Партия ішіндегі сайлаудың алғашқы кезеңдері артта қалып, доданың нағыз қыза түсетін сәті — жария пікірсайыстың да уақыты келді. Дана қазақта «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» деген сөз бар. Сол айтқандай жария пікірсайыста үміткерлер аянып қалған жоқ.
Белгіленген ережеге сәйкес пікірсайыс үш кезеңді қамтыды. Бірінші кезеңде кандидаттар 5 минут уақыт аралығында өздерінің сайлауалды бағдарламалары мен қандай қызмет түрімен айналысатыны туралы ақпаратпен таныстырды.
Екінші кезеңде депутаттыққа үміткерлер бір-біріне сұрақ қойып, пікір алмасты.
Ал, үшінші раундта жиналғандар тарапынан да кейбір үміткерлерге сауалдар қойылып, нақты жауаптар берілді, мәнді мәселелерге тоқталды.
Пікірсайысқа Ержан Абиров, Динара Салимжанова, Ернат Тлеспаев, Жанна Третяк,Балжан Рахимжанова, Ерхан Нұржанов, Эльмира Баймолдаева, Ержан Игибаев, Журавлева Маргарита, Махсут Омарбаев, Амангелді Сембаев, Аллаберген Курбанбаев сынды азамат-азаматшалар қатысып, қазіргі өмірдің барлық салаларына қатысты көптеген мәселелерді қозғады. Атап айтқанда, көп балалы отбасылар үшін жеңілдіктер, білім беру саласы, бизнесті қолдау, экономиканы дамыту және т. б. қарастырылды.
Пікірталасқа қатысушыларды ортақ мақсат –Талғар ауданы тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыру үшін жағдай жасау, атап айтқанда Талғар қаласын дамытудың экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын іске асыруға тиімді бақылау байланыстырады.
Айнаш ЖҰМАҚАДІРҚЫЗЫ,
тілші