БІЛІКТІ МАМАН, БІЛІМДІ БАСШЫ

БІЛІКТІ МАМАН, БІЛІМДІ БАСШЫ

Мемлекеттік қызметкер болу – үлкен жауапкершілікті жүктейтін абыройлы міндет. Мемлекетке қызмет жасау – ұлтқа қызмет ету ұғымымен астасып жатыр. Мемлекеттік қызмет – халықтың сенімін ақтап, ұлтымыздың абыройын асқақтату. Мемлекеттің өркендеуі, халықтың әлауқатының артуы, қоғамның кез келген саласының дамуы – бірінші кезекте мемлекеттік қызметкердің еңбегіне тікелей байланысты. Дамыған елдердің тәжірибесі елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда мемлекеттік аппараттың кадрлық мүмкіндігінің аса маңызды екендігін көрсетіп отыр. Сондықтан да ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – мәртебелі міндет.

Халық үшін мемлекеттік қызметші қашанда əділдіктің, қарапайымдылықтың имиджі болып келетіні бесенеден белгілі. Тиянақтылық, жауапкершілік, ұқыптылық. Бұл үш қасиет те Дамира Нұрғожаеваның өмірлік ұстанымдары. Мемлекеттік қызметте 15 жылға жуық қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан Дамира Серікқызы бүгінде аудан əкімі аппаратының жалпы бөлімін басқарады. Еңбек жолын 2004 жылы аудан əкімдігінде қарапайым хатшы болып бастаған жас маман көпті көріп, көңілге түйіп, мемлекеттік қызметтің қызығы мен қиындығына əбден қанықты. 2008 жылы мемлекеттік қызметкер болып Талғар қаласы əкімі аппаратына қызметке қабылданды. Дамира Серікқызының бұл міндетті еш қиындықсыз атқара алатындай қабілет-қарымы жетерлік болатын. Бір емес үш оқу орнында алған білімі мен өз ісіне деген жауапкершілігінің арқасында халыққа адал қызмет етіп, қала əкімдігінің қызметін дөңгелетіп əкетті. 2010 жылы Кеңдала ауылдық округіне бас маман болып қызмет ауысып, онда үш жылдай еңбек етті. Түрлі хаттарды тіркеу, анықтама беру, жұртшылықтың арыз-шағымына құлақ асу сынды міндеттерді мінсіз орындады. 2013 жылы осындай білімділігі мен біліктілігінің арқасында аудан əкімдігінің тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөліміне бас маман болып жұмысқа қабылданды. Аудан инфрақұрылымын дамытуда басты рөл атқаратын бұл бөлімнің жұмысы қайнап жататын. Бір жағынан тұрғын үйге кезекке тұратын азаматтарды қабылдау болса, екінші жағынан жарық, ауыз су, жол, байланыс, тағы басқа да өзекті мəселелерді алға тартып келетін тұрғындардың арыз-шағымдарымен жұмыс жасау ең қиыны еді. Бұл бөлімнің жұмысын да тез еңсеріп кеткен Дамира Серікқызы бағын басшылық қызметте сынамаққа арнайы мемлекеттік қызметкерлерге арналған тест тапсырып, конкурстық іріктеуден сүрінбей өтіп, кадрлық резервке қойылады. Осылайша 2015 жылдың мамыр айында аудан əкімдігі аппаратының жалпы бөлімінің басшысы болып тағайындалады. Міне, қарапайым хатшыдан басшылық қызметке дейін сатылай көтерілген Дамира Серікқызы бүгінде білікті басшы. Аудан əкімдігіндегі ең маңызды бөлімінде құжат айналымын ретке келтіріп отырған жан. Əкімдікке келіп түскен кіріс пен шығыс құжаттарды, қаулы, өкімдерді, шешімдерді тіркеп, тиісті бөлімдер мен органдарға жөнелтіп отырады. Аудан əкімдігінің барлық бөлімдері мен мекемелер, ауылдық округ əкімдіктерін қажетті ақпаратпен қамтып, берілген тапсырмалалардың орындалуын қадағалау да осы бөлімнің міндеті. Бір ғана мысал ретінде айтар болсақ, биылғы жылдың бес айында аталмыш бөлімге жеке тұлғалардан 2262 құжат түссе, кіріс хаттар саны 6117, шығыс хаттар саны 3000-ға жуықтаған. Əсіресе, бөлімге келіп түскен құжаттардың əрқайсысының орындалу мерзімі заңнамада көрсетілгендей əртүрлі. Ал олардың тиісті мерзімде, тиянақты орындалуын қадағалау да осы бөлімнің құзырында. Оған қоса əкімдікте өтетін барлық жиын, түрлі басқосулардың хаттамаларын жазып, апта сайын тұрғындарды əкім қабылдауына тіркеу де осы бөлім мамандарының міндеті.

– Мемлекеттік қызметтің ел алдындағы аса абыройлы да жауапты қызмет екендігі баршаға мəлім. Əсіресе мемлекеттік қызметте жүрген мамандардың білімді де білікті болуы мемлекеттік қызмет саласының артуына тікелей ықпал ететіні сөзсіз. Мемлекеттік қызмет жолын таңдаған азамат əрбір ісіне аса зор жауапкершілікпен қарағаны жөн. Сəл нəрседен мүлт кетсе, ол оның абыройы мен атқарған жұмысына сын. Мемлекеттік қызмет жай ғана шырт киініп, əдемі кеңседе, тұрақты жалақы алып отыру емес, бұл күнделікті, қажырлы, тиянақты еңбекті талап етеді. Мемлекеттік қызметкерлердің басты міндеті – халыққа адал қызмет ету, керек болған жағдайда өз мүддесінен ел мүддесін жоғары қою. Сонда ғана біз халыққа адал қызмет етіп, ел сенімінен шыға аламыз, – дейді Дамира Серікқызы.

Жер жəннаты Жетісудың Кеген өңіріндегі шағын ғана түтіні бар Тұйық ауылында дүниеге келген Дамира Нұрғожаева бүгінде отбасылы. Аяулы жар, ардақты ана. Əкесі Серік ауылдағы «Рудник» кен орнында жүргізуші болып қызмет атқарған, ал анасы Əсемхан ауыл кітапханасында 25 жыл кітапханашы болған. Отбасындағы бес баланың екіншісі Дамира мектепті үздік оқыған. 1991 жылы Кеген ауданындағы білімді балалардың алды болып аты əлемге əйгілі «Артек» лагеріне жолдама алып, жазғы демалысын өткізіп келгені бар. 1995 жылы Кеген ауылындағы №2 орыс орта мектебін үздік бітіріп, Талғар қаласындағы бүгінгі Талғар агробизнес жəне менеджмент колледжіне оқуға түсіп, агроном-экономист мамандығын игерген. Колледжде алған білімімен шектелмеген Дамира Серікқызы 2004 жылы Алматы қаласындағы Экономика жəне құқықтану академиясына түсіп, 2007 жылы «қаржыгер» мамандығын алып шығады. Кейін 2010 жылы дəл осы оқу орнында «Заңгер» мамандығын оқып, білімін жетілдіріп, үшінші дипломын қолына алған. Осылайша жиған білімі мен бойындағы адамгершілік асыл қасиеті бүгінде оны абырой биігіне көтеріп, еліміздің өсіпөркендеуі жолында қызмет етуіне жол ашты. Билік пен қарапайым халық арасын жалғайтын алтын көпірге айналған мемлекеттік қызмет саласында қажырлы еңбек етіп келе жатқан Дамира Нұрғожаеваны кəсіби мерекесімен құттықтап, ел игілігі жолындағы қызметіне табыс, отбасына амандық тілейміз біз де!

Перизат НҰРҚАЕВА,

«Талғар».