Мемлекеттің басты байлығы адам десек, әрбіріміздің аман-саулығымызды бақылайтын ол әрине, ақ халатты абзал жандар. Күн демей, түн демей қажет кезде жанымыздан табылып жататын дәрігерлердің қоғамдағы орны ерекше. Әлемде бірнеше ардақты да құрметті мамандық болса, соның бірі – осы қолы шипа дәрігерлер. Адамзат денсаулығы үшін күресіп, жанына араша түсетін дәрігер мамандығы қай кезеңде де қасиетті мамандық саналған.
Дəрігер мамандығы – аса жауапкершілікті, шыдамдылықты, өз ісіне деген сүйіспеншілікті қажет ететін ұлы мамандық. Адамдардың денсаулығын сақтау, түрлі кеселдің алдын-алу, сырқаттарды мына өмірге қайта оралту үлкен бақыт. Өз ісін жетік меңгеру, іске адал болу, адам жанына араша тұру, медицина қызметкерлерінің басты парызы. Біз əңгіме еткелі отырған Қазия Итбалаева дəл осындай антына адал жан десек артық айтпаймыз. Бүгінде орталық аудандық аурухананың қабылдау бөлімінде еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жан соңғы жылдары осы бөлімде жаңадан ашылған жарақатты емдеу орнының мейірбикесі. Орталық аурухананың күні-түні жұмысы қайнап жататын қабылдау бөлімінде еңбек еткеніне он бес жылға жуықтады. Алғашқы медициналық көмекке жүгінген барлық науқас ең алдымен осы қабылдау бөліміне келіп түседі. Ондағы барлық дəрігерлер мен мейірбикелер басы ауырып, балтыры сыздаған жанның барлығына қызмет көрсетіп, дертіне дауа болады. Ал жарақатты емдеу орны осыдан бір жыл бұрын травматолог дəрігер Ерлан Демеуовтың мұрындық болуымен ашылған еді. Қабылдау бөліміне түсетін түрлі жарақат алған тұрғындарға дер кезінде қызмет көрсетіп, жарақатын таңып, тіпті ота жасап та беруге мүмкіндігі бар арнайы орынның ашылғаны аталмыш бөлімше қызметкерлерінің жұмысын біршама жеңілдеткен болатын. Травматолог дəрігерлер Исламбек Нұрмахашев, Арзимұхамад Абдужамалов, Төлеубай Айнабековтей білікті мамандар мен оларға көмек көрсететін Қазия Уразалықызы сынды мейірбикелер жарақат алған науқастарға ем-дом жасап, жарақатын таңып көмек беріп келеді. «Дəрігер – арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы керек» деп медицинаның атасы Ибн Сина дəл осы ақ халаттыларға арнап айтқандай. Арыстандай еш нəрседен қорықпайтын, өзінің бойын қорқыныштың баурап алуына жол бермейтін, қыздай өз ісіне байыппен, сеніммен қарайтын, анадай науқастарға мейірімін төге білетін, алтын қолды мамандардың арқалаған жүгі ауыр, міндеттері зор жауапкершілікті талап етеді. Бұл бөлімге күніге жол апатына ұшыраған, пышақ кескен, түрлі дене мүшелері сынған, күйіп қалған, ит қапқан, басқа да дене жарақаттарын алған адамдар келеді. Олардың бірінің жарақаты жеңіл болса, енді бірі өмір мен өлімнің арасында жатады. Ондайда жылдам шешім қабылдап, ота жасап, өмірін арашалап қалатын кездері де болады. Осындайда дəрігердің қасынан табылатын Қазия Уразалықызы мейірбикеге жүктелетін міндеттің барлығын тиянақты атқарып, ем шараларын жасайды. Науқастардың сырқатын дəл анықтау үшін күні-түні сараптама бөлімі, рентген аппараты мен компьютерлік томография кабинеттері жұмыс жасап тұрады. Тиісті медициналық көмек көрсету үшін жарақат емдеу орны қажетті дəрі-дəрмек пен мақта-дəке сынды ем-шара заттарымен толық қамтылған. Оның барлығы қабылдау бөлімінің меңгерушісі Айдос Еркенов пен аға мейірбике Бибігүл Шағаеваның өз ісіне деген тиянақтылығы мен жауапкершіліктерінің жоғарылығының арқасында. Қашанда ұжымына қолдау көрсетіп, əрбір маманның арқалаған жүгінің ауыр, атқаратын міндетінің қаншалықты қиын екенін жан-тəнімен түсінетін басшылар олардың халыққа алаңсыз қызмет етулеріне барлық жағдай жасап отырады.
– Менің өмірлік ұстанымым қызметіме адал болу. Медицина мамандығы зор жауапкершілікті арқалайтын мамандық иесі. Қаншама қажыр-қайрат, шыдамдылық, сабырлылық керек. Маған өзім таңдаған мамандық өте ұнайды. Адамдарға қамқор болу, сырқат жанды емдеп, дертіне шипа болу бір бақыт. Өзім Алланың ақ жолында жүрген жанмын. Бес уақыт намазым бар. Күн сайын жұмысқа кіріспес бұрын еліме амандық тілеп, науқас жандарға «Алла шипасын берсін!» деп дұға жасаймын,- дейді Қазия Итбалаева əңгіме барысында. 1989 жылы Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық медициналық училищесіне оқуға түсіп, оны 1991 жылы «Мейірбике ісі» мамандығы бойынша аяқтап шыққан ол еліміздің денсаулық сақтау саласында аянбай еңбек етіп келеді. 1996 жылы Талғар қаласына қоныс аударып, алғашында балабақшада медбике болып балалар денсаулығын қадағалады. 2006 жылы аудандық аурухананың қабылдау бөліміне жұмысқа қабылданып, содан бері табан аудармай халыққа қызмет етіп келеді. Бүгінде өмірлік серігі Марат екеуі үш қыз тəрбиелеп отырған үлгілі жанұя.
Үмiтке үмiт жалғап, ғұмырдың ұзақтығын сабақтастырып, бiлiм мен мейiрiмдiлiктi ұштастыра бiлген ақ халатты абзал жандардың еңбегі үнемі жоғары бағасын алып келеді. Бұл мамандықтың қыр-сырын ортасында жүрген жан ғана түсінеді. Мамандықтың машақатын көзімен көрген жан ғана бағалайды. Кейде пендешілікке салынып «дер кезінде көмек көрсетілмеді» деп назданып жататынымыз рас. Десе де, біреудің сырқаты жеңіл болса, біреулер өмір үшін күресіп жатады. Осындайда өзімізді сабырға шақырып, дəрігерлердің жұмысына түсіністікпен қарағанымыз жөн-ау. Өзінің жұмысын адал, шын беріліп істейтін, мейірімді жүрегімен, аялы алақанының көмегімен көптеген жанның өмірін арашалап қалатын ақ халаттыларға құрметпен қарайық. Маусым айының үшінші жексенбісі Медицина қызметкерлерінің төл мерекесі. Жаны қиналғанға жанашыр болып, дауа іздегеннің көңіліне демеу болған жандардың ерен еңбегі лайықты бағасын ала берсін! Мереке құтты болсын!
Перизат АУҒАНБАЙҚЫЗЫ,
«Талғар».