Осыдан азғантай уақыт бұрын Талғар ауданы, Бірлік ауылындағы №35 мектеп-гимназиясы халқымыздың даңқты перзенті Бауыржан Момышұлының есімін иеленген еді.
Аталмыш білім ұясының жасыл желекке оранған кең алаңының төрінде орын тепкен батыр бабамыздың бюсті менмұндалап, жас ұрпақты елдік пен отансүйгіштікке, адалдық пен ақиқатқа шақырып тұрғандай. Алмас қылыштай өткір де қайсар, дана да данышпан, шешен әрі ақын, «сөз қадірін өз қадірі, өз қадірін ел қадірі» деп бағалаған тау тұлғаның ерлік жолы мен ғибратты өнегесін өскелең ұрпаққа ұғындыру ұлттық тәрбиеміздің ажырамас бөлігі, қайнар бұлағы. Осындай даңқты тұлғаның есіміне сай болу мектеп ұжымына, онда білім нәрімен сусындап отырған шәкірттерге зор жауапкершілік пен ізгілікті міндет жүктейтіні айтпаса да түсінікті.
Жуырда Б.Момышұлы атындағы №35 мектеп-гимназиясында «Дана да дара Бауыржан» атты «Бауыржан оқуларының» ақтық сайысы өтті. Аты аңызға айналған халқымыздың қаһарман ұлы, көрнекті қазақ жазушысы Бауыржан Момышұлының өмірі мен шығармашылығын дәріптеп, өлең, жырларын, даналық сөздерін насихаттауға, жас ұрпақты елжандылыққа, ұлтжандылыққа, Отанын қорғай білуге, елін, жерін сүюге тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған мәні терең тәрбие шарасының бастау алғанына да бір ай уақыт болған. Оған мектептің барлық сыныптарынан ұзын саны 409 бала қатысқан. Осылайша, әр сыныптан жүйріктер анықталып, ақтық мәреге 29 шәкірт іріктелді. Сайыс үш кезеңнен тұрды. «Атаның сөзі-ақылдың көзі» деп аталатын бірінші бөлімде сайыскерлер Б.Момышұлының бір өлеңін жатқа, мәнерлеп оқуы керек. «Өн бойы ар-намыстан жаратылған» тақырыбын қамтыған келесі кезеңде талапкерлер жаттаған өлеңдерінің тізімі бойынша билет алып, онда көрсетілген шығармасын нақышына келтіре оқуы шарт. Сахна мәдениеті, өлең-жырдың мәнін аша білу шеберлігі де ескерілді. «Тау тұлға» деп аталған үшінші кезеңнің ерекшелігі оқушылар Б.Момышұлының ерен ерлігі мен өмір өнегесінен сусындай отырып іздене білуге, зерделеуге, талдауға, түйіндеуге машықтанды. Бала көзімен түйсінген дүниелерін қағаз бетіне жинақтап, әрқайсысы арнайы папка әзірлеген. Айта кету керек, бұл бағытта байқауға қатысушылар көп еңбектенген, нәтижесінде ұпайлары да тең түсті.
Айтулы шараның шымылдығы батыр бабамыздың көзі тірі кезінде жазылған «Жастарға өсиет» бейнежазбасын көруден басталды. Әр сөзі мірдің оғындай ғибратқа толы ата ақылы, таспаға жазылған дауысы жиналғандардың жүрегіне шым-шымдап жетіп, жан дүниесін толқытып, санасын серпілткені анық. Өткізіліп отырған сайыстың мақсаты мен маңыздылығын, талабын еске салған жүргізуші сахна төріне аралық байқаудан суырылып шыққан 29 оқушыны жеке-жеке шақырды. Осы орайда сайыскерлердің өнерін бағалайтын әділқазылар алқасын таныстырып өтті. Олар: Талғар ауданының Құрметті азаматы, «Кәусар» білім колсалтинг әлеуметтік қолдау орталығының директоры Найля Үмбетова, Алматы облысы бойынша «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығының «Басқару және білім сапасы» кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Майра Валиева, аталмыш мектептің ғылыми жұмыстар жетекшісі, ғылым кандидаты Айтжамал Нұрбатырова, халықаралық деңгейдегі PR саласының сарапшысы Батима Әскербекқызы. Аталмыш сайыстың ерекшелігі, жеңімпаздар арнайы дипломмен қатар, демеушілер тарапынан тағайындалған «Бауыржан Момышұлы атындағы» атаулы шәкіртақыға ие болды. Атап айтсақ, Бас жүлдені жеңіп алған оқушы қаңтар-мамыр айларында 15 мың теңге шәкіртақы (демеушісі ауылдық округ әкімі Аслан Қасымбаев ) алып отырады, ал бірінші орынға көтерілген үш оқушының әрқайсысы 10 мың теңге көлеміндегі шәкіртақыға ие болады (демеушілері: А.Абдрешқызы, Н.Үмбетова және жеке кәсіпкер Б.Жолтаева). Мұның өзі оқушылардың танымдық көкжиегін кеңейтуге ынталандырып, қызығушылығын арттырары сөзсіз.
Мектептің өнерлі шәкірті Бейбарыс Қадірдің орындауында «Бауыржан баба» әні шырқалған соң, сайыс басталып кетті. Сахнаға ең алғашқы болып 2 «а» сынып оқушысы Жансерік Насилбек көтеріліп, Бауыржан атамыздың «Солдат әні» өлеңін нақышына келтіре оқыды. Осылайша, кезекпе-кезек әрбір сайыскер өз өнерлерін ортаға салды. Оқушылардың ақтық додаға үлкен дайындықпен келгені, мәнерлеп оқу шеберлігін, сахна мәдениетін әбден меңгергендіктері байқалды. Сондықтан да әділқазылар алқасына да «сайдың тасындай» сайыскерлердің ортасынан жеңімпазды анықтау оңайға түспеді. Десек те, сайыс болғандықтан «жүзден жүйрік, мыңнан-тұлпар озатыны» анық. Байқауда бақ сынаған әрбір оқушының артық-кем тұстары әділқазылардың назарынан мүлт кетпеді. Байқау қорытындысы бойынша қазылар сүзгісінен сүрінбей өтіп, жоғары нәтиже көрсеткен 3 «в» сынып оқушысы Советхан Данияр «Бас жүлдені» жеңіп алды. Бірінші орынды 7 «а» сынып оқушысы Наурызбай Балжан, 5 «ә» сынып оқушысы Тасполат Иманғали және 9 «в» сынып оқушысы Мұхаметқалиева Аршын иеленді. Жеңімпаздарды жариялап әрі марапаттарын табыс еткен әділқазылар алқасының төрайымы Айтжамал Әбдрешқызы ізгі лебізін білдіріп, өнерлі шәкірттерге, ұлағатты ұстаздар мен ата-аналарға алғысын жеткізді. Бұл ретте, тамаша өнер көрсеткен бір топ оқушылар айрықша аталып өтті. Ынталандыру мақсатында Балжан Наурызбай (7«а»), Айсұлу Қырғызбай (9 «а»), Аршын Мұхаметқалиевалар (9«в») Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының қабырғасында белгілі өнертанушы Амангелді Мұқанмен кездесетін болады, ал Жансерік Нәсілбек (2 «а»), Іңкәр Ибадят (2 «г»), Ақназар Нұрболұлы (6 «в»), Зере Тұрарбек (7 «а») ұлттың үнжариясы атанған Қазақ радиосы редакциясына барып, онда Б.Момышұлына арналған бағдарламаға қатысып өз өнерлерін, ой-пікірлерін ортаға салу мүмкіндігіне ие болды. Аталмыш мектептің ғылыми жұмыстар жетекшісі Айтжамал Нұрбатырованың мұрындық болуымен өткізілген «Бауыржан оқулары» алдағы уақытта өз жалғасын табатындығы айтылды. Жеңімпаздарды жеңісімен құттықтаған Найля Үмбетова сайысқа қатысқан барлық оқушыларға ризашылығын білдіріп, мектеп кітапханасына Б.Момышұлының көп томдық шығармалар жинағын, сонымен қатар батырдың ерлік жолын қамтыған Александр Бектің «Арпалыс» кітабын, ұзын саны 30 кітапты сыйға тартты. Әсілі, осындай тәлімі мол тәрбие жұмысы батыр бабамыздың қаламынан шыққан құнды дүниелерін, рухани мұрасын, ерлік жолы мен өмірлік өнегесін жас ұрпақтың бойына сіңіруге зор ықпалын тигізері анық.
Райхан Азимова,
«Талғар».