ЖАС КЕЛСЕ ІСКЕ…

ЖАС КЕЛСЕ ІСКЕ…

Елдің артқан сеніміне сызат салмай, үмітін ақтап, жоғалғанын жаңғыртып, жыртығын жамау. Иә, бұл халықтың мемлекеттік қызметшінің бойынан көргісі келетін асыл қасиеттер. Айтарға аты жақсы болғанымен, жасарға жұмысы қиын бұл қызметтің жауапкершілігі мол, жүгі ауыр. Сол себепті болар аталған саланың салмағына шыдамаған көп түлектің табандылық жетіспей таңдап түскен мамандығынан тез жалығатыны. Шынымен өзін-өзі үзідіксіз дамытып, ұдайы жетілдіріп, біліктілігін шыңдап отыру кез-келген жанға тән қасиет емес. Ал, бұл мемлекеттік қызметшіге қойылатын басты талаптың бірі.  Демек мемлекеттік қызметте әлсіздерге орын жоқ деген сөз. Ал, бүгінде білегін сыбанып беделін бәске қойып мінсіз міндетін атқарып, алғысқа бөленіп жатқан жастар да баршылық. Сондай жандардың бірі — «Талғар ауданы әкімдігінің құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бас маманы Қашқынбаев Бауыржан Тохтиярұлы.

Білімін өзі өскен аудандағы көрікті құрылыстардың бой көтеруіне жаратып жүрген Бауыржан 1989 жылы көршілес жатқан Райымбек ауданы, Нарынқол ауылында дүниеге келген. Десе де буынын бекітіп, бұғанасын қатайтқан төр Талғардың іргесіндегі Рысқұлов ауылы болатын. Сол ауылдың мектебінде оқып бітіріп, кейіннен Алматы қаласындағы Қаныш Сəтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық Зерттеу Университетінде «Құрылыс» мамандығы бойынша диплом алған. Қарапайым қазақы отбасында өмірге келіп, ұлттық құндылығымызды бойына жиған ұлдың бүгінгідей ұлтына қызмет етуі заңдылық. Бұған дейін сан саланың сынағынан сүрінбей өткен маман бұдан бұрын «Талғар тұрғын үй» жауапкершілік шектеулі серіктестігінде халықпен жұмыс бөлімінің менеджері сынды қызметтер де атқарған. Осылайша мемлекеттік қызметке жастайынан араласқан Бауыржан Тохтиярұлы бүгінде білікті маман, бір отбасының арқа сүйері, екі қыз тəрбиелеп отырған сүйікті əкесі. Мамандығына деген құрметін, жұмысының тиянақтылығынан байқатқан азамат аз жылдық мемлекеттік қызметтегі жиған тəжірибесімен де бөлісіп өтті. «Мемлекеттік қызметкерлердің жұмысы қиын əрі қызықты. Уақытпен санаспайтын іс. Аудан халқымен етене араласа еңбек етіп, ел тілегін ескеріп, оңтайлы шешілуіне барыңды салуың керек. Мен қызмет еткен бөлімге арыз-шағыммен, түрлі хаттармен келетін азаматтардың басым бөлігі тұрғын үй қажттілігін алға тартса, қалғандары ауыз су, жарық, жол сияқты түрлі өзекті мəселелерді көтереді. Аталмыш мəселелердің барлығы бір күннің еншісіндегі мəселелер емес. Айлап, жылдап бюджет қоржынының қаражатына телміріп отыратын кездер де болады. Осындайда халыққа бəрін тиянақты түсіндіріп, басшылықтың назарына ұсынып жатамыз. Мемлекеттік қызметкер халықты жылы қабылдап, сыпайылық таныту керек. Сонда ғана тұрғындардың билікке деген сенімі артады, – дейді бас маман. Бұл пікір жұмысын жаңа бастаған жастар үшін кəдеге жарар кеңес деп білеміз.

Еткен еңбегі елеусіз, алар ақысы анау айтқандай емес, əңгімеге арқау болған саланың өкілдерін қиындығына шыдатып қызықтыра қоятын бұл қызметтің қандай күші бар дерсіз?! Бəлкім жайлы орын, ыңғайлы мəнсаптық саты, байлыққа бастар жол деген жаттанды ой келер басыңызға. Десе де, сөз етіп отырған маманымыз бұл оймен келіспейді. Айтуынша мемелекеттік қызмет – ұлт алдындағы азаматтық парыздың өтеуі жəне ұрпақ тəрбиесіндегі үлгі көрсетер ұтымды əдіс. Түсінгеніміздей елге деген махаббаты болмаған маманның бұл саланың сынағынан мойымай өтуі екіталай. Ендеше жоғарыда айтқанымыздай егеменді елдің жігерлі жастары көп, жетер жетістіктері мол болсын дейміз.

Дархан МАҚСАТҰЛЫ,

«Талғар».