Тәні саудың – жаны да сау. Бүгінгі таңда басы ауырып, балтыры сыздамайтын жан жоқ. Сондықтан да денсаулыққа қатысты мәселелерді алдын ала ойластыру қашанда оң нәтижесін береді. Әр адам денсаулығы үшін өзі жауапты, дегенмен мемлекет бұл мәселеде қарапайым халыққа көптеген жағдайларды, ұтымды және жақсы мүмкіндіктерді жасап отыр. Бұл мәселеге мемлекетпен қатар жұмыс беруші де белсенді араласуда. Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі толығымен іске қосылды. Бұл еліміздің әр азаматына қатысы бар реформа. Сондықтан медсақтандыру деген не, оның тиімділігі мен берер мүмкіндіктері жайлы барша қазақстандықтардың білгені абзал. Осы орайда «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы облысы бойынша филиалының директоры Отарғалиев Нұрлан Таңжарықұлымен сұхбаттасқан едік.
-Нұрлан Таңжарықұлы, 1 қаңтардан бастап Қазақстан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшті. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, жаңа жүйе аясында халыққа тегін медициналық қызмет көрсететін барлық мекемелермен келісімшартқа қол қойылған. МӘМС аясында науқастарға көмек көрсететін 2000-ға жуық медициналық мекеме таңдалды. Олардың 60 пайызы – жекеменшік клиникалар. Айтыңызшы облыс бойынша және Талдықорған қаласы бойынша қанша аурухана фондпен келісім шарт жасады?
— Облыс бойынша Қормен 73 медициналық ұйым келісім шарт жасасқан. Оның 44-і мемлекеттік, 29-і жеке меншік медициналық ұйымдар. Талдықорған қаласы бойынша барлығы 24 медициналық ұйыммен келісім шарт бар. Солардың ішіне қаладағы барлық мемлекеттік медициналық ұйымдар кіреді. Жеке меншік ұйымдар қатарында, атап кетсек – «Хак» медициналық орталығы, «Зире» ЖШС, «Көксу Мед» ЖШС, «Аккорд KZ» ЖШС, «Нур-Авиценум» мемлекеттік емес медициналық орталық, «Нефрос-Азия» ЖШС және т.б. Толықтай мәліметті медициналық сақтандыру қорының сайтынан, денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқоры бөлімінен таба аласыз.
-Бүгінгі күнге дейін қазақстандықтардың 83 пайызы жаңа жүйе бойынша сақтандырылып үлгерген. Ал, 2020 жыл басынан шамамен қанша адам шартты сақтандырылмаған болып саналады?
-Қазіргі таңда, облыс бойынша 300 мыңнан астам адамдар шартты сақтандырылмаған және 14 мыңнан астам адам тіркелмеген болып саналады. Қаңтар айының орта шенінен барлық медициналық ұйымдарға сақтандырылмаған адамдардың тізімі жіберілген болатын. Ақпанның соңына дейін телім дәрігерлері өздеріне қарасты барлың азаматтармен ақпараттық түсіндірме жұмыс жүргізуі қажет.
-Халықты ақпараттандыру үшін қандай шаралар жүргізілуде?
-Халықты ақпараттандыру мақсатында түрлі ұйымдармен кездесулер өткіземіз. Медициналық мекемелерде ақпараттық-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылады. Медициналық қызметкерлермен науқастың медициналық көмекті қабылдауындағы бағдарында барлық кезеңдерге ерекше назар аударамыз. Әр-алуан ақпарат көздерінде барынша хабар таратылады. Жылдың басынан, яғни 5-ші қаңтар мен 14-ші ақпан аралығында 16 кездесулер өткізіліп, бұқаралық-ақпараттық көздері арқылы 140-тан астам материалдар жарық көрді. Теледидар арнасынан 6 бағдарламалар мен жаңалықтар легінен сұхбат беріліп, халыққа жаңа жүйенің артықшылықтары мен тиімділігі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз. Қоғам белсенділерімен, қоғамдық ұйымдармен кездесіп, барынша ақпарат таратуды көдейміз. Сонымен қатар, Қордың Алматы облысы бойынша филиалында халықты қабылдау бөлмесі ұйымдастырылған. Медициналық сақтандыру жайлы ақпарат қажет болғанда немесе медициналық мекемедегі қызмет көрсету сапасы туралы шағымдарыңыз бен ұсыныстарыңыз бар болса тәулік бойы жұмыс істейтін 1406 колл-центріне хабарласуыңызға болады.
-Белгілі себептермен тіркелмей қалған азаматтар медициналық қызметтерді қалай алады?
-Осы жылдың 1 сәуіріне дейін барлық азаматтар МӘМС жүйесінде сақтандырылған деп саналады. Сондықтан, медициналық қызметтерді толық көлемде қабылдай алады. Осы уақыт аралығында барлық азаматтарға қажетті медициналық қызметтер толықтай көрсетілуі қажет. Аталған, жеңілдік кезеңінде сақтандырылмаған азаматтар сақтандырылып, МӘМС жүйесінің қатысушысы болуы керек.
Медициналық мекемеге тіркелуді электрондық үкімет порталынан (https://egov.kz/), ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің (http://dsm.gov.kz/) және Қордың сайтынан (https://fms.kz/) және Telegram-бот (https://t.me/SaqtandyryBot) арқылы жүзеге асыруға болады.
Сақтандырылмаған азматтарға 1-ші сәуірден тек тегін медициналық қызмет көрсету (ТМҚК) пакеті аясында көмек көрсетіледі.
-Сұхбатыңызға көп рахмет.
Талғар-ақпарат