. теңге грант берілген. Қосымша 100 адамға қаражат бөлінген. Қыркүйек айында 40 адамға грант беру жоспарда бар. Ал бағдарламаның үшінші бағыты бойынша ауданымызда әлеуметтік жұмыс орындарына 57 адамға 12,7 млн. теңге қаржы бөлінген болса, 73 адам шараға тартылып 5,0 млн. теңге игерілген. Жұмыстарын аяқтаған 17 адамның ішінен тұрақты жұмысқа 14 адам орналасып, 1 адам бала күтімімен, 2 адам «Майданбек» ЖК-не жұмысқа жолданыпты. Жастар тәжіребиесіне 125 адамға 49,7 млн. теңге бөлініп, 132 түлек жұмысқа жолданып 21,5 млн. теңге игерілген. Қоғамдық жұмыстарға 1348 адам жіберу жоспарланса, жыл басынан 1348 адам жұмысқа орналасып, 346,2 млн. теңге игерілген. Қоғамдық жұмыстарды аяқтаған азаматтардың саны 225, оның ішінен 4 адам тұрақты жұмысқа орналасса, қалғандары аудандағы «Амиран» ЖШС, «Глотвел» ЖШС, «Марат» ӨК-на және басқа да мекемелерге тұрақты жұмысқа жіберілген. Аудан бойынша 45 мүмкіндігі шектеулі азаматты тұрақты жұмысқа орналастыру жоспарланса, бүгінгі күні олардың 12-сі жұмысқа орналастырылған. Өз бетінше нәтижесіз жұмыспен камтылған және жұмыссыз азаматтармен «Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы» бойынша ақпараттық — түсіндіру жұмыстары әлі де жүргізіліп, формализацияландыру және жұмыспен қамту жұмыстары жалғасуда.
Жұмыспен қамту орталығында жыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстың ауқымы осындай. Бағамды бағдарлама арқылы мемлекеттен түрлі көмек алып, өз ісін бастап, я жұмысқа орналасып жатқан азаматтардың ризашылығы шексіз. Жас та болса орталыққа басшы болып тағайындалған Бекжан Тұрсынның білімі мен біліктілігі, өз ісіне деген адалдығы көптің көңілінен шығып, ықыласына бөленуде. «Жас келсе – іске» деп осындай­дан айтса керек дана халқымыз.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»