Әлемді шарпыған аса жұқпалы коронавирус дертінің елімізде кең етек жайып кетпеуі үшін 16 наурыздан бастап ТЖ жағдай жарияланған еді. Бұл өте дұрыс, батыл шешім болды. Соның арқасында қатерлі дерттің жайылуына тосқауыл қойылып, маңызды шаралар жүзеге асырылып келеді. Осы орайда табыссыз қалған адамдарға 42 500 теңге қаржылай көмек берілуде. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың күні кеше ғана жасаған мәлімдемесінде бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар мен қатар, жүзеге асырылатын шаралар да кеңінен қамтылған. Бүгінде 4 млн. 250 мың адамға қаржылай көмек көрсетіліпті. 570 мыңнан астам адамға азық түлік таратылған. Аталған игі істер ТЖ кезеңі біткенше жалғасатын болады. Сонымен қатар, сәуір-мамыр айларында 1,6 млн.астам адамға коммуналдық төлемдерді өтеу үшін қаржылай көмек көрсетілетіні де айтылды. Мұның өзі қаржылық қыжылат көріп отырған көптеген отбасы үшін кәдімгідей демеу. Экономиканы құраушы шағын және орта бизнес саласы да қолдаудан сырт қалмайды. Президент атап өткендей, 11,5 мың шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерінің несиелерін кейінірекке шегеруге мүмкіндік берілді. «Жаздың бір күні, қысқа азық» демекші, көктемгі дала жұмыстарын да тиімді жүргізу үшін шаруаларға барынша жағдай жасалу көзделуде. Атап айтсақ, бұл бағытқа 200 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінбек. Жалпы азаматтар мен бизнесті қолдау мақсатында 6 триллион теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр. Денсаулық сақтау министрлігіне COVID -19 ауруын тест арқылы анықтау жұмысын барынша күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, Үкіметке қысқа мерзімде отандық тест-жүйесінің өндірісін жүзеге асыру міндеттелінді. Бұл уақыт оздыруға болмайтын өте маңызды міндет, жауапты жүк. Сырқатты ерте кезеңде анықтау оңтайлы нәтижелерге жол ашары айдан анық. Бүгінде қатерлі дертпен күрес майданының алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлерді, медицина қызметкерлерін қолдау, олардың сапалы қызмет көрсетуіне жағдай жасау, жалпы алдағы уақытта да медицина саласын дамытуға баса мән берілетіні айтылды. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп тегін айтылмаған. Аса қауіпті дерттің таралу, жұғу жолы өте тез болғандықтан, белгіленген барлық санитарлық талаптарды орындай отырып, мүмкіндігінше оқшаулануды ұмытпаған абзал. Бүгінге дейін бұл дертке қарсы вакцина табылған жоқ. Мемлекет басшысы өз мәлімдемесінде ТЖ режимі 11 мамырға дейін ұзартылатынын айтты. Бірқатар аймақтарда карантин талаптары жеңілдетілмек. Бірінші кезеңде өнеркәсіп кәсіпорындары, құрылыс, жол құрылысы, көлік компаниялары, банктер және ХҚКО өз жұмысына кіріспек. Қалай десек те, жұқпалы дерттің көзге көрінбейтін қаупін ұмытпауымыз керек. Үкімет тарапынан қолға алынып отырған барлық сақтық шаралары адамдардың денсаулығы мен өмірін қорғауға бағытталғанын жақсы түсінеміз. Сабырлықпен бұл қиындықтан да аман есен шығамыз деген сенімім мол!
Жұмахан Еңкебайұлы,
Талғар аудандық мәслихатының хатшысы.