Еліміздің тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Парламент Палаталарының бірлескен отырысында ұсынған 5 әлеуметтік бастамасын жүзеге асыруда аймақтарға артылатын міндет жүгі салмақты. Әсіресе халықты баспанамен қамтамасыз ету, жалақысы төмен жұмысшы, қызметкерлерге салықтық жеңілдіктер жасау, жастардың білім алуы және жатақханамен қамтылуына байланысты орындалатын міндеттер мен ынталы адамдардың кәсіпкерлікпен айналысуына қолдау көрсету барлық деңгейдегі әкімдерінің негізгі жұмыс бағытына айналды.
Жуырда ауданымызға ат басын бұрған ҚР Президентінің «Бес әлеуметтік бастамасының» іске асырылуын бақылау жөніндегі Алматы облыстық қоғамдық кеңесі мүшесі, Жамбыл аудандық орталық ауруханасының директоры, «Nur Otan» партиясы сайлауалды бағдарламасының «Денсаулық» бағыты бойынша партиялық куратор комиссиясының төрайымы – Доғдыргүл Молдахалықова ауданымызда аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар легімен танысты. Доғдыргүл Өмірқұлқызын аудандық «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетова бастап жүріп, ең алдымен үндеуде көрсетілген бағыттарды ауданымызда іске асыру жоспарымен таныстырып, осы салаларға жауапты бөлім басшылары мен мамандары дайындаған анықтамаларға назар аударды. Содан кейін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Талғар қаласында салынып жатқан құрылыс нысандарын аралады. Қаламызда 2018 жылдың желтоқсан айында «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 60 пәтерлі тұрғын үй салынып, «Тұрғын үй Жинақ Банкі» АҚ тарапынан мұқтаж азаматтарға берілген болатын. Ал биылғы жылдан бастап Талғар қаласында жалпы аумағы – 19,5 мың шаршы метр болатын 340 пәтерлі 6 тұрғын үй салынып жатыр. Жұмыс тобы осы құрылыс алаңында болып, құрылыс жұмыстарының сапасын қадағалап, белгіленген мерзімде аяқталуын назарға алды. Одан кейін игі бастамада көрсетілген «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» бағытын жүзеге асыру мақсатында жүріп жатқан жұмыстармен танысты. Ауданымызда 46 елді мекен мен аудан орталығы Талғар қаласы бар. Бүгінгі таңда солардың ішінде 25 елді мекен мен Талғар қаласы көгілдір отынға қосылған. Аудан бойынша газ жүйелеріне «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның филиалы мен «ЖетісуГазҚұбыры» ЖШС-і қызмет көрсетеді. Талғар қаласындағы 106 көппәтерлі тұрғын үйлерді газбен жылыту жүйесіне қосу үшін 15 дана блокты модульды қазандық орнатылып, 6,5 шақырым жылу жүйесі және 3,9 шақырым газ жүйесі жүргізілген. Бұл нысандардың да жұмысын көріп шықты. Елбасының «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» бастамасы негізінде колледж жатақханаларының материалдық – техникалық базасын қамтамасыз етілуінің деңгейімен танысу үшін қаламыздағы 80 жылдан астам тарихы бар, еліміздің медицина саласына қажетті мамандар даярлап келе жатқан іргелі оқу орындарының бірі – «Талғар медициналық колледжінің» жатақханасына бас сұғып, студенттердің тұрмыс-тіршілігімен танысты. Ауданы-мыздағы жастарға білім беретін колледж-дердің студенттері жатақханаға сыймай, пәтер жалдауға мәжбүр екендігі айтылып, Елбасы ұсынған бастама осы кемшіліктерді жоюға мүмкіндік беретіні тілге тиек етілді. Бес әлеуметтік бастама ойдағыдай жүзеге асатын болса, көптеген әлеуметтік мәселелер шешімін тауып, ел игілігін еселейтіні анық.
Перизат НҰРҚАЕВА,
«Талғар».