Ел ішіндегі әлеуметтік мәселелерді, халықтың мұң-мұқтажын тікелей билік өкілдеріне жеткізуші механизмнің рөлін атқарып келе жатқан Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы аудан әкімдігінің кіші залында өтті. Кеңес төрағасы Қалимолда Байболов әдеттегідей кеңес жұмысын ашық деп жариялап, алдын ала бекітілген күн тәртібімен таныстырды. Айтпақшы, жұмысқа кіріспес бұрын төраға кешігіп келгендерді сынға алды.
Бұл немқұрайдылықтың бұдан кейін қайталанбауын, қайталанған жағдайда тәртіптері қаралатынын ескертіп, қатысушыларды жауапкершілікке шақырды. Осылай «жоғары нотада» басталған кеңес отырысы қоғамдық кеңес мүшелерінің, ауылдық округ әкімдерінің, бөлім басшылары мен мәслихат депутаттарының қатысуымен талқыға түсер тақырыптарға ұласты.
Алдымен сөз аудан әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбек-ұлының баяндамасына берілді. «Талғар ауданының жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласында есептік мерзімде атқарылған жұмыстары туралы» есептік баяндамасын жасаған әкім орынбасары басты акцентті мемлекеттік қызмет көрсету сапасының орындалуына бағыттады. Аудан бойынша 23 мемлекеттік, 51 аудан әкімдігіне ведомствовалық бағынышты мекемелер көрсететін мемлекеттік қызметтің ашықтығын алға тартқан баяндамашы осы жылдың 9 айы ішінде 140056 мемлекеттік қызмет көрсетілгендігін атап өтті. Оның 14 пайызы қағаз түрінде жүзеге асырылса, 71 пайызы электронды түрде, 15 пайызы мемлекеттік корпорация арқылы атқарылған. Өзіне-өзі қызмет көрсетуге бағытталған 228 бұрыштың 198-і жемісті жұмыс атқаруда. Қамтылу деңгейін қажетті мөлшерге жеткізу үшін қараша айына дейін 10 қазпошта филиалдарында және 20 дәрігерлік амбулатория мен фельдшерлік пунктердің ғимараттарында осындай нүктелерді ашу қарастырылуда. Сондай ақ Telegram мессенджерінде «EgovKzBot» көмегімен қызметтерді алу және «Электронды веб-порталы», «Digital agent» мобильды қосымшасы кеңінен насихатталуда. «E-gov» порталын насихаттауға арналған буклеттер мен брошюралар таратылып, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес Акционерлік қоғамының қызметкерлері де белсенділік танытып, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар Дәрменияр Алғатбекұлы «кедергісіз орта» қалыптастыру үшін атқарылып жатқан жұмыстар барысын атай кетті. Мүмкіндігі шектеу жандар мен зағиптарға деген әкімшілік тарапынан жасалынып жатқан көмектердің көптігіне қарамастан әлі де «әттеген-айлар» бар секілді. Мәселен, баяндамашының сөзінен соң сұрақ қойған «Шапағат» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Қаныш Темірбеков мүгедек жандардың қоғаммен араласуы жыл өткен сайын қиындай түскенін, оларды жұмыспен қамту шараларының кешеуілдей беретінін алға тартты. Сонымен қатар қоғамдық орындардағы пандустардың орналасуына көңілі көншімейтінін, қажетті талаптардың толықтай сақталмағандығын айтып, жауап сұрады.
Барлығы аудан бойынша – 74 мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелердің 64-нің ғимараттарында 52 – пандус, 64 – шақыру түймелері, 9 – шрифт Брайля тақтайшалары, 17 – мүгедектерге арналған автотұрақтар бар екенін айтқан әкім орынбасары мектептер мен балабақшаларда, ауылдық округке қарайтын қоғамдық қызмет көрсету орындарында пандустарды орналастыру үшін тиісті сала басшыларына тапсырма берілгендігін түсіндірді. Мектеп аумағы мен округ ішіндегі қараусыз жатқан стадиондардың жайын кө-терген төралқа мүшесі Нұрсұлтан Сәрсеков бұқаралық спортты дамытуға бұл мәселенің кедергі келтіріп жатқандығын жеткізді. «Бұл стадиондар аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің балансында емес. Мектеп территориясындағы стадиондарға мектеп басшылығы жауапты. Ал округ ішіндегілерді округ әкімшілігі қарамағына алады. Алдағы уақытта тапсырмаларды қатайтып, көтерілген мәселені қолға аламыз», – деп жауап берген әкім орынбасары қаңғыбас иттер жайлы сұрақ қойған М.Бекбосыновтың сауалына да жауап берді. Биыл қаңғыбас иттерді аулауға бөлінген қаржыға атқарылған жұмыстың оң нәтиже бермегендігін ескертті. Бұл сауалға жауап берген аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Рашид Смаилов әр ауылдық әкімшілік ғимаратында диспетчерлер жұмыс істеп жатқандығын, бөлінген қаржыға сәйкес жұмыс нәтижесін ұсынатындығын айта кетті. Сонымен қатар «Тәуіп» базарының қасындағы көшенің жаяу адам жүруге қолайсыз екендігін алға тартқан М.Сиқымбаеваның сауалына да бұл мәселенің ісі сотта қаралып жатқандығы айтылды.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша аудандық мәслихат аппаратының басшысы Мира Андасова мінберге шығып, күші жойылған шешімдерді тізбелеп берді. Үшінші мәселе бойынша баяндама жасаған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Айбек Ақылжанов көктемгі-күзгі санитарлық тазарту жұмыстары туралы есеп берді. Аудан бойынша жалпы санитарлық тазарту жұмыстарына 12 118 адам және 780 мемлекеттік мекеме, шағын және орта бизнес субъектілері қатысып, 73,2 шақырым арық жүйесі, 128 көше және 27 869 аула тазартылған. 348 тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылып, 24 аппаттық күл-қоқыс орындары жойылған. 2018 жылы қоқыс салатын жәшіктер сатып алуға бюджеттен 16 млн. теңге қаражат бөлініп, сатып алынған 600 дана жәшіктің 537-сі Талғар қаласы мен ауылдық елді мекендердің аумақтарына орнатылыпты. Ауылдық округтер бойынша қатты тұрмыстық қалдықты жинауға, шығаруға арналған тариф 1 ауладан – 1000 теңгені құраса, Талғар қаласы бойынша тариф 1 адамға – 353 теңгені құрап отыр. Осы тұста кеңес төрағасы тарапынан сауал туындап, болашақта ҰОС ардагерлері және көпбалалы отбасыларына және мүмкіндігі шектеулі жандарға жеңілдіктер қарастыру жағы қалай жүріп жатқандығын сұрады. Бұл мәселе жөнінде тиісті мекемелермен келіссөздер жүргізіліп жатқанын жеткізген баяндамашы қоғамдық кеңес тарапынан қолдау қажеттігін де атай кетті.
Күн тәртібіндегі мәселелер толығымен қаралып, сарапқа салынған сарабдал жиынның қорытындысы да оң болды. Жиынды аяқтаған Қалимолда Байболов көтерілген мәселелерді көзқарас қайшылығымен немесе кикілжіңмен емес, мәміле арқылы шешу қажет екендігін ескертті.
Меруерт Дүйсенғалиева,
«Талғар».