Биыл Талдықорғанда Айт намазы «Иман» мешітінің ауласында ғана оқылады

Биыл Талдықорғанда Айт намазы «Иман» мешітінің ауласында ғана оқылады

Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Талдықорған өңірлік өкіл имамы 2019 жылы Құрбан айт мерекесі тамыз айының 11-і күні басталатынын айтты. 

 «Құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымдарды білдіреді. Мұсылман баласы айт күні құрбандық шалу арқылы Аллаға деген ақ ниетін паш етеді. Өйткені, Алла Тағала қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – деп адал ниеттің маңыздылығын атап өткен.

Айт күні жағдайы бар кісілер құрбан шалып, оны қараусыз қалған қариялар мен жетімдерге, көпбалалы отбасыларға таратып, сауап алуға тырысады. Осыған орай Талдықорған өңірлік өкіл имамы Ардақ қажы Нүсіпханұлы отандастарды айт күндері мал бағасын өсірмеуге шақырып, пайдаға емес, сауапқа бөлену маңызды екендігін еске салды.

Енді құрбандыққа шалынатын мал турасында.

Қой, ешкі, сиыр және түйеден құрбандық шалуға болады. Басқа жануарлардан құрбандық шалуға болмайды. Қой-ешкі 1, сиыр 2, түйе 5 жастан асқан болуы керек. 6 айдан асқан қозы ірі болса құрбандыққа шалуға болады. Бір көзі соқыр, ақсақ болып жүре алмайтын, тістерінің жартысы жоқ, құлағының немесе құйрығының басым бөлігі жоқ, бір аяғы шолақ немесе өлейін деп тұрған ауру малды құрбандыққа шалуға болмайды. Бір мүшесі сүйегінің бірінші буынына дейін мысалыға аяғы тізесіне дейін сынған (жұлынған) малдан құрбандық шалуға болмайды.

Бай болсын, кедей болсын құрбан айтта шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату- мұстахап. Бір бөлігі — туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі — кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі — өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Бірақ шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады. Егер құрбандық шалған адам аса дәулетті болмаса және отбасында адам саны көп болса, онда құрбандықтың етін түгелдей өзінің отбасына да қалдыра алады.

Данағұлов Алмас

«Биыл Қазақстан бойынша тұңғыш рет Құрбан айт намазын Талдықорған қаласында бір жерде ғана оқуды жоспарлап отырмыз. Яғни, бір ғана орында, бұл облыстық орталық «Иман» мешітінің ауласында оқылады. Негізі шариғат бойынша Құрбай айт намазы мешіттің сыртында оқылады. Жалпы дұрыстығы бір жерде оқу»,-деді «Нұр» мешітінің бас имамы Алмас Данағұлов.

Сондай-ақ, жылдағы дәстүр бойынша  айтулы мерекеге орай бірнеше мәдени, спорттық шаралар ұйымдастыру көзделген. Мұндағы негізгі мақсат – «Құрбан айт» мерекесінің дәрежесін көтеру. Сонымен қатар, Талдықорған қаласында «Құрбан айт» мерекесінің құрметіне орай қоғамдық көліктер тұрғындарға тегін қызмет көрсететін болады.

Балжан Жұманбекова

Telegram каналымызға жазылыңыз !