Баскетболшы Байболов турнирі

Баскетболшы Байболов турнирі

Жуырда Талғар қаласындағы «Алмалы» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің зәулім кешенінде Алматы облысының және Ақсу, Талғар аудандарының «Құрметті азаматы», облыс көлеміндегі аудандарда басшылық қызмет атқарып, бұл күндері зейнет демалысына шыққан спорт және еңбек ардагері Қалимолда Байболовтың 70-жылдығына орай баскетболдан облыстық турнир жалауын көтерді.

Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Жолан Омаров, әйгілі спорт ардагері, «КСРО-ға еңбегі сіңген жаттықтырушы» Шора Юмашев, еңбек ардагері, Алматы облысының «Құрметті азаматы», әйгілі хирург Мұхтар Әлімұлы және белгілі теледидар жүргізушісі Нұртілеу Иманғалиұлы бастаған алыс-жақыннан келген қонақтар 70 жасқа келген еңбек және қоғам ардагері Қалимолда Байболовқа жақсы-жақсы лебіздерін арнады.
Көне грек жазбаларында: «Өз есіміңді мәрмәр тасқа емес, адамдардың жүрегіне жаз» – деген ұлағатты сөз бар көрінеді.

Талғар ауданына басшылық қызметіне келген Қалимолда Байболов ең алдымен жастар тәрбиесіне үлкен мән берді. Қолы бос кезінде сөмкесін арқалап, спорт кешеніне жүгіретін Қалимолда баскетбол спортына қазақ балаларының өте аз келетінін көріп, қынжылатын. Қазақ балаларының осы спортқа көптеп келуіне ықпал еткен Қалимолда мектептегі дене тәрбиесінің мұғалімдері мен жаттықтырушыларымен ақылдасып, ұзын бойлы, сұңғақ денелі, қимылы шапшаң балаларды өз жаттығуларына шақыратын. Осы іске жан-тәнімен кіріскен Қалимолда Байболов қасына жастары 50-60-70-ке келген ардагер баскетболшыларды жинап, олармен бірге аптасына үш рет жаттығуларды жүргізуге көшті. Ақыры бұл жұмыс та өз жемісін берді. Арада бес-алты жыл өтісімен Қ.Байболов баптаған Талғардың жасөспірімдер, жастар, ересектер командалары Талдықорған, Алматы, Қапшағай, Текелі қалаларында өтетін облыстық турнирлерде жарқырап көріне бастады. Қазақ балалары баскетбол ойнай алмайды деген ескі ұғымның тамырына осылайша балта шапқан дарынды бапкер – Қ.Байболов Талғар жерінде баскетбол ойынының гүлденуіне зор үлес қосты.
Бұл турнирге Алматы, Қапшағай қалалары мен көршілес Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Сарқан, Ақсу аудандарының ең үздік командалары ат терлетіп келген еді. Жарыстың ашылу салтанаты басталар сәтте баскетбол алаңына өзінің шәкірттерімен бірге шыққан Қалимолда Байболов жетпіс жасқа келген жасына қарамай, жас жігіттерше құйындай жүйіткіп, биікке ілінген темір сақинаға баскетбол добын қайта-қайта салумен болды. Қарт баскетболшының шебер ойынына тәнті болған қонақтар мен спорт кешеніне лық толған жас спортшылар риза көңілмен қол соғумен болды. «Білім-адамға барын береді, ал, әрекет оның тұлғасын жарқырата көрсетеді, даңқ әкеледі», – деп батыс ойшылы Томас Карлейль айтпақшы, Талғар өңірінде қазақ ұл-қыздарының баскетбол спортына бет бұруына үлкен үлес қосқан Қалимолда Байболов дайындаған Талғардың ұлдар командасы барлық қарсыластарын таза ұтып, облыс чемпионы атанса, қыздар командасы командалық екінші орынға ие болды. Міне, «Еңбек-етсең емерсің» – деген осы. Ұлтжанды азамат, спорт және еңбек ардагері, баскетболдан «Еңбек резервтері» республикалық қоғамының үздік баскетболшысы атанып, «Спорт шебері» деген күміс жетонды өткен ғасырдың жетпісінші жылдары кеудесіне таққан Қалимолда Байболов биыл 70 жасқа толды. Дарынды басшы, ел ағасы Қ.Байболовқа ел-жұрты ұзақ өмір тілейді.

Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ,

Талғар-ақпарат.