Әл-Фараби және Абай үндестігі

Әл-Фараби және Абай  үндестігі

Жуырда Тұздыбастау ауылындағы Мәдениет үйінде «Әл Фараби және Абай үндестігі – Ұлы даланың тұтастығы» атты ауқымды іс-шара болып өтті. Биыл ұлы данышпан, көп қырлы ғұлама ғалым, сан салалы ғылымның бәріне де еңбектер жазған, «Екінші ұстаз» атанып, әлемдік дәрежеге көтерілген Әбу Насыр-Әл Фарабидың 1150 жылдығы мен даналық «Қара сөздері» мен мәңгі өлмейтін асыл өлеңдерімен қазақ даласының данышпаны атанған Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы мемлекеттік деңгейде ғана емес, әлемдік деңгейде тойланбақшы.

Әл-Фараби мен Абай Құнанбайұлының арасын жақындастыру, оларды үндестіру, біздің халқымыздың мың жылдық рухани, мәдени-рухани дүниесін тірілту деген сөз. Қазақ топырағынан шығып, ұлы-ұлы даналық трактаттар жазып, әлем өркениетіне зор үлес қосқан Әл-Фараби мен «Кемді күн қызық дәурен тату өткіз, Жетпесе біріңдікін бірің жеткіз» – деп достық пен адамгершілікті, адами қасиеттер мен ар-ұждан тазалығын жырлап өткен ұлы Абай мұрасы қазақ халқы үшін таусылмас қазына. Қазақ халқы осы алып екі ұлымен қашан да мақтанады.
Салтанатты кеште сөз алған тіл зерттеушісі, ғалым Ислам Жеменей көне грек ғұламалары Платон, Сократ, Аристотель ілімін жалғастырушы, логикалық ойлау мен ой қорытындысы туралы ғажайып трактаттар жазған Әл-Фараби және туралық пен тазалық, адам жанының қатпар-қатпар сырларын өлең жолдарымен жеткізген Абай Құнанбайұлының тереңдігін зал толы халыққа қарапайым тілмен әңгімелеп берсе, Шығыстанушы-ғалым Төрәлі Қыдыр қазақ топырағынан шығып, сол кезде ілім-ғылымның орталығына айналған Дамаск (Шам), Мысыр, Бағдат қалаларына барып, «Қайырымды қаланың тұрғындары» атты трактаттар жазған Әл-Фараби бабамыздың жан-жақты білімдарлығы мен Шығыс ақындары Физули, Хафиз, Сайхали сияқты ақындардың өлеңдерін терең зерттеген, соларды өзіне ұстаз тұтқан Абайдың даналыққа тұнып тұрған ғажайып өлең жолдарын салыстыра отырып ой толғады. Филология ғылымының докторы, ғалым-зерттеуші, Абайтану ғылымының білгірі Ғарифолла Әнес Абай Құнанбайұлының өзі туып-өскен ортасындағы Дулат жырау, Біржан сал, Әсет, Байкөкше, Қуандық, Кемпірбай, шертпе күйдің шебері Тәттімбет күйлерімен сусындап өскен, Абай өлеңдерінің құдіреттілігі сол ел ішіндегі өнер саңлақтарының ән-жырынан қанып ішкендігі, Абайдың ән туындыларының ерекше сыры – олардың поэтикалық сөзбен тікелей байланыста болуында екенін көркем тілмен жеткізе білді. Қытайдың ұлы данышпаны Конфуций: «Егер қандай да бір елдің билік ісі сәтті екендігін және көңіл-күйі дұрыстығын білгің келсе, оның музыкасын тыңда» – депті. Осы іс-шарада Абайдың: «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Сен мені не етерсің», «Көзімнің қарасы», «Өзгеге көңілім тоярсың» атты нәзік сезімталдықпен айтылып, кестелі музыкалық, эмоциялық әсермен орындалатын әндерін кезек-кезек шырқаған аудандық «Алатау аясында» ән-би ансамблінің өнер тарландары зал толы көрермендерді ән-дария теңізіне шомылдырып, сезім толқындарымен тербетті. Несін айтасың, бұл бір жас ұрпақтың есінде қалатындай әсем, әсерлі кеш болды.

Тұрсынбек ҚОЖАХМЕТҰЛЫ,
«Талғар».