Тіл атасына тағзым еткен рухани кеш
Күні кеше тарихтың тұщымды іздері қалған Талғар жерінде бір ғана қазақтың емес, бүкіл түркі халқының әліпбиінің өзегінде тұрған Ахмет Байтұрсынұлының бейнесі тағы бір мәрте биіктеді. Оған мұрындық болған А.Байтұрсынұлы атындағы №7 мектеп-лицей ұжымы. Иә, сіз қате оқыған жоқсыз, оқырман. Бұл білім ошағы биылғы оқу жылында өз маңдайшасына тіл білімінің атасы, рухани көсем Ахмет Байтұрсынұлының атын жаза бастаған-ды. Ауданымыздағы іргелі мектептердің бірінен саналатын мекеменің абырой-беделін Ахаңның есімі одан әрі асқақтатып, онсыз да білім сапасымен бәйгені бермей келе жатқан білімпаздары енді тіптен бәстерін арттыруға арындай кіріскен.
Өйткені білім ошағының басында қағаз жүзіндегі кейбір көзбояушылықтан ада, кейінгі өсіп келе жатқан тал шыбықтарға беретін тағылымы толайым, Кеңес дәуірінің салқыны тиіп, орыс тілінде білім алса да қазақ тілінде сөйлеуге арланбайтын білікті басшы Такура Айдарбекқызы тұр.
«Алаш» дейтін бағы мен соры бірге бітіскен біздің елге осындай басшылар жетіспей жатыр-ау деп ойлайсың кей кезде. Әйтпесе, А.Байтұрсынұлының: «Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек», деген қанатты сөзін қаперге ұстап, тілін, ділін құрметтейтін жастардың рухани білімі нығырлана түсер еді. Бір кездегі қараңғылық салдарынан қалғыған сана бір сілкінер еді… Жарайды, өзекті мәселені көзі ашық оқырманға онсыз да жазудай-ақ жазып, айтудай-ақ айтып жүрміз. Бүгінгі айтпағымыз, баба рухына тағзым еткен рухани кеш жайы болмақ.
Табалдырығын аттағанынан-ақ тазалықтың, ұқып-тылықтың көрінісі қарсы алатын мектептің балалары да ізетті. Амандасып, жол нұсқап, жылы шыраймен қарсы алды. Кеш өтетін кең зал да шараға лайық безендіріліп, Байтұрсынұлының қанатты сөздерімен қанаттана түскендей. 8-11 сынып оқушылары мен ұстаздар қатысқан кешке келген қонақтар да өзгеше. Алматыда орналасқан А.Байтұрсынұлы мұражай-үйінің жетекшісі Райхан Имаханбеттің шәкірттері, штаттан тыс ғылыми қызметкерлер Балжан Кәдірбек, Жанар Әмірбекова, Аяжан Чакиртова. «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген тақырыппен өрбіген кештің мақсаты айқындалғаннан кейін жүргізуші бұл кездесудің мектепке қоғам қайраткерінің есімінің берілуіне орай ұйымдастырылып жатқан мектепішілік онкүндіктің аясында өтіп жатқанын еске салды. Ахаңның бейнесі әспеттелген, өмірі мен еңбектері топтастырылған кішігірім бейнероликпен басталған кештің мағыналығын түркітанушы аталары жайлы 10 деректі тізіп шыққан 2 «б», «в» сынып оқушылары арттыра түсті. Сөз қонақтарға берілгенде бұрынғы деректермен бірге тың ақпараттармен бөліскен мұражай қызметкерлері алдымен мектеп ұжымына алғыстарын білдірді. Алаштың арлы ұлы аялаған рухшыл сезім бөлек өрнекпен шұғыла шашып жатқанына риза екендіктерін айта келіп, мұражай-үйі бойынша атқарылған істерге, алдағы жоспарларға тоқталды. 1993 жылдан бері жұмыс атқарып келе жатқан рухани үйдің бүгінгі таңдағы тыныс-тіршілігі де сөз болды. Одан бөлек қоғам ішіндегі өзекті мәселелерді ортаға салып, ұлт көсемінің есімі берілген білім ордасынан ұлттық рух пен жаңғырудың белгілерін көргілері келетін жеткізді. Қонақтар сөзбен ғана әсірелеп қоймай, ақын аталары туралы бірнеше сұрақ қойып, дұрыс жауап берген оқушыларға Р.Сахыбекқызының «Ахмет Байтұрсынұлы музей үйі» кітабын сыйға тартты. Сонымен бірге, мектеп директорына мұражай-үйі басшылығының атынан «Алғыс хат» табыс етті.
Шара желісі оқушылардың ән мен жырына ұласты. 2«ә» сынып оқушылары А.Мухамадиев пен А.Асылханның орындауындағы «Туған жер», 2 «б» сынып оқушысы Е.Бақберген шырқаған «Ұстазым», Қ.Хыдырдың орындауындағы «Қанекей, тілім, сөйлеші» әндері көптің көңілінен шықты. Ақын аталарының «Оқуға шақыру», «Жұртым», «Көк есектерге» сынды кесекті өлеңдерін жаттап айтқан Қ.Назар, А.Арыстанғалиқызы, А.Буленоваға қошемет ерек болды.
Қорытынды сөз алған мектеп директоры Т.Агильская алаш ұстазы жайлы айтары мол екенін байқатып, Ахмет тағылымы – таусылмас қазына десек, сол қайнарды қазақтың өзіне қайтару осындай игі шарамен жүзеге асатынын еске салды. Келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, сый-сияпат көрсетіп, мұндай тағлымды кештің жалғасын таба беретіндігін жеткізді. А.Байтұрсынұлының қаламынан туған мол мұраны бүгінгі ұрпақтың бағамдайтынына, одан тәлім түйетініне сеніп тарқастық.
Меруерт Дүйсенғалиева,
«Талғар».
1 Пікір
Raihkan 22.11.2019 at 18:41
БАЙТҰРСЫНҰЛЫ!