Халық – таразы, уақыт –төреші

Халық – таразы, уақыт –төреші

Аманат жүгін арқалаған халық қалаулыларын атқарушы билік пен ел арасын байланыстырып тұратын алтын көпір деп те айтады. Бүгінде аудандық мәслихатқа сайланған 19 депутат белгіленген кестеге сай елді мекендерді аралап, сайлаушылар алдында есеп бере отырып, тұрғындардың көкейінде жүрген сауалдар мен талап-тілектеріне құлақ асып, түйіні түйдектелген мәселелерді әкім-қарарлармен бірлесе шешудің жолдарын қарастыруда.

Осы аптада аудандық мәслихат хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы мен «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының бірінші орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетова, мәслихат депутаты Әбдіғани Бәзілхан ел ішінде болып, Қайнар, Нұра ауылдық округтерінің халқымен кездесу өткізді.

Қайнар ауылдық округінің орталығы Еркін ауылындағы №26 орта мектептің акті залында өткен алғашқы кездесу жиынына тұрғындар көптеп жиналды. Аталған ауыл округінде 11 елді мекен бар, онда 17900 адам тұрады. Жиынды ашып әрі қарай да жүргізіп отырған мәслихат хатшысы жиналғандарды күн тәртібімен таныстырып, жұмыс регламентін бекітті. Бұл жолғы кездесудің форматы да былтырғыдан өзгеше болды. Әдеттегідей, бөлім, мекеме басшылары аталмыш жиындарға шақырылмады. Мұның себебі, ауылдың тыныс-тіршілігін, халықтың мұң-мұқтажын ауыл әкімінен артық білетін ешкім жоқ. Олай болса, қордаланған мәселелерді шешуге де, сол өлкенің өсіп-өркендеуіне де ең алдымен ауыл әкімі мүдделі болуы керектігі айтылды. Әкім, сол халықтың жанашыры, тірегі десек, тұрғындарды жиі толғандыратын ауызсу, жолдарды ретке келтіру, көше жарығы, табиғи газ тарту, жайылым мәселелері, білім, денсаулық, құқық қорғау, спорт, мәдениет және басқа да салаларға қатысты түйінді проблемаларды шешу ең алдымен сол округтің тізгінін ұстап отырған әкімнің жауапкершілігі мен іскерлігіне, білім-біліктілігіне байланысты болмақ. Туындаған мәселелерді өз құзыреті аясында зерделеп, тиісті органдар мен сала мамандарының алдына табандылықпен қоя білуі жұмысты ілгерілететіні анық. Дана халқымыз: «ауылына қарап, азаматын таны» деген сөзді тегін айтпаған. Әкімі мықты ауылдың жағдайы жақсы, халқының тұрмысы да көңіл көншітерлік. Бұл орайда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде: «Әкімнің қандай адам екенін білгің келсе, оған халықтың қалай қарайтынын біл. Оны халық қалай бағаласа, оның кім екені анықталады. Көпшіліктің берген бағасы Алланың ізгілігімен тең» деген екен. Өкінішке орай, көп жағдайда «сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар» дегеннің кері келіп, қордаланған мәселені шешудің орнына лауазым иелері бір-біріне сілтеп, қарапайым халық сергелдеңге түсетіні де өтірік емес. Міне, осындай олқылықтарға жол бермеу үшін ауыл әкімінің жауапкершілігі мен рөлін көтерудің маңызы зор. Қалай десек те, әкімінің беделі атқарған ісіне қарай айқындалады. Сала басшыларына да қойылар талап жоғары. Сайып келгенде, атқарушы билік пен өкілді орган мүшелері және халыққа қызмет көрсететін барлық сала басшылары бірлесе ел игілігі жолында атқаратын ауқымды жұмыстарды нәтижеге бағыттауы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға жол ашады. Аудан әкімі қызметіне жаңадан тағайындалған аудан басшысы Жолан Омаровтың да талабы — осы!

ТЫНДЫРЫМДЫ ТІРЛІК ТЕ БАР, АТҚАРЫЛАР ШАРУА ДА КӨП

Кездесу жиында алғашқы болып есепті баяндаманы Ж.Еңкебаев жасады.
– Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұ-жырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет екеніне тоқталып, билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болатынын айтты» деп, сөзін бастаған мәслихат хатшысы атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқтала келе, былтырғы жылы дәл осындай кездесу барысында көтерілген мәселелерге қатысты жүзеге асырылған іс-шаралар жайын да жүйелей жеткізді. Алдағы уақытта Жалғамыс және Жаңалық ауылдарында 600 орындық екі мектеп бой көтеретіні айтылғанда жиналғандар қуаныштарын жасыра алмады. Төртінші деңгейлі бюджетке кіретін салық түрлерін тізбелей келе, жергілікті қоғамдастық отырысында ауылдың бюджет шығыстары жоспарланатынын, сол арқылы мәслихат сессиясында бекітілетіні түсіндірілді. Бұл дегеніміз, ауыл халқы өзін-өзі басқару, қоғамдық институттарды қалыптастыруға белсене араласады дегенді білдіреді. Келесі болып мінберге сайланғанына бір айдан аса ғана уақыт болған ауыл әкімі Нұрболат Манапбаев көтерілді. Ол ауылдың тыныс-тіршілігі жайында тұщымды баяндама жасап, әр салаға жіті тоқталды. Қос баяндама тыңдалып болған соң, талап-тілектерін жеткізу үшін сөз тізгіні ауыл тұрғындарына берілді. Көктал ауылындағы Әлмерек көшесінде тұратын Гүльмира Қарашоқова, Г.Қожановалар өздері тұратын көшелердің «мүшкіл» халін айтып, асфальттап берулерін сұрады. Сонымен қатар, қаңғыбас иттердің қаптап кеткенін, екі мың тұрғыны бар Көктал ауылында қарпайым ФАП-тің жоқтығын да алға тартты. Аталмыш ауылдың тұрғыны Серік Айнақұлов бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Айта кету керек, бұл азаматтың жіпке тізгендей атап шыққан проблемалары былтырғы жылғы кездесуде де көрініс тапқан еді. Ауылда балабақша, денсаулық сақтау мекемесі, жайылым, қатынайтын қоғамдық көліктің жоқтығы, бірде-бір көшенің асфальтталмағаны, Қарасуға құйылып жатқан өндіріс қалдығының салдарынан қолқаны қапқан жағымсыз иіс ауаға тарап, зиян тигізіп отырғанын ашына айтты. Қоршаған ортаны ластап, адамдарға зор нұқсан келтіріп отырған кәсіпкерлік нысанына тосқауыл қоятын құзырлы органдардың бейқамдығына, арыз-шағымдарының ескерусіз қалғанына қалың жұрт наразы. Жаңалық ауылының тұрғыны Г.Сеитова тұрғындардың өз күшімен іске қосқан электр трансформаторларын АЖК-ның сенімгерлік басқаруына өткізіп беруді өтінді. Айта кету керек, АЖК-ның талабы бойынша ТП-электр қуатын алатын үйлердің барлығының техникалық құжаттары рәсімделуі керек. Олай болмаған жағдайда техникалық шарт та, дербес шот та берілмейді. Бүгінгі күнге дейін 1300 отбасының 383-і құжаттарын дайындамаған. Бұл бағытта түсіндіру жұмыстарымен қатар жағдайы мүшкіл отбасыларына көмек қолын созу керектігі де сөз болды. Жаңалық ауылында 4778 адам тұрады. Тұрғындардың айтуынша дәрігерлік амбулатория ауадай қажет. Ауыл әкімінің бұл сауалға берген жауабына жүгінсек, қажетті жер телімі бар, бүгінгі таңда ЖСҚ әзірленіп, өткізілген. Олай болса, денсаулық нысанының құрылысы басталатын күн де алыс емес. «Өзекті жанға бір өлім» деп тегіннен-тегін айтылмаған. Дәм-тұзы таусылған жанның жер бесікке түсетіні кімге болса да аян. Сондықтан да, Еркін ауылы мешітінің имамы А.Ынтықбаевтың көтерген мәселесі өзекті болып отыр. Бүгінде ауылдағы бейітке арналған жерде марқұмдарды жерлейтін орын мүлдем қалмағанын айтып дабыл қаққан имам бос жер қарастыруды сұрады. Бұл мәселе былтыр да айтылған болатын. Еркін ауылының тұрғыны Базаргүл Тленшиева ауыл әкімдігіне, сонымен қатар демеушілік жасаған қолы ашық азаматтарға алғысын білдірді. Шатырынан су сорғалап, жертөлесі құлауға айналған ананың қиын жағдайын көрген ауыл әкімі қолы ашық жандарды жұмылдырып үй тұрғызып, шатырын жауып берген. Есепті жиын барысында ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген барлық сауалдарға, талап-тілектерге қатысты бірден жауаптар беріліп отырды. Шешімін күткен көптеген мәселелерді халық қалаулылары қойын дәптерлеріне түртіп, өз құзыреті аясында қолдан келген жұмыстарды жүзеге асыратындықтарына сендірді. Жиын соңында ауыл ақсақалдар кеңесінің төрағасы Тұрсынғали Саудабаев өз ойын ортаға салып,18 мыңға жуық тұрғыны бар іргелі округті екі округке бөлу туралы ұсынысын білдірді. Алдағы уақытта да жұмысты жандандырып, қордаланған мәселелерді бірлесе шешуге шақырды. Жиыннан кейін ауыл тұрғындарының өтінішін ескерген депутаттар Көктал ауылын аралап, айтылған проблемаларды көзбен көріп, көңілге түйіп қайтты.

Осы күні түстен кейін депутаттар бастаған шағын топ Еламан ауылындағы №41 орта мектебіне атбасын тіреді. Білім ошағының кең акті залына жиналған халықтың алдында әдеттегідей мәслихат хатшысы Ж.Еңкебайұлы есепті баяндама жасады. Келесі кезекте жиналғандар ауыл әкімінің ауылдың әлеуметтік, экономикалық даму деңгейін қамтыған тұщымды баяндамасына құлақ түрді.

Нұржан Нүсіпжанов ақсақал Еламан ауы-лы ғаламтор желісіне қосылмағанын, ауызсу мәселесі толыққанды шешілмей отырғанын айтты. Аудандық телекоммуникация мекемесінің жоспарына сай аталмыш ауылға ғаламтор желісі 2020 жылы қосылмақ. Бұл ауылда да электр подстанцияларын АЖК-ның құзырына өткізу проблемасы орын алып отыр. Әрине бұл мәселенің тезірек шешілуі ең алдымен тұрғындардың өздеріне байланысты. Үйлерінің техникалық құжаттарын тездетіп өткізулері керек. Бүгінде 500 үйдің техникалық құжаты дайын, әлі де 300 үйдің құжаты заңдастырылмаған. Төрт ауылға бір ауылдық аурухана салынса деген көптің тілегі де көп ұзамай жүзеге асуы әбден мүмкін. Олай дейтініміз, 30 соток жер бөлінген, ендігі уақытта ЖСҚ әзірлеу, мемлекеттік сараптамадан өткізу жоспарда бар. Еламан ауылының тұрғыны, ақ жаулықты қарт ана Тлеулес Жұмаділова өзі тұратын үйдің жанындағы көше бойында биіктігі 20 метрден асатын ескі ағаштарды кестіре алмай қиналып жүргенін айтты. Тамыры әлсіреген ағаштар жел соқса үйдің үстіне құлап кетуінен қауіптенетін қарт ана, өтініп көмек сұрады. Ауыл әкімі жақын уақытта бұл мәселені шешетінін жеткізді. Жаңбырлы күндері лай-батпаққа айналатын көшелерге тас төгу, орталық көшеге жол қауіпсіздігі белгілерін орнату, қаңғыбас иттерді аулау, көгілдір отын тарту, аудан орталығына қатынайтын автобус жүргізу сынды өзекті мәселелер де кеңінен көтерілді.

Жиынды Ж.Еңкебайұлы қорытындылап ел-жұрттың талап-тілегі ескерусіз қалмай-тынына сендірді.

Шалғайдағы ауыл жұртының да айтары бар…

Келесі күні есепті жиын ауданымыздың ең шалғай елді мекені Нұра ауылында өтті. Ауылдағы Мәдениет үйінің кіші жиын жайына ауыл тұрғындары ертеден-ақ жиналып, халық қалаулыларын, аудандық «Nur Otan» партиясы өкілдерін тағатсыздана күтіп отыр екен. Діттеген уақытта кездесу жиыны да басталып, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша алдымен аудандық мәслихат хатшысы Жұмахан Еңкебайұлының тұщымды баяндамасы тыңдалды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, баяндамада аудандық мәслихаттың жұмысы, халықтың бұған дейінгі талап-тілектері аясында атқарылған шаруалар жайы жан-жақты қамтылды. Осыдан соң, мінберге ауыл әкімі Сейітқұл Домбаев шығып, өзі басқарып отырған округтің тыныс-тіршілігіне кеңінен тоқталды. Ол әр сала бойынша атқарылған жұмыстарды егжей-тегжейлі айтып, жоспарға сай алдағы уақытта қолға алынуға тиісті шаруаларды да жіктеп жеткізді. Десек те, жиналғандар тарапынан сын-ескертпелер де көп айтылды. Мәселен, Нұра ауылындағы Дулат ықшам ауданының тұрғыны ( аталмыш ауданда елу үй бар) Гүлбаршын Кеңесбаева таза ауызсуға зәру екендіктерін, әлі күнге дейін суды тасып ішіп отырғандығын айтып шағымданды. Ауылдың ішкі жолдарын асфальттау, жарық мәселесі, аялдаманың жоқтығын да алға тартты. Ауызсуға қатысты ауыл әкімінің жауабына сүйенер болсақ, 1млрд. 950 млн. теңге қаржы бөлініп, топтама ауызсу желісі тартылып жатыр екен. Жоспарға сай келесі жылы қараша айында жұмыс аяқталып, ауызсу мәселесі шешімін табады. Оған дейін, мүмкіндігінше ауызсуды тасымалдап беруді ұйымдастыруға тырысатынын тілге тиек етті. Шәміл Жарылқасымов деген ауыл ақсақалы ауыл бюджетінің кірісі мен шығысын тарқатып беруді сұрады, сонымен қатар көше бойы жарықтың жоқтығын да сынға алды. Етекбай Шәкібаев, Меруерт Жиебаева деген тұрғындар да ауызсу мәселесін баса айтты. Ал Болат Нұрғожаев Жетіген ауылы мен Туғанбай ауылының арасын байланыстырып тұрған жолдың шұрық-тесігін жамаса, тозығы жеткен жедел жәрдем автокөлігінің орнына жаңа көлік берілсе деген тілегін жеткізді. Кәсіпкер келіншек Раян Мейрамбаева Өстемір ауылындағы ауызсу жүйесінің үлкен кемшіліктермен жасалынып жатқанын сынға алып, дереу тексеру шараларын жүргізуді сұрады. Бүгінде көпқабатты үйдің бір бөлмесін паналап отырған ФАП ешқандай талапқа сай емес екенін де айтып, шағын ғимарат салғыздырып беруді өтінді. Шалғай ауылға еңбек етуге келген жас дәрігер маман Таңшолпан Әбдіғайып «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында тұрғын үй алуға бөлінетін қаражатқа баспана таба алмай отырғанын айтты. Расында да, үш бірдей ауылға бар-жоғы екі-ақ дәрігер екен. Штат бар болғанымен, үй-жай мәселесі шешілмегендіктен келген мамандардың тұрақтап қалуы да мүмкін болмай отыр. Жас маманның ұсынысы бойынша, шалғай ауылдарда жалға беретін, немесе мемлекеттік бағдарламамен сатып алуға болатын үйлер тұрғызылса деген пікірін депутаттар назарға алды. Жиын өтіп отырған Нұра ауылдық Мәдениет үйінің директоры Семейхан Дарипхан аталмыш ғимараттың шатырын жаңартуға, ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінсе деген сауалын жолдады. Осылайша, ұсыныс-пікірлерін, сын-ескертпелерін ашық айтқан ауыл жұрты халық қалаулылары мен «Nur Otan» партиясы өкілдерінен үлкен үміт кү-тіп, арыз-армандарын аманаттады. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» аудандық мәслихат хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы түйіндеп, береке-бірлігі жарасқан Нұра ауылдық округінің тұрғындарына ризашылығын білдірді, жиында көтерілген мәселелерге қатысты сараптама жүргізіліп, бірқатар жұмыстар қолға алынатынын, кейбір сауалдардың шешімі уақыт еншісіне қалдырылатынын жеткізді.

Райхан АЗИМОВА,

Талғар-ақпарат.